Қазыбек ИСА. Украин ЛЫМАРЕНКОны мәми, мұхамеджанов,ертісбаевтар секілді он қазаққа айырбастамас едім...
2011 ж. 19 қыркүйек
2000
8
Біз талайдан бері Еліміздегі мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне ең алдымен билік кінәлі екенін айтып келеміз. Сонымен бірге мемлекеттік тілге қарсы болушылар мемлекеттік тілге миы жетпейтін мемлекеттік қызметтегі 90 пайыз қазақтар екені де қазір елге белгілі.
Ана тіліне сауаты жетпейтін олардың талабын мемлекеттік мүдде үшін азаматтығы мен намысы жетпейтін билік тармақтары басындағы босөкпе лауазымды тұлғалар қос қолдап қолдайды. Иә, өз мемлекетінің тіліне – мемлекеттік мүддеге қатардағы мемлекеттік қызметкерлер түгілі билік басындағы «ел сайлаған» лауазымды тұлғалар да қарсы шығу әлемде тек біздің бейшара елде ғана болатын парадокс!..
Кеше ұлт зиялыларының мәлімдемесіндегі мемлекеттік тіл мүддесі үшін Конституцияның 7 бабының 2 тармағын алып тастау туралы заңды талап біздің көлеңкесінен қорқатын, мансабы үшін тілі түгілі елін сатып жібере салатын шенеуніктерді шетінен су бетіне шығаруда...
Билік айтса, бірер минутта Конституцияңызды қалағанынша өзгерте салатын Парламент жетекшілері енді Конституцияны өзгертуге болмайды дей қалуын қарапайым ел мысқылдап, масқаралап жүр. Мәжіліс төрағасы Орал Мұқамеджанов «Конституцияға қол сұғуға болмайды!» дейді. Ал Сенат төрағасы Қайрат Мәми шеніне қарап, одан да асып түсуім керек деп ойлаған болуы керек: «Парламент биыл да, таяу болашақта да Конституцияға өзгеріс енгізіп, орыс тіліне қиянат жасамайды» деп, орыстілді журналистер алдында тік тұрып ант беріпті... Қайран Қазақ елі-ай дейсің, мынадай «сасқан саясаткерлерді» көріп... Мемлекет мүддесін қорғауда жиырма жылдың ішінде Жириновскийдің тырнағына татитын біреуі шықпай-ақ қойды-ау дейсің күйініп... Ресейде және бізден басқа өзін сыйлайтын барлық елде қызмет сатысы жоғарылаған сайын ұлттық мүддені қорғау намысы да жоғарылай береді. Ал бізде керісінше, неғұрлым қызметің жоғарылаған сайын ұлттық мүддені қорғауы төмендей беруі, яғни ұлтыңа қарсы бола түсу – жазылмаған заң. Оған біздің саяси олимпте жоғары қараған сайын көзіңіз анық жететіні айқын.
Мемлекеттік тілге қарсылар өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің мисыз немесе намыссыз мемлекеттік қызметкерлер екеніне көптеген дәлелдің бірін айта кетейік. Қалың қазақтың ықыласына бөленген Асылы Осман мен Клара Ханның қатарына Украин Мәдениет орталығы төрағасы Валентин Лымаренко қосылды.16 қыркүйекте сөйлеген сөзінде ол «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс!»-деп мәлімдеді. «Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деді. Телеарнадан оның біздің шенеуніктердің көзіне шұқып тұрғандай, төменгі сынып оқушыларына нұқып тұрғандай шегелеп, сабақ үйреткен сөзін тыңдап отырып, Қазақстанның екінші, үшінші тұлғалары Мәми мен Мұхамеджановтың деңгейлері үшін мен ғана емес... бүкіл қазақстандықтар жерге кіріп кете жаздады... Бұл жерде ертісбаевтардың есімін ауызға алуға да тұрмайтынын жақсы біліп отырған боларсыздар... Аса құрметті Валентин Лымаренкоға мың алғыс қаны қазақтар атынан...
В.Лымаренко Ақордадан бастап, Үкімет пен Парламентте, барлық мемлекеттік орындарда мемлекеттік тіл туралы сауат ашу ликбезін өткізу керек деп ойлаймын... Ақысына мемлекеттің мемлекеттік тіл үшін бөлген миллиардтары жетпесе, ұлт патриоттары жинап береді... Мен менің мемлекетімнің мүддесін ойлаған украин Лымаренконы мемлекеттік тілге – мемлекеттік мүддеге қарсы Мәми, Мұқамеджанов, ертісбаевтар секілді он қазаққа айырбастамас едім...
Ал Бибігүл Төлегенова, Жеміс Тұрмағамбетова, Бақыт Сыздықовалардың жиырмасын Асылы мен Клара Ханға айырбастамайтынын барлық қаны қазақтар айтып жүр...
Бұл өздерін оппозициямыз деп жүрген саясаткерлер Әбілов, Алдамжаровтарға да, биліктің бітіспес жауына айналған Әблязовқа да қатысты. Кейбір мемлекеттік қызметтегілер, Нұртай Сабильянов секілді Парламент депутаттары мемлекеттік тіл мүддесі үшін Ата заңды өзгертуді қолдап жатқанда, еркін саясат алаңында жүрген бұлардың тайқып, тайсақтауы немесе орыс тілі болмаса оңбаймыз деген құлдық құлқындары миыма кірмей-ақ қойды... Ал сонда бұлар мемлекеттік қызметте болса, қайтер еді деген қорқынышты ой келетін болды...
Сіз Шаханов десе, шашалып қалатын шығарсыз, ал украин Лымаренконы қолдап, Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастауды қолдайсыз ба, Қазақ азаматы?
«Жас қазақ үні» газеті
www.qazaquni.kz