СҮРБОЙДАҚтар мен «КӘРІ» ҚЫЗДАРДЫҢ НАЗЫ
2018 ж. 23 қараша
4280
0
Жуырда YouTube желісінде әнбаяны 73 миллион рет қаралған «Қайда?» әнінің авторы Диана Исмаиловамен бір ток-шоуда отырып, хабарға қатар түсуге тура келді. Үзілісте уақыт тауып, жас әншіден әннің шығу тарихына қатысты дерек сұрап, қызығушылық білдірген едім.
Диананың айтуынша, ән 2000 жылы 9-сыныпта оқып жүргенінде туған. Біртоға, оңашалықты қалайтын қыз бала алғашқы сезімдері туралы қызыға айта бастаған сыныптас құрбыларына сырттай қарай отырып, көкейіне әлдебір әуенді ұялатады. Сосын алғашқы шумағын жазып, өзі оңашада ыңылдап айтып жүреді.
– Ауыл менен қала, көше менен дала,
Сені іздедім, мен сені ғана.
Ауыл менен қала, галактикада ма,
Тілегің іздемей табыла ма?..
Бұрын-соңды шумақ жазып жүрмеген балаң сезімнің шала өлеңі екені көрініп тұр. Содан да болар, мұнысын ешкімге көрсеткісі де, тыңдатқысы да келмейтін. «Өлеңімнің пісіп-жетілмегенін өзім де білемін, – деп мойындайды Диана. – Бір сәтте-ақ ән мұншалықты «хитке» айналады екен деп ойламаппын».
Содан арада үш жыл өтіп, Диана Алматыға Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына «Эстрада вокал» бөліміне оқуға түседі. Ән өңдеушілердің біріне барып, бала кезінен «бауыр басып», көмейіне ұялап қалған әнін эстрада қалпына салып, өңдеп, өз ортасында «ән айт деп қолқалай қалса ғана» айтып жүрмекке бекінеді. Ән өңдеуші екеуі әннің алғашқы нобайын жазып, қалғанын ертең жалғамаққа келісіп, жатақханаға кетеді. Осы сәтте студияға өз шаруасымен Ерке Есмахан келіп қалады. Әнді бір тыңдағаннан ұнатып қалады. Сосын ән өңдеушіге Дианаға телефон шалдырып, әніне Еркенің «құда түсіп» жатқанын жеткіз дейді. Көп ұзамай шыдамсыздана Еркенің өзі де телефон соғады. «Әдепкіде әнді сатпаймын деп бірден басымды ала қаштым. Себебі ән де, әннің сөзі де шикі еді. Бірақ, Ерке ойлануыма кеңес берді. Шынын айтсам, ән өңдеушіге төлейтін ақшам да жоқ еді, тек тәуекелге бел буып, жаздыртып жатқанмын. Осы әлеуметтік халім қамшы болды ма, арасында жылап та алдым, келіспеске лажым қалмады» дейді Диана. Оның үстіне Ерке сөзін белгілі бір ақынға өңдетіп алмаққа уәде етеді. – «Ашығын айтайын, Ерке әнді өңдемес бұрын «қалай орындағаным дұрыс?» деп менімен ақылдасып алды. Кей әншілер сазгермен ақылдаспай, өз білгендерінше әнді өңдеп, негізгі идеяны жоғалтып алып жатады ғой. Еркенің мұнысы ұнады». Кейін Ерке Қайнар Алакөзөвке Диананың шумағына шумақ қостыртып, Диана-Қайнар «өлең-гибридімен» мына нұсқаны ән етіп, елге таратып жібереді.
Алматыда жоқ, жоқ,
Астанада жоқ, жоқ,
Сені іздедім, үмітті үзбедім.
Ақтөбеде жоқ, жоқ,
Шымқалада жоқ, жоқ,
Сені іздедім, үмітті үзбедім.
Сен жоқсын, жоқсын,
таба алмадым сені,
Сен жоқсын, жоқсын, іздемейсің мені.
Сен жоқсын, жоқсын,
бар болсан қайдасын?
Сен кімсің, жүрсің қайда?
Қазақ па екен өзі, ғажап екен сөзі?
Түсер маған қашан оның көзі.
Мейлі таз болса да, ақшасы аз болса да,
Ер жігіттің көркі – ой мен сана...
Ашығын айтайық, ән жастар арасында бірден «хитке» айналып, жарқ ете қалады. Арада ай өтіп, қырғыз әншісі Гүлназ Чыныбекқызы Еркеге телефон шалып, ән авторының телефон нөмірін алады. Дианаға телефон соғып, өз тілінде осы әнді айтқысы келетінін жеткізеді. «Қырғыз әндерін біз де өз тілімізде айтып жүрміз ғой, несі бар, ән тарала берсін деген ниетпен қарсылық білдірген жоқпын» дейді Диана. Бірақ, Ерке қырғыздардың әнбаян түсіруіне қарсы болады. Тіпті, соттаспақ ниетінің бар екенін де байқатады. Бірақ, әннің толық авторлық құқы Диананың өзінде болғандықтан, әнбаян түсіруге де келісім береді. Диананың батасын алған айырқалпақты ағайын әнбаян түсіріп алады.
– Қарапайым ғана әнімнің өз тыңдарманын табатынына сенімді болдым. Оның үстіне Еркенің ән әлемінде аты шығып қалған болатын. Әнім жеңіл, ойнақы. Қазір ойлаймын, егер бұл әнімді өзім орындағанымда, дәл мұншалық танымал болмас та еді, – дейді Диана. – Жалпы, әннің идеясы – сүрбойдақ жігіттер мен отырып қалған бойжеткендердің ішкі назы болатын.
«Хит» әннен соң Қайрат Нұртастан, Мөлдір Әуелбековадан Дианаға тапсырыстар түсе бастайды. «Әзірге ол тапсырыстарды орындай қойған жоқпын. Себебі, мен композитор емеспін ғой. Реті келсе көрерміз дедім де қойдым. Тек Еркеге «kz.жігіт» деген екінші әнімді ұсындым» дейді Диана.
Жалпы, Динананың өзі де тәп-тәуір әнші. Естеріңізде болса, 2015 жылы «Қазақстан дауысы» вокалистер шоуында финалға дейін көтерілген болатын.
Міне, «хит» ондығынан түспей келе жатқан бір әннің тарихы осылай еді.
Бекжігіт Сердәлі,
Қазақ үні