Мәжіліс депутаты Үкіметтің ұрпақтың қарғысына қалуы мүмкін екенін айтты
2018 ж. 01 қараша
9734
3
Қарыз түбі қарғыс па?! Депутаттар мемлекеттің мойнына триллиондап несие ілген Үкімет болашақ ұрпаққа зиян келтіре ме деп қауіптенеді. Олардың есебі бойынша, қазір Қазақстанның берешегі 14 жарым триллион теңгеге жетіпті. Алдағы үш жылдық бюджетті мақұлдаған мәжілісмендер тренинг, семинар өткізуге несие алғыш министрлерге тағы ескерту жасады.
Бұл туралы ktk.kz хабарлады.
Мемлекеттік қарыз бен бюджетті бөліп қарауға болмайды. Өйткені, Үкімет халықаралық банктерден көзсіз алып жатқан несиені қайтаратын - қазына. Яғни бар ауыртпалық министрлердің қалтасына емес, бюджетке түседі. Ал бүгінде Қазақстанның берешегі 14 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық компаниялардың мойнында 28 миллиард доллар бар.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
-Соңғы 5 жылда «Қазақ су шаруашылығы», «ҚазақАвтоЖол», «Даму» және «Асатан ЛРТ» сияқты компаниялар 4,3 миллиард доллар мөлшерінде сырттан қарыз алған. Үкімет сыртқы борышты бақылау бойынша қатаң шараларды қолға алуға тиісті. Әйтпесе, бұл үшін өскелең ұрпақтың қарғысына қалу қауіпі бар.
Бұдан қалды, шенеуніктер басқаны қойып, тренинг, семинар өткізу үшін соңғы 5 жылда 442 миллион доллар несие алыпты. Үкіметтің қарызға құмар екенін коммуналдық кәсіпорындар да пайдаланып, су, жарық, жылу жүйелерін несие арқылы жаңартуға көшкен. Бюджеттің бұдан да бөлек орынсыз шығыны көп дейді депутаттар. Мәселен, түрмеден мыңдаған адам бостандыққа шыққанына қарамастан, Ішкі істер министрілгінің биыл сотталғандардың жағдайын жасауға, ескі абақтыларды жөндеуге сұраған қаржысы былтырғыдан да көп.
Снежанна Имашева, Мәжіліс депутаты:
-Түрмедегілердің санын қысқарту жалғасуда. Сәйкесінше, бюджеттің шығыны да төмендеуі тиіс қой. Бізде керісінше, сотталғандардың жылдық шығыны 11 пайызға артып, 35 миллиард теңгеге жеткен.
Мәжілісмендер адамға түк пайдасы жоқ зерттеулерге бөлінген ақша да далаға шашқанмен тең дейді.Үкімет алдағы үш жылда 11 миллиард теңгеге әлеуметтік зерттеу жүргізбек. Бюджеттің шаш етектен шығын көріп жатқанынан түңіліп кеткен депутаттардың көңілін Данияр Ақышев табуға тырысты. Сөз алған Ұлттық банк төрағасы қорда бар қаржыны тізіп шықты.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:
-Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 30 млрд доллар, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд долларды құрап отыр. Халықаралық резервтердің жалпы көлемі 86,3 млрд долларға жетті.
Бұл қаржының бір тиынына ешкім тиіспейді деген сөз емес. Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордан 6 жарым триллионнан астам теңге алмақ.
-Ақышев келесі жылы инфляцияны 4-6 пайызда ұстап тұруға тырыспақ. Бірақ теңгенің бағамына жауап бермеймін деп, Бас банкир бірден басын ала қашты. Ұлттық валютаға әлемдік экономикадағы кез-келген жағдай әсер етуі мүмкін. Десек те, ұзақ айтыс-тарыстан соң кірісінен шығыны көп еліміздің басты қаржылық құжатын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жіберді.