Абзал ҚҰСПАН: Уақытымның бір бөлігін елге тегін қызмет көрсетуге арнап келемін
2018 ж. 28 тамыз
2626
0
Заң, құқық туралы қазіргі кезде кім болмасын талқылауға әуес. Ол дұрыста, заң, ғылым ретінде әу бастан қоғамдық ғылымдар қатарына жатады. Қазақстан жағдайында құқыққа қатысты әңгіме негізінен негативке құрылғаны анық байқалады. Елде, құқық қорғау органдарына, сотқа деген сенім жоқ деседе болады. Оған тек қана сот жүйесінің әлсіздігі себеп бола алмайды. Қоғамда әділеттің үстемдік құруына ықпал ететін бірден-бір фактор – әділетке құрылған құқық жүйесі, оның ішінде тәуелсіз сот болса, оның өзінің де «ата жауы» бар, ол – саясатты желеу еткен билік органдары мен ықпалды адамдардың құқық жүйесіне араласуы, оны өз мүдделеріне (жеке, кландық т.б.) пайдалануы. Халық тілімен айтқанда «телефон құқығының» белең алуы.
Дегенмен, битке өкпелеп тонымызды отқа жаққандай болмай, заң-құқық әлеміндегі негізгі түсініктер немесе болып жатқан жаңалықтар туралы жазып отырғанның артықтығы бомас деп шештім. Себебі, ерте ме кеш пе, ия биліктің ия халықтың ықпалымен бәрібір құқықтық жүйе өзгермей қоймайды. Қазақстан халқы жалпы сауатты, оның ішінде мемлекет құраушы – қазақ ұлты, табиғатынан момын, құқықбұзушылыққа бейім емес (мысалы, Кеңес заманында кавказ халықтары қылмысқа бейім деп ресми/бейресми айтыла беретін) ұлттар қатарына жатады.
Фейсбуктың форматына аса келе қоймаса да, өз білгенімді жазайын, оқитын адам табылса табылғаны, болмаса Абай айтқандай «өз сөзім өзімдікі» болып қала бермек.
Сонымен, алғашқы тақырыбым өзімнің қазіргі мамандығым бойынша адвокатура саласын қамтиды, оның ішіндегі алғашқысы Pro bono жүйесі туралы болмақ.
Биылғы адвокатура туралы Қазақстан заңына енгізілген өзгерістердің бірі, осы - Pro bono жүйесі болып отыр. Шетелдік термин демесек, жалпы табиғаты өзімізге тән, бұрыннан қолданыста бар дүние.
2008 жылы халықаралық заңгерлер қауымдастығының қағидаларында pro bono негізінде заң көмегін көрсету - сыйақы төленбестен немесе сыйақы күтпестен халықтың әлеуметтік қорғалмаған, осал топтарына, сондай-ақ оларға қолдау көрсететін қоғамдастықтар мен ұйымдарға сапалы заң көмегін ұсыну деп түсіндірілген. Биылғы жылдың 5 шілдесінде қабылданған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабында pro bono - кешенді әлеуметтік заң көмегі деп аталған екен. Жалпы pro bono жүйесінің пайда болу тарихын тарқататын болсақ, ол Европада XIII-XIV ғасырларда басталған игі іс екен! Сол кездердің өзінде ақ француз адвокаттар гильдиясы (batonnier) барлық заңгерлерге мүмкіндігі шектеулі және жағдайы төмен адамдарға мейлінше тегін, ақысыз қызмет етуге үндейді. Нәтижесінде, бұл бүкіл Европа заңгерлері арасында жақсы үрдіске айналады, қазіргі кезде Европа мен Америкадағы белді заң компаниялары мен адвокаттық кеңселер, өз регламенттерінде халыққа көрсетілетін ақысыз қызмет түрлерін белгілі-бір пайызбен бекітіп қоюды тәжірибеге енгізген.
Дегенмен, құқық саласындағы осы бір ізгі норманың біздің заңнамада кеш көрініс тапқанына қарап, Қазақстан адвокаттары осы кезге дейін халыққа тегін қызмет көрсетпеді деуге болмайды. Мен білетін біраз адвокаттар елге қолдарынан келгенше тегін қызметтерін ұсынуда, өз басыма келер болсақ, 2006 жылы прокуратурадан жеке қызметке кетсем, 2007 жылдан бастап уақытымның белгілі бір бөлігін елге тегін қызмет көрсетуге арнап келемін. Бұл салада негізгі атқарған жұмыстарым – қазақ тілінің заңмен бекітілген мәртебесін түрлі мемлекеттік органдар мен сот алдында қорғау болды.
Бұл жерде айта кететін бір мәселе - pro bono негізінде тегін заң көмегін көрсету, адвокаттарға заңмен міндеттеле алмайды, алайда, осындай игі істерде көзге түскен адвокаттар үшін мемлекет тарапынан түрлі көтермелеу шаралары көзделген.
Абзал Құспан, Қазақ үні