Қазақстандықтардың Францияда қанша жылжымайтын мүлігі бар?
2018 ж. 26 шілде
3363
0
Францияда қазақстандықтардың 60-тарта жылжымайтын мүлігі бар. Бұл туралы бүгін ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті салық салу әдіснамасы департаментінің директоры Қайрат Жолмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Францияда сатып алынған мүлікке қатысты резонанстық мәселені ескере отырып айтқым келетіні, құзырлы органның мәліметі бойынша Францияда азаматтарымыздың меншік құқығында тұрған 60-қа тарта жылжымайтын мүлік бар. Біздің тарапымыздан белгілі бір жұмыс жүргізілді, бұл жылжымайтын мүліктің барлығы салық формасында көрсетілген", — деді ол.
Айта кетсек, өткен жылдың соңында БАҚ беттерінде Қазақстан үкіметі Парижден 65 млн еуроға пәтер сатып алды деген ақпарат тарап, жұрт біраз шулаған еді. Алайда кейін мемлекеттік кірістер комитеті қымбат пәтердің иесін анықтады.
"Біз Франциядағы әріптестерімізге сұрау салдық. Олардан жауап келді, бірақ салық төлеуші өзі туралы мәліметтерді жариялауға рұқсат берген жоқ. Сондықтан біз айта алмаймыз. Ол үкімет адамы емес", — деді комитет төрағасының орынбасары Мәди Тақиев.