Қазыбек Иса. Қытайдағы соңғы қазақ елге келгенше жұмыс тоқтамау керек!
2019 ж. 11 қаңтар
9930
1
Кеше Алматыда Қытайдағы қазақтар мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Алдында Евразия технологиялық университетінде өтеді деген баспасөз мәслихатына университет басшылығының ақысы төленіп қойылғанына қарамай жиын өткізуден бас тартқан соң, баспасөз мәслихаты Рамадан қонақ үйінде өтті.
Іс-шараның мақсаты: Қытайдағы қандастар мəселесі, оларды Қазақстанға көшіру жолдары, студенттерді оқыту, Лагерьлерде қамалған азаматтардың құқығын қорғау, осы мəселелерді Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігіне жəне xалықаралық қауымдастыққа, адам құқықтарын қорғау ұйымдарына, Біріккен ұлттар ұйымына жеткізу арқылы Қандастар мəселесін тиімді шешілуіне ат салысу.
Осыған дейін түрлі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар Сыртқы істер министрлігіне үзбей арыздарын жолдады, тіпті БҰҰ- ның жинылысына да қатысып, халықаралық адам құқықтары аясында қандастар құқығын қорғады. Осы арқылы Қытайдағы қамалған біраз қандастарды қытай үкіметі босатты, алды елімізге оралды. Десе де, әлі Атамекенге келе алмай отырған азаматтар бар, олардың туыстары осы баспасөз мәслихатында өз жағдайларымен бөлісті.
Жиында Марат Тоқашбаев, журналист, жазушы, «Президент жəне Халық» газетінің бас редакторы, Қазыбек Иса, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газетінің президенті, Расул Жұмалы, саясаттанушы, Еркін Рақышов, кинорежиссер, қоғам белсендісі, Қыдырəлі Оразұлы, қоғам белсендісі, «Атажұрт еріктілерін» құрушы, Халықаралық Қытай зерттеу институтының директоры, Ырысбек Тоқтасын, "Ел аманаты" қоғамдық бірлестігінің төрағасы сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Туған-туыстары Қытайда қапаста жатқандар өз адамдарының фотоларын алып келіп, арыздарын тапсырды.
1980 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында туған Орынбек Көксебекұлы (суретте) Қытайдың саяси лагерінде қатты азап көргенін, өзін құдыққа тастап, үстіне мұздай су құйғанда талып қалғанын, кісенмен жүргенін айтты. Ол төрт ай түрмеде, екі ай үйқамақта, жалпы жарты жыл қамауда болғанын, сондықтан Қытай мемлекетінен миллион доллар өтемақы талап етіп жүргенін мәлімдеді. Осындай азаптан құтылғаны үшін Елбасыға, Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтты.
Жиын соңында Қытайдағы қазақтардың жағдайы туралы үндеу қабылданды.
Баспасөз мәслихатына еліміздің баспасөз құралдарымен бірге Германиялық тілшілер де қатысты.
Қазыбек Иса. Қытайдағы соңғы қазақ елге келгенше жұмыс тоқтамау керек!
«Ақ жол» партиясы да, «Қазақ үні» газеті де Қытайдағы қазақтар мәселесімен 2006 жылдан бері жүйелі айналысып келеді. Сол жылы Үрімшіге іссапармен барған сол кздегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевтың ұсынысымен мен Үрімшіге арнайы барып, сондағы Қазақстан елшілігі консулдығындағы қазақтардың елімізге келуге виза алуының қиындығы, ондағы қалыптасқан келеңсіздіктер туралы зерттеп, «Қазақ үні» газетіне мақала жазған болатынмын. Ол мақаладағы мәселе туралы сол кездегі "Ақ жол" партиясы төрағасы Әлихан Бәйменов парламентте депутаттық сауал жолдаған еді. Нәтижесінде Үрімшідегі екі адамдық консулдық тағы төрт адамға ұлғайып, консулы ауысты. Содан бері санағанның өзінде «Қазақ үні» газеті осы уақытқа дейін елу шақты материал жариялады . «Ақ жол» партиясының Саяси бағдарламасында да көші-қон мәселесіне баса назар аударылған. 