Жыл басталмай жатып, елімізде азық-түлік қымбаттады
2019 ж. 08 қаңтар
3062
1
Коммуналдық қызмет арзандап, жалақы мен зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар сәл көтерілсе болды, саудагерлердің тауарлар бағасын көтеріп тастайтыны биыл да қайталанды.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Елордалықтар мұндай өзгеріске көз үйренгелі қашан деп реніштерін білдіруде. Мереке күндері сауда қызғанымен қазіргі таңда кәдімгідей саябырсып қалған. Сатушылардың өзі мұны қымбатшылықпен байланыстырып отыр. Ал сарапшылар болса, бағаны бақылайтын ортақ тетіктің жоқтығы осындайға әкелуде дейді.
Базардың тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқанымен, қап-қаптап азық-түлік, көкөніс әкетіп жатқандардың қарасы аз. Себебі, жыл басталмай жатып олардың құны күрт көтеріліп кеткен. Бағаны бақылауда ұстау мәселесі Үкімет отырысында бірнеше рет айтылған болатын. Жаңа жылдың алдында Премьер-министр әкімдерге осыны қадағалау керек деп тапсырған еді. Бірақ, тұрғындар тексеріс келгенде баға бір бөлек, атқамінерлер кеткесін азық-түліктің құны қайтып өзгеріп шыға келетінін айтады.
«Сұмдық қой мынау. Ең болмағанда бағаны сәл түсіру керек қой. Ет ол қымбат, продукты ол қымбат. Біздің алған пенсиямыз немене 70-80 мың. Жете ме? Жетпейді! Квартплата бар төлейтін, тамағымыз бар алатын. Жетпейді. Мен жаңа капуста алдым. 130 теңге дейді келісі, 270 теңге төледім. Сол бір капуста 270 теңге тұра ма?», — дейді қала тұрғыны Жұмагүл Алтынбекова.
Тауарлардың алуан түрі сөрелерде самсап тұрғанымен, алушы аз. Мұны саудагерлер де, клиенттер де растап отыр. Бұлай болуының да себебі бар деседі. Доллар бағамының мың құбылуы шетелден тасымалданатын кей тауарларға әсер етпей қоймапты.
«Зейнетақыны көтердік деп айтқанымен баға да қарап тұрған жоқ. Енді таңдау жасау керек сияқты. Не тамақ ішесің, не емделуге ақша жұмсайсың. Бәріне бірдей жетпейді. Мысалы, бір келі баклажанның бағасы — 1050 теңге. Біреуінің өзі жарты келі болса екі-ақ дана аласың, сонымен болды», — дейді қала тұрғыны Людмила Новаковская.
Рәзия Асылбекованың сауда-саттықпен айналысқанына 10 жылдың жүзі болған. «Мереке күндері көкөніс пен жеміс-жидек дастарханға деп алынғанымен, күнделікті сатылымның қызып тұрғаны шамалы» дейді.
«Бағалар қымбат болса, елдердің алуы аздау болады. Арзан болса елдер алады ғой. Қазір елде ақша бар деу қиын. Жақсы сауда болып жатқан жоқ. Бірқалыпты. Кей күндері тіпті болмай қалатын да кездеріміз болады саудамыздың», — дейді сатушы Рәзия Асылбекова.
Ал, экономист-сарапшы Жангелді Шымшық бұл жерде ұсыныс пен сұраныстың үлес салмағын бағамдау керек деген пікірде. Бұған қоса жауапты органдардың жұмысына да бағаның өсу-төмендеуі тікелей байланысты екенін ескертті. «Егер аталған саланың мамандары жұмысына селқос қараса жағдайдың жақсармайтыны айқын» дейді ол.
«Шетелде сәл-пәл бір жерде баға көтерілсе, бірден ол жөнінде монополиялық комитетке хабарлайды. Одан келіп тексереді. Неге бағаны көтердің деп. Қандай себеп бар? Шын мәнісінде шығын көтерілді ме деген сияқты. Ал бізде үн-түнсіз. Комитет қайда қарады? Неге ол қадағаламайды? Егер осылай жалғаса беретін болса, онда бәсекені қорғайтын біздің ұйымдарымыз қалай болса солай жұмыс істейтін болса, әрине баға көтеріледі», — дейді экономист сарапшы Жангелі Шымшық.
Бағаны тұрақтандыру, негізгі сұраныстағы тауарлардың бағасын шекті нормадан асырмау деген желеумен мінберлерден айтылған талай талаптың орындалмай жатқанын халық көріп, керек десеңіз біліп отыр. Базарда жүріп бір ұққанымыз, бұл үрдістің өзгеретініне тұрғындардың сенімі аз.