АШЫҚТЫҚ ПЕН ҚАШЫҚТЫҚ
2018 ж. 15 желтоқсан
3171
0
ЕЛІМІЗДЕГІ КӘСІПОРЫНДАР "ТЕҢІЗШЕВРОЙЛДАН" ҮЛГІ АЛУЫ КЕРЕК
Жұмыр жерді жайлаған мемлекет атаулы қазір мұнай өндірісіне ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Төрткүл дүниені табындырған доллардың өзі осы мұнайдың бағасына байланысты құбылатын болды. Құдайға шүкір, қазба байлықтың бұл түрі бізде баршылық. Соның арқасында пайда тауып, ел экономикасы қалыпты жағдайда тұрақталып отырғаны да жасырын емес. Аталмыш сала бойынша елімізде отандық және шетелдік көптеген компаниялар жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі - "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Биыл бұл компания өзінің 25 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. "Теңізшевройл" (ТШО) Қазақстан мен "Шеврон" компаниясы арасындағы келісім негізінде 1993 жылы 6 сәуірде құрылған-ды. Үлестік ара салмағы - "Шеврон" - 50, "ҚазақМұнайГаз" - 20, "ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк" - 25, "ЛукАрко" - 5 пайызға иелік етеді. Тек қана осы Теңіз және Королев кеніштерінен алынатын мұнай қоры 1,37 млрд. тоннаға дейінгі мөлшерде. ТШО 2008 жылы шикі газ айдау және "Екінші буын зауыты" жобасын аяқтап, тәулігіне 75000 тонна мұнай, 22 млн. текше метр табиғи газ өндіруге қол жеткізді. Үстіміздегі жылдың үш тоқсанында 21,5 млн. тонна немесе 171,3 млн. баррель мұнай өндірді. Бұл мәлімет аталмыш компанияның жалпы өндірстік көрсеткіші. Осы арқылы ТШО қанша пайда тауып жатқанын бағамдауға болады. Сол табыстың Қазақстанға қанша қаржы әкеліп жатқанын да айта кетелік. 1993 жылдан бастап 2018 жылдың 30 қыркүйек айына дейін ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржы төлемдері 132 млрд. АҚШ долларын құраған екен. Бұған жергілікті қызметкерлерге төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктестіктерге бөлінетін тиісті диведендтер, мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі түрлі төлемдер кіреді. Ал 2018 жылдың алғашқы үш тоқсанында ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 7,2 млрд. доллардан асты. Бүгінгі күні ТШО-дағы қазақстандықтардың саны 81,8 пайыз деңгейіне жетті. Ал 1993 жылы небары 50 пайыз болатын. Компаниядағы қазақ басшылар мен жетекші мамандардың үлес салмағы 62,4 пайыз. Бұндай көрсеткішті бізде істейтін шетелдік бірде-бір компаниядан таба алмайсыз. Компанияның еліміздің әлеуметтік саласына қосқан үлесі де мол. Алғашқы күннен бастап жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,6 млрд. доллар қаржы құйған. Тіпті арнайы "Игілік" атты ерікті әлеуметтік инфроқұрылым бағдарламасын да іске қосқан. Биылдың өзінде осы бағытқа 25 млн. доллар аударған. Бұл қаржы Атырау облысындағы балабақшалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына жұмсалуда. Оған қоса биыл аймақтағы білім беру мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы инвестициялық бағдармаларға 1 млн. доллардан астам қаржы бөлінген. Осы тектес деректерді әлі де келтіре беруге болады. Бұл нені көрсетеді, әрине, алдымен компанияның жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қосып отырған зор үлесін айғақтайды. Ең бастысы - "Теңізшевройл" өз жұмысын қашанда ашық жүргізеді. Жылына екі рет компанияның бас директоры мен мамандары арнайы келіп, Алматы қаласында БАҚ өкілдерімен кездесіп, жарты жылдықта атқарылған жұмыстары жайлы баяндайды. Бұл жай ғана кездесу емес, халық алдында есеп беру деген сөз. Оған қоса республикалық басылымдар өкілдеріне бейнеэкскурсия ұйымдастырып, өндіріс алаңдарымен таныстырады. Жол мен өзге де шығындарды өз мойнына алады. Компанияның бұрынғы директоры Тед Этчисонның орнына жаңа басшы Имер Боннер келуіне байланысты биылғы кездесу әдеттегіден ертерек өтті. Т. Этчисон көп жылдарғы серіктестік үшін қазақстандықтарға алғысын айтып, Имер Боннер ханымды өзі таныстырды. Бұл білгендіктің белгісі дер едік. Өндірісі апаттан көз ашпаған, жұмысшылардың жанайқайына құлақ түрмейтін "АрселорМитталТеміртау" компаниясының иесі Лакшмил Миттал сияқты Лондоннның төрінде жатып алса не дер едік. Қазақстанның жер қойнауын сүліктей сорған шіріген бай Миттал журналистермен кездеспек түгіл кәсіпорынның маңайына жолатпайды. Оны біз Қарағанды аймағына іссапармен барғанда көргенбіз. Қарапайым журналистерді былай қойғанда Елбасының өзі жасаған ескертулерге де пысқырып қарамайды. Құдды бір қазақтың ерке жиеніндей "Мен өз үлесімді алдым, сендерге не керек?" дегендей білгенін істейді. Бұл біздегі басқа да отандық және шетелдік компанияларға қатысты пікір. Қай кәсіпорын тым болмаса жылына бір рет халық алдында есеп беріпті? Ол туралы армандаудың қажеті жоқ. Қазақ жерінің байлығын тап бір әкелері қолдарына ұстатып кеткендей ешкімді көзге ілгісі келмейді. Кездесу барысында журналистер өндіріске қатысты көптеген сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Бір басылымның өкілі "Бұл кездесуді журналистер үшін емес, халық алдында есеп беру деп түсінеміз. Мен бұл жолы сұрақ емес, өтініш айтқым келіп тұр. Сіздер біздегі көптеген шетелдік және отандық кәсіпорындармен байланыс жасайсыздар, тәжірибе алмасып жатасыздар. Өтініш - соларға ашық жұмыс істеу мен халық алдында есеп беру тәжірибелеріңізді таратсаңыздар екен" деген ойын білдірді. ТШО-ның Үкімет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев: - " Рас біз көптеген кәсіпорындармен тәжірибе алмасамыз. Озық тәжірибемізді көрсетуден бас тарпаймыз, мүмкін болса қажетті тұстарды олардан да үйренеміз. Егер олар бізден үйренуге құлық танытпаса не істей аламыз? Оларға біздің әміріміз жүрмейді" - деп нақты жауап берді. Білікті, тәжірибелі маман дұрыс айтады. Біздегі көптеген кәсіпорын басшылары ашық болғаннан гөрі халықтан қашық болғанды ұнатады. Ашықтық болған жерде ақиқат бар, анық ақпарат беріледі. Ал халықтан қашық болғандардың ісінде қатпар-қатпар құпия мен күдік жүреді. Оның соңы жемқорлыққа ұласып, бірқатар лауазымдылардың темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққанына да талай рет куә болдық. Айтайын дегеніміз - жалған есеп беретін біздегі салалық министрліктер мен қаптаған кәсіпорын басшыларына "Теңізшевройлдан" ашық жұмыс істеуді үйренетін кез жеткен секілді...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz