ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы өзгертілді
2018 ж. 13 қыркүйек
7733
0
2018 жылғы 12 қыркүйекте Эталон орталығында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті басшысы Арман Шаққалиевтің төрағалығымен Ғылыми-техникалық комиссияның отырысы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.
Оған Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК басшылығы да қатысты. Отырыста «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ҚР СТ 989-2014 стандартына енгізілетін №1 өзгерістерді мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оған сәйкес, ұлттық стандарттың бүкіл мәтінінде «Қазақстан» сөзін латын графикасымен «QAZAQSTAN» етіп өзгерту, сондай-ақ ΔE түстер диапазонын қолдану туралы өзгерістер қабылданды.
Бұдан тыс, Мемлекеттік Елтаңбаның элементтері мен тарихын сипаттауға әдістемелік құралдарға сілтеме, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков жасаған конструкторлық құжаттама қосылды. Өзгерістерді енгізу үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы және өндірушілердің қатысуымен бірқатар отырыстар өткізілді.
Еске сала кетейік, өзгерістерді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес, арнайы жасақталған Жұмыс тобы әзірлеген.