Қытайда 500 мыңдай қандастарымыз азап шегуде - Еркін Рақышев
2018 ж. 13 қыркүйек
3088
0
Қытайда зардап шегіп жатқан қандастарымыздың туыстарының арыз-шағымдарын тексеруге Қытайдан делегация келді. Бірақ ол делегация алдын ала дайындап қойған оншақты адаммен ғана кездесіпті. Қытай елшілігіне арыздарын арқалап келген көптеген адамдарды, мені де кездесуге жібермеді. Мен сол жерде мәлімдеме дайындап, оны көпшілікке оқып бердім. Төменде сол мәлімдеменің мәтіні.
Еркін Рақышев
Қытайдан келген делегация мүшелеріне арналады
Құрметті Қытай елінен келген қонақтар, делегация мүшелері! Қытайда зардап шегіп жатқан қандастарымыздың туыстарының арыз-шағымымен танысуға келген сапарларыңыз оң болсын! Ең бастысы ниет дұрыс болсын деген қазақта жақсы сөз бар. Сол айтпақшы келгендеріңіз жақсы, бірақ ниеттеріңіз қандай? Сіздер шынымен де Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың жағдайына алаңдап, соны тоқтатуға ниет етіп келіп отырсыздар ма, жоқ әлде, тек арыз-шағым жинауға ғана келіп отырсыздар ма? Егер арыз-шағым қабылдауға ғана келген болсаңыздар, онда ниеттеріңіздің дұрыс болмағаны. Өйткені ол арызды 10-15 адамнан, мейлі 100-200, тіпті 1000 адамнан алыңыздар, бірақ бұл ештеңе шешпейді. Бұл Қытайдағы «саяси үйрену» деп аталатын лагерлерде қысым көріп, азап шегіп жатқан қазақтардың 1%-нан да аз. Бұл сапарларыңыз қазақстандықтарға жақсы аттанып көрінгілеріңіз келген, әдейі жасалып отырған көзбояушылық. Қазақ елімен тату боламыз деп, бірақ қазақ ұлтына қысым көрсетіп жатырсыздар. Бұл ҚХР-ның Төрағасы Си Цзиньпин мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың достық пен ынтымақтастық жайлы қол қойған келісім шарттарына қарсы жасалынып отырған әрекет, оны менсінбеу. Қытай Төрағасының сөзін елемей, оның саясатына қарсы жұмыс істеп жатқан кімдер? Жоқ әлде, Си Цзиньпин мырзаның сөзі бір басқа, ісі бір басқа болғаны ма? Бүгінгі күні түрлі шетелдік баспасөз деректеріне қарағанда Қытайда 500 мыңдай қандастарымыз “саяси үйрену орталықтарында” азап шегуде. Бір отбасы түгелімен, кейбір ауыл-қыстақтардағы ер адамдар жаппай сол лагерлерге қамалған. Барлық имамдар ұзақ жылдарға сотталған. Өліп жатқандарында есеп жоқ. Қазақтың жастарына әлемдік заңнамалармен қолдануға тиым салынған химиялық қоспалар егіп, түрлі медициналық тәжірибелер жасалуда екен. Бұл адам төзгісіз азаптаулардан шыдай алмай талай қазақ баласы өз-өзіне қол жұмсағанға ұқсайды. Есінен адасып жатқандары қаншама. Егер сіздердің ниеттеріңіз ақ, пейілдеріңіз таза болса, бұл бассыздықты тоқтатыңыздар. Қазақтарға қысым жасауды тоқтатсаңыздар, арыз-шағым өзі-ақ тоқтайды. Қытай мен Қазақ елі Құдай қосқан көршіміз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары болған ашаршылықтан жүз мыңдаған қазақтар Қытай еліне барып паналаған. Біздің бұған айтар алғысымыз шексіз. Мен осы жайлы, екі елдің достығы туралы «Әйгерім» деп аталатын кино да түсіргем. Бірақ қазіргі Қытай билігінің қазақ ұлтына жасап отырған қиянаты, екі елдің достығы мен татулығын нығайтпайды, керісінше екі халықтың бір- біріне деген ашу-ызасын тудырады. Қазір біздің елде Қытайға деген халықтың наразылығы артуда. Осылай қандастарымызға қысым жасау жалғаса беретін болса, онда халықтың наразылығының арты өшпенділікке ұласады. Мұндай жағдай екі елдің экономикалық ынтымақтастығына да зиянын тигізеді. Ол кезде Қытай өнеркәсіптерін Қазақстанға енгізу туралы сөз қозғамаса да болады. Сол үшін де бізді алдап, басынудың қажеті жоқ. Егер бізбен достық пен ынтымақтастықта тұрғыларыңыз келмесе, онда біз дос пен одақтасты басқа жақтан іздейміз. Қайраткер бабаларымыз Жапония сияқты ұлттық-демократиялық мемлекет құрыңдар, солармен дос болыңдар деп өсиет етіп кеткен еді. Сол себепті бауырлас Жапон елімен одақ боламыз. Жеріміз жайлы заңға өзгерістер енгізіп, жерді тек еңбекқор жапондықтарға ғана жалға беретін боламыз. Ол жерлерді Қытаймен шекаралас аймақтардан бөлеміз. Ертеңгі күні АҚШ сияқты басқа бір ел «терроризмге қарсы күрес» деп мыңдаған қытайларды қамап, соттап, өлтіріп жатса не істер едіңіздер. Әрине, өз қандастарыңызға араша түсесіздер. Сол сияқты біз де бауырларымызға қиянат жасалып жатқан кезде араша сұраймыз. Болмаса көмекті әлемдік қауымдастықтан сұраймыз. Әр қазақ менің жалғызым. Бір қазақтың көз жасы бәріміздің жүрегімізді ауыртады. Саяси үйретіңіздер, бірақ асыра сілтеп жазықсыз қандастарымызды түрмеге қамап, соттамаңыздар. Момын қазақ ұлтымен, көрші жатқан Қазақ елімен тату болғандарыңыз абзал!
Еркін Рақышев,
Қазақ үні