АЖАЛ СЕПКЕН АНТЕННАЛАР

Астана қаласының Қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәдуақас Байғабылов көпқабатты үйлер шатырларына ұялы байланыс антеннала­рының орнатылуына қатысты елорда тұрғын­дарының шағымда­рына өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қалалық Қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасы Kcell, ALTEL, Beeline және басқа да ұялы байла­ныс операторларының құрыл­ғыларынан электромаг­ниттік сәулелердің бөлінуіне үнемі мониторинг жүргізіп келеді. Дегенмен қауіп-қатер де жоқ емес... С.Байғабылов атап өткен­дей, ұялы байланыс антенналары санитарлық аумақ сақталмай орнатылған жағдайда, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. «Мұның соңы бас ауруы, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларына және гормоналды өзгерістерге де әкеп соғуы ықтимал. Балабақша, мектеп және интернат ғимараттарына антенналарды орналастыруға рұқсат берілмейді. Ал тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың шатырларына 100 вт-тан астам қуаты бар таратушы антенналарды орналастыруға тыйым салынған. Өткен жылы елорда тұрғындарынан ұялы байланыс компанияларының антенналарының жұмысына қатысты 6 өтініш келіп түсті. Тексеру нәтижесінде ұялы байланыстың 17 антеннасы алынып тасталды», – деді С.Байғабылов. 2018 жылы ұялы байланыстың таратушы құрылғыларынан бөлінген электромагниттік сәулелерге 1557 өлшем жүргізілген. Электромагниттік сәуле рұқсат етілген деңгейден асырылса және рұқсат құжаттары жоқ болған жағдайда әкімшілік айыппұл салу және азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін құралды алып тастау бойынша шаралар қабылданады», – делінген ведомство ақпаратында. Бұл мәселе бұрыннан көте­ріліп келе жатқаны белгілі. Кезінде Алматы қаласының дәп ортасында орналасқан Қазақстан Суретшілер одағы ғимаратының төбесінде орнатылған осы құрылғы төңірегінде үлкен дау-дамай болғаны белгілі. Қыл қалам шеберлері бұл туралы телеарналар мен баспасөз арқылы антеннналардың ажал сеуіп тұрғанын бірнеше рет айтқан болатын. Олардың пайымдауынша антенна орнатқан соң әріптестерінің денсаулығы нашарлап, аурулары асқынып, тіпті адам өліміне жеткізген көрінеді. Сол сияқты әлемдік деңгейдегі бірқатар білікті мамандар антеннадан тарайтын электромагниттік сәуле адам өміріне өте қауіпті екенін ескертіп, ғылыми дәйектер кел­тіргенін де білеміз. Физика­лық заңдылықтар өтірік болмаса бұл аталмыш сәуле шынында да адам денсаулығына зор нұқсан келтіреді. Әсіресе қан қысымын көтеріп, жүрек, обыр және басқа да ауруларды қозғайды. Бұған медицина саласы мамандарының да келтірген дәлелдері жеткілікті. Басқасын былай қойғанда, өз тұрмысымыздан бір ғана мысал келтірелік. Ұялы байланыс болмай тұрғанда Алматы қаласында тарақандар адамдардың мазасын тұрақты алып келгенін байырғы тұрғындар жақсы біледі. СЭС қызметкерлері үйдің ең үстіңгі қабатынан жертөлеге дейін улап, қанша тазалағанмен оны ешкім жеңе алмаған-ды. Бір апта өтпей тарақандар қайта қаптап кететін. Оларды ешқандай дәрі толықтай құрта алмай, әлсін-әлсін улауға тура келген-ді. Ол кезде санитарлық қызмет жоғары деңгейде жұмыс істегенін толықтай мойындауымыз керек. Бүгінгі күні сол құжынаған тарақандар тірі болса қаланы басып кететін еді. Өйткені, қазір қызметтің бұл түрінің аты бар да заты жоқ. Оны ашық айтуымыз керек. Айтайын