СУДЬЯЛАР СЫННАН НЕГЕ ЖАППАЙ СҮРІНІП ЖАТЫР?
2018 ж. 29 қазан
2775
0
Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы біліктілік комиссиясы өткізген емтиханның қорытындысы жарияланды. Емтихан қорытындысы туралы Жоғарғы соттың судьясы, Жоғары сот кеңесінің мүшесі, Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы біліктілік комиссиясының төрағасы Әділ Құрықбаев сыннан сүрінген судьялар жайлы ашық айтып берді.
«Жоғарғы сот кеңесінің жұмысын модернизациялау, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Біріншіден, сотта мәселенің бәрін кадр шешеді. Ал кадрды біз қайдан алып жатырмыз? Кадрларды Жоғарғы сот, әлбетте, республикамыздың заңгерлерінен жинайды. Қазақстанның бүгінгі күнгі заң талабына сәйкес, жасы отызға толған, заң тұрғысында жоғары білімі бар және моральдық адамгершілік қасиеттері мінсіз беделі бар, оның үстіне он жылдан астам уақыт заң саласындағы жұмыс өтілі бар адамдар судья қызметіне өздерін өздері ұсына алады. Бүгінгі күні біз кадр мәселесін реттеу бағытында Жоғарғы сот жүйесіне келейін деп жатқан үміткерлерді іріктеуді жаңа әдіспен, жаңа тәртіппен жүргізе бастағанымызды жеткізгіміз келеді», – деді Әділ Құрықбаев Жоғары сот кеңесінде тілшілердің сұрағына берген жауабында. Оның айтуынша, жаңа әдістің қорытындысы бойынша екі қайтара біліктілікті қабылдау емтиханы өткізілген екен. «Психологиялық тестілеуді біз жаңа технологиялармен, өзіміздің менталитетімізді есепке алып, қазақ халқының бойындағы қасиеттерді ескере отырып және қандай адам сот бола алады деген методологиялық әдістер негізінде өткіздік. Алғашқы 60 адамның психологиялық тесттен 23-і өтті. Ал психологиялық тестілеуден өткен үміткерлер эссе ретінде өз ойларын қысқа жазатын болады. Эсседен кейін ол 11 заң саласына байланысты компьютерлік тестілеуден өтеді. Осы компьютерлік тестілеу 23 адамның 17-і тілек білдірген. Оның 17-нің бар-жоғы үшеуі ғана керекті балл жинап, біліктілік емтиханынан өтті», – дейді ол. Әділ Құрықбаев сыннан сүрінбей өткен үш адам тағы ауызша емтихан тапсыратынын айтты. Ауызша емтихан негізінен үш құқықтық сипатта жасалған есептерді жасаудан тұрады. Есептерді шешуде үміткер нені білуі керек? Яғни, үміткер осы құқықтық жағдайдың қандай заңмен шешілетінін айқындап, дәлелдерін келтірген жағдайда сыннан өтеді.
Әділ Құрықбаевтың айтуынша, комиссия құрамында 16 адам бар. Мысалы, соңғы рет емтиханнан өтуге 50 адам өтініш білдіріп, олардың 40-ы психологиялық тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Одан 17-і адам өтіп, олардың 14-і компьютерлік тестілеуге келген. Бүгін барлық сыннан сүрінбей, судьялыққа үміткерлердің үшеуі ғана өткен.
Бұл нені көрсетеді? Демек, біздің судьялардың сауатсыздығын білдіреді десек те қателеспейміз. Жалпы сот жұмысына қатысты қоғамның пікірі өте төмен екені белгілі. Әділ шешім шығаруға тиісті судьялар өз жұмысына атүсті, салғырт қарайды. Сондықтан, аудандық, қалалық, облыстық судьялардың мыңдаған шешімдері Жоғарғы сотта қайта қаралып, түзетіліп жатады. Бұл жерде Әділ Құрақбаев тек қана Жоғарғы сотқа судьяларды іріктеу барысындағы сынақ нәтижесін айтып отыр. Енді осы сынақты аудандық, қалалық судьяларға жүргізіп көрсек не болар еді? Оны айтудың өзі қорқынышты. Төменгі сатыдағы судьялардың жүздеген солақай шешімдерін тізетін болсақ, төбе шашымыз тік тұрады.
Судьяларға сынақ жүргізіп қана қоймай, кемшіліктер неліктен болып отырғанын, оны қалай түзетуге болатынын ойластыратын уақыт жетті. Адам тағдырын ойыншыққа айналдырған судьялардан арылар күн бола ма? Жақып Асанов Жоғарғы сотқа төраға болып келгенде көпшілік оған үлкен үміт артқан еді. Сот жүйесінің жұмысын жөнге салатын шұғыл шаралар қайтсек те керек. Қашанға дейін төменгі сатыдағы судьялардың қателігін Жоғарғы сот түзетуге тиісті. Олай болса, аудандық, қалалық соттардағы судьяларды қыруар қаржы жұмсап несіне ұстап отырмыз?
Сот саласындағы кемшіліктерді жөндеу үшін мәселені кешенді түрде қарастыру қажет. Рас, Ә. Құрықбаев айтқандай, барлық мәселе алдымен кадрға тіреледі. Сондықтан, оларды жоғары оқу орындарында дайындауға жеткілікті көңіл бөлген жөн. Екіншіден, кадрларды іріктеу Жоғарғы сотқа ғана емес, барлық сатыда жиі тексеріп, сынақтан өткізіп отыру қажет. Үшіншіден, сот жұмысына қатысты қоғам пікіріне міндетті түрде жете көңіл аударып, оны өз жұмыстарында ескеріп отырса кемшіліктер азаяры сөзсіз. Өйткені, бақылаудың жоқтығынан біздің судьялар білгенін істейді. Заң қолдарында болғандықтан, өздерін Құдайдан кем санамайды. Төртіншіден, заңды талап етуге тиісті судьялардың өздері заңды бұзып, жемқорлыққа жол беретіні жиі кездеседі. Оны БАҚ-та жарияланған материалдардан күнделікті көріп жүрсіздер. Судьялардың өздері пара алып, жемқор атанып жатса басқалардан не күтуге болады? Сондықтан, олардың өздеріне деген заңды барынша қатайту қажет. Бесіншіден, судьялар билікке жалтақтап жұмыс істейді. Қарапайым тұрғындарға келгенде қабағынан қар жауатын судьялар мемлекеттік органдар араласқан істе жүздері жылып сала береді. Соңында шешімді де солардың пайдасына шешіп бере салады. Сонда Конституция бойынша барлық адамдарымыздың құқығы бірдей деген қағида қайда қалады? Әлде ол туралы судьялар білмей ме? Бұл айтып отырғанымыз сот саласының жұмысындағы орын алған кемшіліктердің бір бөлігі ғана. Сот жүйесіндегі бұдан да басқа кемшіліктерді Ж.Асановтың өзі де жақсы білетініне біз сенімдіміз. Енді бастаған істі орта жолда қалдырмай, нәтиже шығарып, соңына дейін жеткізсе деген тілегіміз бар.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz