Өзбек пен қырғыз көкпарының ерекшелігі қандай
2018 ж. 12 қыркүйек
3928
0
Өзбек көкпары ерекшелігі
Жақсы сыйласқан адамын орыс тамыр десе, өзбек ерсілеу қылып ашына дейді. Бірақ одан сыйластыққа сызат түспейді. Ақбұлақта (Забын ауданы, Жизақ облысы) Жексенбайдың өзбектен шыққан өрен Жақсылық деген ашынасы бар. Сол жігіт тойға көп шақырады, бұлар көп барады. Өзбектің жалпы тойға барған мыңдаған адамды түгел үйді-үйге бөліп, он-он бес адамнан күтіп, жайғастыратын өзінше қонақжай рәсімі бар. Ешкім ешкімнен артықша күтілмейді – бәріне бірдей – хан да, қара да. Аттың жемін де, шөбін де, адамдардың тамағын жемісімен қоса береді. Жатар орынды үш-төрт адам әдейі аралап өтініштер тыңдайды, кемшілік бар ма деп біліседі. Баладай күтеді, данадай тыңдайды. Не керегіңді айтқызбай біледі.
Азанда тойханадан тамақ береді. Көп тойларда көкпаршабыстың баруында – салымы азырақ болады да, шартақ жағы (мінбер) – салымы көбірек болады. Екі жақты – бару, келу мәресі белгіленді. Өзбектің қасиетінде – ұлтқа бөлмей, барлық палуанға бірдей туралық істейді. Мейман деп сыйлайды. Ішінен қаламаса да сыртына шығармай, бұрқ етпей, мәу демей, жақсы сыйлайды. Көкпары бізге ұқсағанмен, салымы қазақтан аз болғанмен, той көп болады, мейман күтуі қазақтан артығырақ. Қазақтай бастыққа қазы беріп, қара халық тапқанын жеп, күтімсіз, елеусіз жүрмейді. Той иесі (тойхананың) есебінен күтілетіндіктен, өзбек бір үйден шығынды көп кетіреді де, қазақта көкпарды ағайын көтереді. Өзбекте ондай кемшіндеу.
...Жетпіс екінші жылы Жуансирақ деген жерде (Забын ауданы) бір той болды. Онда қазақтар да көп тұрады. Екі жүздей шаңырақты құрайтын өзбек ауылы болып кеткен түбі қазақ жұртшылық малмен барған. Бір зым-зия заманнан бері өз мекенін Сіргелі қыстақ атайды. Сіргелі – қазақтың руы. Қадым күнді айтар қария болса, «қазақпыз!» дер еді қабірден қайта тұрып. Оған қылар қайран кәне?!
Аһ ұрған қазақ ауа жайылғалы, қайсысының арманы жоқ – ауылдың бәрі арманшыл, аялдаған сайын айта беруге тағы болмас, тақырыбымызға, көкпарымызға оралайық.
Жақсылықтың Салпаң деген аты бар. Жексенбай барғаннан сонымен шауып жүрді. Айы оңынан туып, ақырғы салымды басты тақымға. Он бес минөттей басты, болмады, айырылды. Тегеурінді қолдар тыным бермеді. Салпаң шаршаған екен деп түйді. Көкпардан айырылған соң, өзінің Жандар торы деген атымен міне шауып, сол көкпарды қайтып алды. Ақырғы салымды, құдай оңдап, аруақ қолдап өзі салды. Салым – ерттеулі ат екен, қасында майда салымдары тағы бар. Ол ой тарқады.
Ертеңіне тағы бір той басталды. Сол басталған той – бастамасын бірінші салымын бағанағы ерттеулі атпен (салымына алған) Жақсылықтың інісі Әбділда салды.
