Назарбаев: Біздің батырлар мен ойшылдар - әлем еліктеуге лайық тұлғалар
2018 ж. 21 қараша
5665
0
Жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларына Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. Бұл жайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жазды, - деп хабарлады inform.kz.
ҚР Президентінің жазуынша, қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады.
«Сондықтан, тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек. Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс»,- деп атап өтеді Елбасы.
Мемлекет басшысы қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажеттігін де атап өтеді.
«Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз - тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар»,- деп түйіндейді ойын Нұрсұлтан Назарбаев.