МҮЛДЕ ЖАРАМСЫЗ «ҮШТІЛДІЛІК» жобасы БІЛІІМ САПАСЫН ҚҰЛДЫРАТУ! - Марат Тоқашбай
2018 ж. 30 тамыз
8861
3
Ана тілінде ойлау мен сөйлеу жүйесін толық қалыптастырып алмай ОРЫС және АҒЫЛШЫН тілдерін ТЫҚПАЛАУ шәкірттерді дүбәра күйде қалдырады
Өткен жылы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев ойдан шығарылған «Үштілділік» жобасын жүзеге асыру мақсатында орта білім мектептерінде жаратылыстану яғни информатика, физика, химия, биология, математика пәндерін ағылшын тілін кіріктіре оқыту жөнінде қияли бастама көтерген болатын. Өзі мемлекеттік тілді жетістіріп білмейтін министр күрделі пәндерді шет тілде оқыту арқылы білім сапасын көтермек болған. Информатика, физика, химия, биология, математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін оған ағылшын тілін жетік білетін маман педагог кадрлар керек қой. Жоғары білімді қазақ немесе орыс тілінде алған мамандар қалай тез арада өз пәндерін ағылшын тілінде жүргізіп кетпек деп таң қалғанбыз?
Бірақ министрлік арнайы курстар ашып, онда 12 мыңнан астам мұғалімді ағылшын тілінде дәріс беретіндей етіп қайта оқытуға ұйғарым жасапты. Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогикалық шеберлік орталығы мұғалімдерді ағылшынша үйрету ісіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін тартуды жөн көрген. Осы жерде министрлік "идеясының" сорақылықтары соқырға таяқ ұстатқандай көрініп қалды. Педшеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдікәрімова ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін бастапқы тестілеуден өткізгенде нәтижелері сарапшыларды шалқасынан түсіргенін айтады: "Тестілеуге 3 485 мұғалім қатысса оның 2 815-і өте төмен деңгейімен тестілеуден өтпей қалды. Содан амал жоқ, мұғалімдерді екінші рет қайта оқытуға тура келді".
Ал вице-министр Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам педагог химия, физика, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға B2 деңгейінде сақадай сай болады деп айтып та жіберді. Іс жүзінде ағылшын тілі мамандарының үштен екісі ағылшын тілін білмей тұр. Ал жаратылыстану пәндеріндегі мұғалімдердің ағылшын тілі деңгейі қандай болуы мүмкін?
Бұл білім сапасын көтеру емес – құлдырату.
Президент алдында мақтанышпен есеп беруге жанталасқан мұндай тірлік білім саласын күйретіп түсірері анық. Ана тілінде ойлау мен сөйлеу жүйесін толық қалыптастырып алмай орыс және ағылшын тілдерін тықпалау шәкірттерді дүбәра күйде қалдырады. «Үштілділік» жобасының мүлде жарамсыз екендігін, жаратылыстану пәндерін ойыншыққа айналдыруға болмайтынын қадап тұрып тағы да қайталаймыз!
Марат Тоқашбай, Қазақ үні