2017 жылы 11 мамырда Астанада «Ақ жол» партиясында өткен латын әліпбиіне өту туралы жиында «Атажұрт еріктілері» ұйымы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы қатысып, алғаш Қытайдағы қандастардың қамалып жатқанын мәлімдеді. Ол академик Советхан Ғаббасов екеуі осы мәселемен Сыртқы істер министрлігіне барып, мәліметтер бергенін баяндады. Бұл мәселе "Қазақ үні" газет/сайтына жарық көріп, Қытайдағы қапастағы қазақтар туралы мәлімет алғаш баспасөзде жарияланды. Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын «Ақ жол» партиясына «Атажұрт еріктілері» басшылары Қыдырәлі Оразұлы мен Серікжан Біләшүлы және Құл-Керім Елемес пен Бейсен Аxметұлы Қытайда қамауда отырған қазақтардың тізімін тапсырды. 2017 жылы 1 желтоқсанда Бейжіңде өткен Әлем саяси партияларының бірінші форумында "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті Президенті, ақын Қазыбек Иса Бейжіңдегі саяси форумда Қытай басшылығына қапастағы 112 адамның тізімін тапсырды. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы атынан да xат берілді. Сол біз хат тапсырған кездің өзінде олардың ішінен 27 адам сотталып, оның 2-уі өліп кеткен екен.. Хат тапсырылғасын сотталғандардан 4-і шыққан. Ал саяси лагердегі 83 адамның 75-і шыққан, сонда 112 адамнан 79 адам шыққан болып тұр. Оның 17-ісі Қазақстанға оралған. Яғни, тізімдегілердің 75 пайыздайы бостандыққа шыққан, бұл жақсы нәтиже деуге болады. Қоғамдық ұйымдар, қайраткерлер, зиялылар Қытайдағы қандастар мәселесінің қиындап кеткенін көтеріп келеді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бірнеше рет Сыртқы істер министрлігіне депутаттық сауал жіберді. Кейін Сыртқы істер министрлігі Қытай мемлекетіне нота жолдады. Қытайға осы мәселе бойынша арнайы делегация жіберді. Әлемге әйгілі баспасөз құралдары арқылы Қытайдың саяси лагерлері дүние жүзіне әшкере болып, қазір қытайдағы қазақтарды саяси лагер мен түрмелерден босату жқмыстары жалғасуда. Жақында Кувейт мемлекеті парламентінің вице-спикері Усама Шахин Қытайдағы ұйғырлардың және мұсылман халықтарының негізсіз қамауда ұсталып отырғанын айыптады. Дүниежүзілік Қазақ қауымдастығы құрылтайында қазақтардың қиын жағдайын Елбасыға жеткізген Германиядағы Өмірхан Алтын бауырымыз Қытайдың қылмысына Еуропадағы елдің көзін жеткізумен айналысып жүр.ҚЫТАЙДАҒЫ САЯСИ ЛАГЕРЬ «ЖҰМАҚ» ДЕГЕНДЕРДІҢ ӨЗІ ЖАТСЫН СОНДА...
Кеше ғана еліміздегі телеарналардан Қытайдағы саяси лагерьлерді көруге барған 12 елдің дипломаттары мен журналистеріне ол лагерьлерді көзбояушылықпен керемет етіп көрсеткен хабарлар көрсетілді. Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев те: “Қытай [саяси тәрбиелеу орталығындағы] оларға жақсы жағдай жасаған. Демек, Қытай басшылары өз азаматтарының қамын ойлайды деп айтуға болады. Менің ойымша, Қытайдағы орталық үкімет және Шыңжаң өңірінің басшылары өз азаматтарына жаңа мамандық игеруге мүмкіндік жасап жатыр” деп соғып жіберіпті Тозақты «жұмақ» етіп көрсетуге өзіміздің қазақ ағайындардың жандайшаптанып жүруі сүйекке таңба салады. Саяси лагерьлер кеңесшіге керемет болса, өзі барып, бір шерлі қазақтың орнына ауысып жайғассын сонда.... Бұл көзбояушылыққа елдің көзін жеткізіп, әшкерелеу үшін еліміздегі Қытайдағы қазақтар мәселесімен айналысып жүрген және басқа да қоғамдық ұйымдар мен қайраткерлер бірлесіп, мәлімдеме жасау керек. Балшықтан адам жасай алмай жатқанда, сырттағы қазақтарды елімізге көшіріп әкелу кезек күттірмес аса маңызды мәселе! Әсіресе, Қытайдағы қазақтарды тез көшіріп әкелу керек. Әйтпесе, екі миллиондай қазақтан тірідей айрыламыз, олар енді он жылдан кейін шетінен қытай болады. Сол үшін Қытайдағы ең соңғы қазақ шекарадан өтіп, Тәуелсіз қазақ жерін сүйіп құлағанша, жұмыс тоқтамау керек! qazaquni.kz