Алматыдағы алып тиінді тұрғызуға 23 миллион теңге жұмсалған, оның 15 миллионы мемлекет қаржысы, қалғаны FUNK креативті агенттігі төлеген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Алматыдағы алып тиінді тұрғызу үшін 23 миллион теңге жұмсалған
2018 ж. 10 шілде
4706
0
Бұл жайында FUNK креативті агенттігінің директоры Майра Измайлова аталған мүсіннің ашылу рәсімі барысында айтты.
«Бұл тиін әлеуметтік желілерде жазылып жатқандай миллиард теңге тұрмайды. Бұл мемлекет пен FUNK креативті агенттігінің бірлескен жобасы. Тиіннің жалпы құны 23 млн теңге, оның 15 млн-ын мемлекет көтерді, қалғанын біз өтедік. Бұл дегеніңіз – 15 тонна темір, 3 тонна сабан, 3 тонна ағаш, суретшілердің ганорары әрі өте үлкен логистикалық жұмыс. Оның үстіне үлкен пиарды қажет етеді, сондықтан бұл жарты жылда атқарылған өте ауқымды жұмыс», -дейді М. Измайлова.
Сонымен қатар ол аталған нысанның өртке қауіпсіздігі де қалыс қалмағандығын атап өтті.
«Қазір өртке қарсы түрлі сұйықтықтар бар. Мүсіннің ішінде сондай құрал бар, ол + 90 градустан асқан кезде өздігінен жарылып, мүсіннің өртке орануына жол бермейді. Сонымен қатар өрт шыға қалғанда өрт сөндіру қызметіне бірден хабарлама түседі. Мүсіннің жан-жағына бейнекамера да орнатылды. Сондықтан оны қасақана өртеген адам жауапкершіліктен оңай құлтыла алмайды», -дейді ол.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, «Алматы – Жылы қала» жобасы аясында жалпы 16 бірегей арт-құрылым бой көтермек. Олардың ішінде түрлі мүсіндер, инсталляциялар, арт-орындықтар, ашық даладағы кинотеатр, мобильді кітапхана бар.
Алматы әкімдігінің Мәдениет басқармасы жетекшісінің орынбасары Найля Мулюкова қалада салынатын арт-құрылымдар байқаудың екі кезеңінің нәтижесінде таңдап алынғанын және оған әкімдік тарапынан қолдау болғанын атап өтті.
«Байқау ашылғалы жасалған 16 жобаның жұмысына 78 млн теңге жұмсалды. Әкімдіктің шартында көрсетілгендей қаражаттың бір бөлігін FUNK агенттігі өзі көтеру керек болды. Яғни, өз тарапынан демеушілер тартуы жүктелді. Қазір қалада жасалып жатқан көптеген жоба демеушілерді тарту арқылы жасалып отыр», -дейді ол.
Бастама авторларының сөзіне сенсек, «Алматы – Жылы қала» жобасы бір рет қана өткізілетін акция емес. Олар назарды өзіне аудару арқылы қаланың түрлі орталықтарының дамуына өз әсерін тигізбек.
«Келешекте біз тағы да жаңа шығармашылық байқауларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Арт-құрылымдар Алматының барлық ауданының көрінісін өзгертеді деген үміттеміз. Біз, алматылықтар, қаламыз қазіргі заманға сай, тұруға ыңғайлы және әлемнің ең әсем қалаларының қатарына кіруге лайықты екенін білеміз», - дейді FUNK креативті агенттігінің директоры Майра Измайлова.