Әділ Қытайдан 3 Mercedes, Lamborghini, Maybach тәркіленді
2018 ж. 15 қыркүйек
3702
0
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Әділ Қытайдың ісіне қатысты сот үкімі шықты. Соттың шешімімен Әділ Қытай 20 жылға сотталып, оның қымбат көліктері тәркіленді , — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сот қылмыстық топ қолданған мүліктің барлығын тәркілеуді ұйғарды.
«Сот отырысы барысында қылмыстық топ мүшелерінің осы көліктерді қолданғаны анықталды. Олар қару сатып алуға осы көліктермен барған. Көліктерде түрлі қарулар сақталған. Қымбат жеті көлік болған», — деді судья Бақытжан Бәкірбаев.
Тәркіленген көліктердің ішінде Mercedes Benz, Lexus LX 570 (2014 жылы шыққан), Mercedes Benz S 550 (2007 жылғы), Lamborghini Colorado, Maybach 507 (2006 жылғы), Land Rover (2011 жылғы), Mercedes Benz ML 350 (2001 жылғы).
Сондай-ақ, сот Әділжан Зайнаудиннің ақшасын тәркіледі: 16 мың 300 доллар, миллион теңге мен 20 еуро. Бұл ақшалар оның үйін тінту кезінде табылды. Бұдан бөлек, көлігін тексеру барысында 30 мың теңге және 100 доллар табылды. Ал қалған мүліктер: үй, жер учаскелері, әшекей бұйымдар, қымбат сағаттар, телефондар Зайнаудиннің отбасына қайтарылды. Себебі ол мүліктердің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденбеді.
Тергеу мәліметінше, сотталушылар ұсталған кезде олардан жартылай автомат қару, АКС-74 автоматы, Макаров тапаншасы, МР-79-9ТM тапаншасы және тағы басқа түрлі қарулар, патрондар және пышақтар табылған. Осы істегі әрбір сотталушыға мемлекет пайдасына 168 мың теңге, ал Әділжан Зайнаудинге 1,5 миллион теңге өтеу міндеттелді.
Еске сала кетейік, кеше, 13 қыркүйекте Атышулы Әділ Қытайдың 20 жылға сотталғаны хабарланған болатын. Сот алдына 12 адам келді: ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы делінген Зайнаудин Әділжан Аруп, оны екі ұлы: Арупов Бахтишат Әділжанұлы мен Зайнаудин Мехришат Әділжанұлы, сондай-ақ, Қанат Әбдірахманов, Дәулет Байғабатов, Бақытжан Байсалбаев, Саид Джалалов, Имаржан Кабиров, Амирдин Яхьяров, Төленді Кененбаев, Шухрат Худавадиев пен Нұрмахамет Сиханов. Олардың әрқайсы түрлі мерзімдерге сотталды.
Еске сала кетейік, маусым айының басында ҰҚК Алматыда арнайы операция жүргізіп, «Әділ Қытай» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері ұсталған болатын. «Арнайы жасақтардың қатысуымен бір мезетте Алматының әр түрлі жерінде А.Зайнаудиннің ұйымдасқан қылмыстық тобының («Әділ Қытай» лақап атымен танылған) басшысы мен мүшелері және Алматы қаласы ІІД Әуезов АІІБ-ның бұрынғы басшысы полиция полковнигі Қасабеков ұсталды, ұсталғандардың саны — 16″, — делінген еді ҚР ҰҚК ресми жауабында.