Жексенбай өзбектің басқа да тойларында көп болып жүрді. Өзі мен шопыр ғана қазақ. Ол кезде шабандоздар қазіргідей топтана араласпайтын. Жексенбайдың жас кезі – қуат қайнап тұр, көкпар қолға тисе айырыламын деп ойламайтын, жеке, жалғыз қазақпын демейтін, өзбек шабандоздары жабылса, тартып әуре болма дейтін. Салпаң атпен (Жақсылықтың өзі Шалпаң дейді) мәреге барған кезде:
– Кәне, тағы қайсың талапкерсің. Кел, тарт,-деп тұрушы еді. Сонда өзбектер тәнті болып, біреуі де серкені сирағынан ұстамайтын. Қазаққа өйтсең дереу тармасады. Өзбектің ыза болып кеткен қайбір едіреңдері Жексенбайға қамшы көтеретін:
– Жалғыз қазақ, қолыңнан не келеді?-деп. Көкпар қызуқанды ойын ғой, ондай жерлер де болған. Сонда көңілдесі – ашынасы Жақсылық тұрып:
– Сендер әуелі мені ұрыңдар, содан кейін қазақты ұрасыңдар,-деп қол көтеріп, араға түсетін. Обалы не керек, Жақсылықты өзбектер қатты сыйлайтын. Жексенбайдың онымен қарым-қатынасы осы уақытқа дейін зор, арасына қара қатынайды. Жақсылықтың қазір төрт баласы шабады. Забын бойындағы тойларда алдыңғы қатарлы салым салады. Жақсылықтың атын, тұлпарының атағын жалғыз Жексенбай шығарған жоқ. Ол атпен түрік Басым мен Әліқұл, қырғыз Тұрдыбай, өзбек Қалбота, қазақ Жексенбай талай шапты.
Жетісайдың қазағы Жизаққа қарап сөйлейді. Бұрынғы базары сонда. Өзбектің тауар жағында Бахмал ауданы бар. Онда көкпар мәресі бір жақты болады. Екі көкпар тастайды. Атпен өңгеріп апарып екі жүз қадам жерге тастайды да, бастайды. Бір жақты мәреге шабандоздар екі көкпарды әкеледі. Бірі – ауыр, бірі – жеңіл. Адамдар ауырға және жеңілге шабатын болып бөлінеді. Аттардың да көкпар әдісіне үйренгені осы жерде білінеді. Доп тепкен адамдай ережені шабандоз түгілі аттары да түсінген соң, ара-арасымен соғысып қалмай, шаба береді. Соны көрген қазақтар:
– Біз де екі жақты тастаймыз,-деп еліктегіштігіне басты. Сөйтіп Жизақ облысына қарасты өңшең қазақ тұратын Ильич совхозында Темір Құйысқансыздың тойында, жетпіс сегізінші жылы болса керек, бір жақты салатын екі көкпар тасталды. Бахмалдағы тойдағыдай өзбектердің үрдісімен қызық болсын делінді. Құдай салмасын, Бахмалдағы тойда соғылысу-қақтығысу болған жоқ еді, екі көкпар бірінен соң бірі келе беретін, ат жығылмайтын. Бұл ауылдағы мына қазақы тойда, құдай басқа салмағыр, ана төбеден келген жиырма-отыз сүрдек адам мына төбеден келе жатқан сүрдек адаммен қағылысып, соғылысып, адамдар жығылды.
– Ойбай, тоқтат! Бұл бізге болмайды екен!,-деп, дереу тоқтатылып, екі салымнан кейін бір көкпар тасталды. Бұрынғы ғұрып-ғадетпен бір көкпар шабылды, сонымыз тыныш екен десті елшілік.
Қырғыз көкпары ерекшелігі
Қырғызстандағы, негізінен Жексенбайдың көргені, қатысқаны Оштағы көкпар ғой, қырғыздардың көкпар шабуының тәртібі бөлек. Бұл жердегі қырғыздың Забындағы өзбектен айырмашылығы жоқ: мейман күтуі де солай. Солай дейтініміз, Ош қырғыздары Мырзашөл маңы, Забын өресі, Жизақ тарабы қырғыздарын «өзбек қырғыз», «шала қырғыз» деп есептейді екен. Біздің қазақтағы Оңтүстік қазақтарының қазақ-өзбек аралас жақтағысын «өзбекі қазақ» дейтіні сияқты. Онда тұрған не бар. Түбі бір түркінің ұқсас тұсы көп-ақ қой.
