Көмір кезегіндегі ажал: Марқұмның ата-анасының айтары бар (видео)
2018 ж. 19 қараша
5828
0
Семейдің іргесіндегі Қаражыра көмір кен орнында кезекке таластан жанжал шығып, танымал дзюдошы, Қазақстанның чемпионы Жасұлан Абиев көз жұмған болатын. Марқұмның ата-анасы журналистерге оқиғаның қалай өрбігенін сондағы адамдардан естігендері бойынша айтып берді, деп хабарлайды Алтайньюс.
«Жалғыз ұлым еді. Өзі спортшы болса да, бес уақ намаз оқитын. Қаражыраның басында көмір алу үшін кезек бар екен. Сол кезек бұзылған кезде жанжал шығып, ұлым тәртіпке бағынбаған жігітті соғып жібереді. Таяқ жеген адам телефонмен таныстарын шақырып, 5-6 машинамен қалың жігіт келеді. Біреуі көліктен түсе салып, аспанға мылтық атқан. Ұлыма бірнешеуі жабыла кеткен. 2-3 жігітті лақтырып жібереді. Сонда біреуі бастан ломмен ұрады. Балам сол кезде тіл тартпай кетсе керек. Оқиғаның барысы бұрмаланып барады. «Төбелес екі адамның арасында ғана болған. Күдікті ұлымды итеріп қалғанда, басы қатты жерге тиіп, миына қан құйылған. Жедел жәрдем өкілдері теріс дәрі егіп, ақыры өлімге ұласқан» деген ақпарат пайда болыпты» – дейді марқұмның әкесі Амантай Абиев.
Оның айтуынша, ұлының басы қатты соққыдан ойылып кеткен.
«Баламның басы жарылып, екі көзі сыртқа шығып кеткен болатын. Сол кезде суретке түсіріп алмағанымызға өкініп отырмыз» -дейді ол.
Спортшының әкесі ұлының бұған дейін Қаражыра кенішінде кезекті реттеуші болып жұмыс істегенін айтады.
«Ол кісі сөзіне ергіш. Спортшы екенін пайдаланып, «Сен мықтысың, тәртіпті қадағала» деп кіргізіп қойған ғой. Бір айдан бері шығам деп жүрген. Бізге де, достарына да солай айтқан. Ақырғы рейске барам деп айтыпты. Сол ақырғы рейсінде осындай оқиғаға ұшыраған» – дейді Амантай Абиев.
Марқұмның анасы Гүлнар Абиева 33 жастағы жалғыз ұлының артында 3 баласы қалғанын айтады.
Жасұлан Әбиев спорттық мансабында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. 13 қараша күні «Қаражыра» көмір кенішінде орын алған жанжалдан қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты адам өлтіру күдігі бойынша 1994 жылы туған жігіт ұсталды.
Облыстық ішкі істер департаменті қайғылы оқиғаның болғанын растап отыр.
«13 қараша күнгі Степной кенті тұрғынының ажалына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабының 3 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Жедел іздестіру шаралары кезінде Семей қаласының 1994 жылғы тұрғыны ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында» – делінген департаменттің БАҚ өкілдеріне таратқан мәліметінде.