Мəжіліс депутаты Əбдіманап Бектұрғанов республикалық бюджеттен ақша бөлінгенімен 20 астам мектептің əлі тапсырылмағанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бюджеттен ақша бөлінгенімен 20-дан астам мектеп əлі тапсырылмаған - депутат
2018 ж. 02 қазан
2375
0
"Біз еліміздегі үш маусымды мектептердің проблемасы мен апатты мектептердің мəселесін шешу жолдарын қарастырмақпыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің республикамызда үш маусымды мектептер бар, апатты мектептер де бар. "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен жыл сайын мектептер салуға қаржы бөлініп келе жатыр. Жылдан-жылға біздің демографиялық əл-ауқатымыз жақсарып келе жатыр. Соған байланысты да болар. Бізде əлі үш маусымды мектептер бар. Бүгінгі күні елімізде үш маусымды 64 мектеп, апаттық жағдайдағы 16 мектеп бар", - деді Бектұрғанов Мəжіліс кулуарында берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, үш маусымды мектептер Атырау, Алматы, Түркістан облыстарында бар. Апатты мектептер Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында көп кездеседі.
"Əрине, жылда қаржы бөлініп жатыр. Қаражатты жергілікті атқарушы органдар, Білім жəне ғылым министрлігі дұрыс жоспарлауы керек. Берілген қаржыға мектептер дұрыстап салынуы қажет. Есеп комитетінің мəліметіне жүгінсек, кейбір жерде 1 мың орындық мектеп салынса, ол жерде балалардың саны аз. Ал кейбір жерде салынып жатқан мектептер 500 орындық, ал балалардың саны көп. Осындай шешілуі тиіс мəселелер бар",- деді Ə.Бектұрғанов.
Мəжілісменнің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен мектептердің құрылысына қажетті қаржы бөлінген. Дегенмен, 23-24 мектеп əлі тапсырылмаған. Олардың құрылысы біткен жоқ, əлі салынып жатыр. Бұл мектептер биылғы жылдың соңына дейін тапсыралады деп жоспарланып отыр.
"Білім жəне ғылым министрлігі облыстарға қаржы бөледі. Бұны жергілікті атқарушы органдар дұрыстап қадағалауы тиіс деп ойлаймын. Республикалық бюджеттен мектептердің құрылысына қаржы толық бөлінген. Мектептердің неліктен кешіктіріліп жатқанын бүгінгі жиналыста қарастырамыз", - деді Əбдіманап Бектұрғанов.
Атап өтсек, Мəжілісте "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде білім беру объектілерін жəне мектепке дейінгі мекемелерді салу мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы туралы отырыс өтіп жатыр.