Ошта тұратын қырғыздың Жұмабай дейтін шоң палуаны тойға шақырды. Сексен жетінші жылы болса керек, қырғыздың көкпарының қызықтарын Жексенбай сол жолы көрді.
– Бұл жақтан Мырзашөл ауданының әскери комиссары, ат бапкері Тоқболат Сануар, Киров ауданынан Құлшығаш Әбілқасым, Алғи Айнабек және мен бардық. Сануардың аты бар, басқаларымыз атсыз, тояна (той иесін құттықтау ақысы) беріп қайтайық деп барғанбыз. Барған соң мейман деп бір-бір ат, көкпарға киетін киім берді,-деп еске алды Жексенбай.
Ол жерде де Исфара көкпары сияқты белгілі мәре жоқ. Көкпарды алысымен ұзақ басып жүргеніңізге қарай салым береді. Бірінші салым алдында – қырғыз, өзбек қылып стадионның көкпары сияқты (оңтүстік қазағы «өкіметтің көкпары» дейді) көкпар болды. Барған үш-төрт қазақ, олжақ-бұлжақтан барған қырғыздар, шеттен келген меймандар Жексенбайларға қосылып, екі команда болып көкпар шабылды. Жексенбайлар командасы бірінші орын алды. Бірақ мейман деп сыйлағаны аңғарылып тұрды – ашық тартыс болған жоқ есебі.
Сосын кәдімгі жергілікті қырғыздың көкпары шабылды. Онда да жергілікті аттармен де, әскери комиссардың үміт етіп апарған атымен де Жексенбай біраз салым салды.
«Дауал!» ұраны
Исфара орталығында әр колхоздың меймандарға арнап істеген жайы бар еді. Бұларды тапшанға (жайдақ тақтай орын) шығарып, қонақ етіп күтіп, концерт берді. Кешке күрес болды. Әр колхоздың атынан шыққан палуандармен сырттан келгендер күресті. Қасындағы Әлиайдар Тәжібай баласы – Қоңыраттың Құйысқансыз руынан шыққан намысқой жігіт еді.
– Елден еріп келмеген палуанды қайдан табамыз, өзім күресемін,-деді. Күресті. Күрес кезінде қасындағылар Жексенбайды тапшаннан түсіріп жіберді.
– Сені көргенде аруақтанады, бар,-десті. Палуандар алаңын милициялар қоршап тұр. Соның ортасына кіріп кетті. Микрофоннан Әлиайдарды хабарлады. Аты есінде жоқ, Каннибадамдық (Исфараның жаны) бір палуан шықты. Үстіне шапан киген. Белбеу бар. Шалмайсың, көтеріп тастайсың – күрес тәртібі сол.
– Ойпырмай, күрес әдісі жақсы емес екен,-деп Жексенбай қауіп ойлады,-палуаным жықса жақсы, жықпаса тапшанға қайта қалай барамын?
Баласы атқа мінсе, әкесі тақымын қысады. Жексенбай палуанын уайымдады. Бұл Әлиайдардың атасы Тәжібай Самарқанда қоңыраулы палуандарды жыққан атақты адам екен. Жанкүйерлері күрес созылып бара жатса «Дауал!» деп ұран көтереді екен, сонда ол әруақтанып талайды жыққан
екен. Руы Қайрақ Ахмет деген кісі Тәжібайдың күресін көргенін былай айтады: «Ілгеріде палуандар шекпен киетін. Етегі сүйретіліп баратын. «Дауал! десе аруақтанып, көтеріліп, күшейіп алып, шекпеннің жауырын тұстары қақырап кетеді екен. Шекпеннің тігістері қақыраса – палуанның арқасы қозғаны! «Дауал!» мәнісі – сол».
