Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты - Дәурен Абаев
2018 ж. 26 қыркүйек
1957
0
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Астанадағы медиа апталық - «Astana Media Week» шарасын ашты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиа саласын дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін береді деп сенемін. Өйткені елордамыздың төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестер де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның негізгі мақсаты - отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты», - деді Д.Абаев апталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.
Министрдің айтуынша, Astana Media Week-ке қатысуға ниет білдіретін мемлекеттер саны артып келеді. Себебі, бұқаралық коммуникациялар қоғамдық дамудың басты компоненті болып саналады. Ал осы саладағы мамандардың жұмысы ақпараттық ландшафтты өзгертіп қана қоймай, саясаттан бастап ауал шаруашылығына дейінгі барлық салаларға серпін беріп отырады.
«Осы орайда өзекті мәселелерді дер кезінде талқылап, алдағы жұмыс жоспарын пысықтап отырған жөн. Сол себепті Astana Media Week-ке журналистер ғана емес, сарапшылар, PR мамандар және шетелдік қонақтар да шақырылып отыр. Барлығы 2 мыңнан астам адам бар. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын Astana Media Week аясында алғаш рет продакшн компаниялар үшін контент маркет ұйымдастырылды. Соның арқасында республикалық арналар жаңа әріптес тапты. Осы жолғы контент маркетке 18 республикалық және аймақтық арналардың өнімдері шығарылады. Оған Беларусь, Түркия, Ресей мен Өзбекстан өкілдері қатысады. Сондықтан да бұл апталықтың қатысушылар үшін озық тәжірибелермен танысып, пікір алмасып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, жаңа теxнологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік екенін ескерейік. Жиынның табысты өтуіне тілектеспін», - деп атап көрсетті Д.Абаев.