Назарбаев мектептерде жыныстық тәрбие сабағын өткізуді ұсынды
2018 ж. 29 қараша
2395
0
Азаматтық форумда сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев ажырасу мен жас аналардың сәбиінен бас тарту оқиғаларының жиілеуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, әрине. Ажырасу мәселесі – алаңдатарлық мәселе. 25-30%-і ажырасады екен. Неліктен? Өйткені біз мектепте балаларға бұл тақырыпта білім бермейміз. Қарым-қатынас, есею, ер адамдар, әйелдер, қалай жүкті болады… мұның бәрін ұят санаймыз. Басқа елдерде 14-15 жастағы балаларды оқытады. Біз үшін бұл ұят. Психологияны өзгерту керек. Ұят ештеңесі жоқ, сол үшін бұған назар аударып отырмын", — деді мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ жастардың отбасылық өмірге дайын болмауы ажырасуға себеп болып жатқанын атап өтті.
"Қыздар өзінің рөлін жете түсінбейді, жігіттер бұл үлкен жауапкершілік екенін білмейді. Егер отбасыңды асырай алмайтын болсаң, оны құра да алмайсың. Оларға мұны біреу айтуы тиіс қой", — деп атап өтті Назарбаев.
Мемлекет басшысы Астанадағы VIII Азаматтық форумда сөз сөйледі. Пленарлық отырыста ол үкіметке 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, азаматтық қоғам жетім, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсетуі керек.