Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов еліміздегі жолдардың сапасыз салынуына әсер ететін негізгі факторларды атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сабильянов еліміздегі жолдардың неге сапасыз салынатынын айтты
2018 ж. 11 қыркүйек
3682
4
«Тағы бір мәселе салынған автомобиль жолдарының сапасына қатысты. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бюджет қаражатын қомақты түрде құйылып жатқанына қарамастан, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісінің «Жол сапасы» индексі бойынша 2017 жылы Қазақстан 115-орын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда өз позициясын 8 тармаққа нашарлатты», - деді ол.
Осы орайда депутат аталған жаһандық рейтингте Қазақстанның не себепті төменге түскенін түсіндірді.
«Тендер өткізу рәсімінің ашық еместігі, мердігерлердің адал болмауы, делдалдардың – қосалқы мердігерлердің көптігі, сапасыз құрылыс материалдарының қолданылуы, автомобиль жолдарының сапасыз салынуына себеп болып саналады», - деді Нұртай Сабильянов.
Сонымен қатар ол сөзіне дәлел келтірді.
«Мысалы, 2016 жылы «Боғас – Қарағанды» республикалық маңызы бар жолының «Тарбағатай – Аягөз» учаскісіне орташа жөндеу жүргізу кезінде бірнеше мердігер тартылған. Олардың әрқайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен төсеген. Салдарынан жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде ол бұзылып жатыр», - деп аяқтады сөзін депутат.