дегеніміз, елімізге ұялы байланыс келгеннен бері сол тарақандар жоғалды. Тарақандардың тұқымын тұздай құртқан электромагниттік сәуленің адамның да денсау­лығына тигізер зияны бар екенін осыдан-ақ көруге болатын шығар. Соған қарамастан, осы саланы иемденген кәсіпкерлер мен бақылау жасаушы орындар: «Оның адамға бәлендей зияны жоқ, мөлшерін тексеріп отырмыз» деп өтірік айтып, бұл маңызды мәселені жылы жауып қоя салды. Тағы бір айта кететін жағдай, әлемде жердің серіктес стансаларын алғаш ұшырған, сол арқылы ұялы байланыс бірінші болып Кеңестер одағында іске асырылғанын жұрттың көбісі біле бермейді. Рас, оны тек қана әскери салада ғана қолданып келді. Біріншіден, оған сол кездегі «қырғиқабақ соғыс» саясаты әсер етсе, екіншіден, оны кеңінен қолдану адамдардың денсаулығына зиян екені ескерілді. Әскери бөлімдердегі қабылдағыш байланыс құралдарды қалың бетон қабырғалы бөлмелерде орналастырып, әскерилердің денсаулығын сақтауға тырысқан. Ал антенналар айдалада, елді мекендерден алыс орнатылатын. Оған қоса ол маңға адамдар түгіл малды да жақындатпайтын, арнайы әскери күзет қойылатын. Бүгінгі жағдай мүлдем басқа, байланыс бизнес көзіне айналды. Ал ақша жүрген жерде адамның денсаулығы айдалада қалатыны белгілі. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Адамдар арам қатса да кәсіпкерлер ақша жасауы керек. Оны тексеретін орындар да бұған көзін жұмып қарайды. Өйткені олар да осы арқылы пайда көреді. Сәдуақас Байғабылов бұл қондырғылар қатаң бақылауда екенін айтып отыр. Дұрыс, бақылауда ұстау қажет, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ мыңдаған антенналарды олар қалай бақылауда ұстамақшы? Ол түгіл тариф бағаларына ие бола алмай отырған елде, бір қарағанда өз бетімен қаңқиып тұрған қайдағы бір антенналарды кім күнде тексеріп жатыр дейсіз. Ол үшін алдында айтқанымыздай үлкен айқай-шу шығару қажет. Түрлі орындарға арыз жазып, табан тоздыруға тура келеді. Бөлінетін сәуле үнемі бір қалыпта тұрмасы белгілі, қолданыс аясына қарай оның күші де арта түспей ме? Осыған байланысты тағы бір мысал келтіре кетейік. Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты әрі кетсе 2 мың түтіні бар «Ұлжан» атты шағын ғана ықшамауданда осындай екі бірдей антенна орналасқан. Аумағы ат шаптырым ғана елді мекен тұрғындары оған мән беріп те жатқан жоқ. Түрлі аурулар меңдегендер оны Құдайдың өзі берген сырқат деп жүре береді. Бұл жерде ауласына осындай құрылғыны орнатуға рұқсат берген үй иелері айына 60-80 мың теңге табыс табады. Яғни, жатып алып бір айлық жалақыны жамбасына басады деген сөз. Оларды да кінәлауға болмас. Бірақ, олар осы ақшаға ауру сатып алып жатқанынан әрине бейхабар. Өздерін ғана емес, қасындағы көрші-қолаңға да қауіп-қатер төндіргенін білмейді. Бұл бір ғана қалаға қатысты жағдай емес. Аралап шықсаңыз еліміз бойынша осыған ұқсас көріністерді жиі көресіз. Тіпті, жері бос жатқан аудандарда жаңағы антенналарды ауылдың түбіне әкеліп құрғанын байқауға болады. Сонда осыны орнатқан сала басшылары адамдардың жағдайын мүлдем ойламағаны ғой, оны бақылауға тиісті орындар қайда қарап отыр? Ол үшін кім жауап беру керек? Сондықтан, бұл мәселені жылы жауып қоймай, бейтарап білікті мамандарды тартып, тыңғылықты зерттеулер жүргізіп, жоғарғы деңгейде қайта қарастыру қажет.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz