Зауытбек Тұрысбеков: Қытайдағы қандастар мәселесін шешуге әрекет жасаймын
2018 ж. 30 қараша
4871
0
27 қараша күні Алматыда Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетелден көшіп келген қазақтармен кездесіп, "Шыңжаңда қысымға ұшырадық" деп арыз-шағым айтушы этникалық қазақтардың басындағы жағдайды білмей қалғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.Бұл - Тұрысбеков былтыр осы қызметке кіріскелі бергі көпшілік алдында диаспора өкілдерімен ашық жүздескен сирек жиындардың бірі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде қауымдастық төрағасы болып саналады.
Кездесуге негізінен Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қазақтар келді. Жиын басталмас бұрын Зауытбек Тұрысбеков он күннен бері Қазақстанды аралап шеттен қоныс аударған қазақтармен және студент жастармен кездесіп жүргенін, "Алыстағы ағайын" сериясымен деректі фильм түсіріп жатқанын айтып, жиналғандарды "Түркия қазақтары" туралы деректі фильмді көруге шақырды.
Фильмнен кейін қайтадан сөз алған Зауытбек Тұрысбеков "шетелдегі қазақ диаспораларын Қазақстанға тарту мақсатында атқарып жатқан жұмыстарын" ұзақ баяндады. Оның сөзі біте салысымен микрофонға таласқан жұрт бірден қауымдастық төрағасының орынбасарына Шыңжаңдағы жағдайды айтып шағымдана бастады.
Сөз алғандардың бірі 70-тен асқан әкесінің бір жылдан бері Қытайдың батысындағы "саяси үйрену орталығында" қамауда отырғанын, екіншісі әкесінің "Қазақстанда қалып қоймаған екенмін" деген сөзі үшін бірнеше жылға сотталғанын айтты. Тағы бір адам "үш жасар қызының туған күнін атап өткені үшін ұсталған қазақтың" жайын баяндады.
Қытай билігі Шыңжаңда арнайы орталықтар бар екенін мойындағанымен, мұндай мекемелерде "этникалық азшылық өкілдері саяси сауат ашып, кәсіп үйреніп шығады" деп мәлімдеп келеді.
Алматыдағы жиында отыз шақты адамның сөзін үзбей тыңдаған Зауытбек Тұрысбеков Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "шынын айтқанда, мынадай жағдай бар екенін білмегенін" айтты.
- [Қамаудағы] әр азаматтың төңірегінде құжаттарды жинайсыңдар. Құжатқа қарап тізім жасаймыз. Сөйтіп осы мәселені министрліктерде шешуге бар әрекет жасаймын. Себебі әкім болып істедім, министр болып істедім. Көп азаматтарды танимын, - деді Тұрысбеков.
Азаттық тілшісі Зауытбек Тұрысбековтен көршілес елдерден Қазақстанға қоныс аударған, бірақ азаматтық ала алмай қалған және құжаттарының мерзімі өткен кеткен мыңдаған этникалық қазақтың мәселесі қалай шешілетінін сұрады. Қауымдастық төрағасының орынбасары бұл сауалға жауап бермеді.
2017 жылдың сәуір айынан бастап Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысым көріп жатқаны туралы мәлімет қазақстандық ақпарат құралдарында жариялана бастады. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген болатын. Сол кезде президент те бұл туралы "алғаш рет естіп отырғанын" айтқан. Бұдан кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар жиі-жиі мәлімдеме жасай бастады. 2 қараша күні Женевада БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау комитеті кезекті отырысын осы тақырыпқа арнаған. Бұл жиында жетекші Батыс елдері Пекиннен саяси үйрену орталықтарына қамалған Шыңжаңның байырғы халқы саналатын этникалық және діни азшылық өкілдерін дереу босатуды талап еткен.
26 қараша күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі жыл басынан бері Қытайдағы қысымға қатысты 915 адам шағымданғанын, 29 қазақстандықтың Қытай билігі тарапынан қос азаматтықты пайдаланды деген күдікке ілініп, қамауға түскенін, оның 15-і Қазақстан билігі араша түскен соң босап шыққанын хабарлаған.