Жексенбай жерде отырып құдайдан құдірет тіледі, қазақтың барлық аруағын тербелтіп тіледі. «Жат жерде жүрген тинақтай балаға қуат бере гөр, жүзімді жерге қаратпа, қазақтың баласымын, бетімді қарайтпа!»-деп тіледі. Палуаны жықты. Салымын берді. Қуаныштары қойнына сыймаған Әлиайдар екеуі күрес алаңының жағасында күресті қызықтап отырды. Тағы шақырды. Тағы біреу шықты. Мұнысы несі дегенде түсіндіргені – күрес аяқталғанша жыққан адамды қанша адам шықса, сонша адаммен күрестіріп қорадан жібермейді екен. Жаңағы палуан Әлиайдардың иығынан келеді. Жексенбайдың бойында жайбарақат қазақтың мақтаншақтығы оянып:
– Ай, бұл кішкентайды болса да жығады ғой. Иығынан келетін жіңішке неме екен,-деді менсінбей. Құдайды да қойды. «Дауалға!» да сиынбай, әркімге бір қарап отыра берді. Содан бір уақта палуанына қараса, кішкентай адам палуанының аяғын жерге тигізбей шыр айналдырып тұр екен. Жүрегі су ете қалды Жексенбайдың, тақ етіп аузына «тәңірлерінің» аты түгел түсті. Әлиайдар да қарап қалған жоқ, аяғын шалып жіберіп, кішкентайды шалқасынан түсірді. Төреші: «аяқтан шалды!» деп салым бермей қойды. Жексенбай:
– Біздің палуан жықты,-деп риза болып тұрды. Жығылған адамды қайтып күрестірмейтін Әлиайдар екеуі тапшанға шығып кетті.
Тапшандағылар әңгімелеп отырды. Одан екі-үш жыл бұрын сондай жиын той бопты. Қырғыздың Тоқташ деген палуаны он сегіз адамды жығыпты. Бір күрестің үстінде сонша адамды жыққан Тоқташ бұлармен бір болды. Ешкім шықпай қалғанша адамның бәрін жықсаң, алаңның шетінде отыра бересің. Тоқташ бірінші орынды алды. Бұлардың бағына, Тоқташ Әлиайдармен күресуге кез кеп қалмай, құдай сақтады. Жексенбай Тәжібай баласынан бетер жүрегі үлпейіп:
– Қырғыз Тоқташ қазағыңның аруағына да, «Дауалыңа!» да қарамайтын қара күштің егесі екен, құдай бір сақтады,-деп, бағанағы күресте сиынғанын қайта-қайта еске алып отырды. Әлиайдар не десін, күліп, қоштай бас изеді. Екеуі сол тойдан ырза болып қайтты. Үй иесі мен колхоз бастығының риза болғаны шығар, үш жүз шақырым Исфарадан бұларды такси жалдап, үйлеріне қайтарды. Бұлар ол елдің жігіттерін ағасы Мыңбосынның тойына шақыра келді. Қазақтың тойын көруге ол кісілер де айтқан уақытында жетті. Екі күн тойды тамашалады. Қонықта Әлиайдар палуанның үйінде болды. Ағайыны Мыңбосынның көкпар тойының ақырғы салымын Сатылғанның
Сарғасқасымен Жексенбай салды. Меймандарға бір өгіз сыйлады. Сонымен, меймандар ырза боп қайтты.
Қорыта айтқанда, тәжікте көкпар кем болады. Аттар да бір-бір бапкер (оларда сейі, сайыс дей береді) болады – қарайтын, күтетін. Бірақ ат колхоздың аты болады да, жекеменшікте ат ұстаушылар сирек. Тұқымы – жергілікті тұқымнан, жаңарту, жақсартумен шындап айналыспайды. Көкпар сирек болған соң, аттар жүдә семіз, денесін ет басқан, арқасы өгіздің арқасы құсап егері (ері) бірге қимылдайтын былқылдақ болып келеді.
Мылтықбай Ерімбетов,
Қазақ үні