Моцарт пен америкалық актерді жер тізіміне қосқандар жауапқа тартылады
2018 ж. 21 желтоқсан
2330
0
Тірілер тұрғанда, өлілерді жермен жарылқауға көшкен шенеуніктер қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін. Жемқорлыққа қарсы агенттік 228 жыл бұрын бақилық болған австриялық композитор Моцартты тегін телімнен үміткерлердің тізіміне қосқандарды тексеріп жатыр, - деп хабарлайды ktk.kz.
Ақмола облысы Ақкөл ауданы әкімдігі америкалық актер Курт Расселді де кезекке қойған. Атқамінерлер Голливуд жұлдызына Қазақстаннан он сотық жер үлестірмек болған. Ақмолаға қарағанда Батыс Қазақстан облысының әкімдері әлдеқайда патриот екен. Бұл өңірдегі шенеуніктер шетелдіктерді емес, Исатай мен Махамбет батырларды тізімге қосқан. Яғни, аты аталған тарихи тұлғалар мемлекеттен тегін он сотық жер алып, үй салуды жоспарлапты. Әкімдіктегілер кейін техникалық қате кетті деп ақталған. Бірақ, ұлттық Бюро бұған илана қоймады.
Дидар Смағұлов, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы агенттіктің департамент басшысы:
- Қазір бұл материалды қарап жатырмыз. Егер нақты дәлелдер болса, қылмыстық іс қозғалады. Мәселені шешеміз, жауапты адамдар жазаланады. Және IT компаниялардың көмегімен өлген адамдарды тізімнен автоматты түрде алып тастаудың жолдарын қарастырамыз.