Әлемде тұңғыш рет таңғажайып операция Өскеменде жасалды
2018 ж. 05 шілде
3958
0
Әлемде тұңғыш рет Өскемен қаласында нефрэктомия операциясы (бүйректі алып тастау) роботталған хирургия жүйесінде жасалды. Осындай технологиямен бүйрекке теңдесі жоқ үш бірдей ота жасаған шығысқазақстандық хирургтердің тәжірибесі медициналық әдебиеттерге алтын әріптермен жазылатын күн де алыс емес. Италиялық профессор Стефано Джидаро жерлестеріміздің еңбегін ғылыми жұмысына арқау етпекші.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен Өскемен қаласында ашылған роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығы денсаулық саласындағы инновациялық қадамның жаршысы. Орталықты ашқандағы мақсат – диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу болатын. Нәтижесінде облыс тұрғындары жоғары технологиялы медициналық қызметке қол жеткізді. Ерекше клиниканың қызметі ғылым мен білімді, клиникалық емдеуді ұштастыру арқылы жүзеге асады. Енді шығысқазақстандықтарға ат арытып, Астана мен Алматының ғылыми орталықтарына барып қажеті жоқ. Керісінше, бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен науқастар біздің орталықтың қызметін пайдалануға өтініш білдіруде. Қазірдің өзінде 40-тан астам ота жасалыпты.
Естеріңізге сала кетейік, орталықта 3 755 млн. теңгеден астам қаражаттың диагностикалық, оңалту және басқа да жабдықтары орнатылған.
Италиялық ғалым наурыз айында жасалған алғашқы отадан кейін-ақ өскемендік әріптестерінің еңбегіне жоғары баға беріп, олармен бірге жұмыс істегенін мақтан тұтатынын жазған болатынбыз. Профессорға ассистент болған хирург Ринат Мұздыбаев нефрэктомия операциясын бұл жолы ешкімнің көмегінсіз, өз бетімен жасап шықты.
Жас хирург Германия мен Милан қаласында арнайы тренингтерге қатысып, профессордан дәріс алып келген-ді. Роботты хирургия ең алдымен ұжымдық жұмыстың нәтижесі болғандықтан, екі медбике де білімдерін ұштап қайтқан еді.
– Біз бүйректі лапароскопиялық әдіспен сылып алып тастауды бұрыннан меңгергенбіз. Ал 64 жастағы зыряндық пациент клиникаға жедел жәрдем көлігімен, ауыр күйде түсті. Бұл кісі бізге бұрын да бірнеше рет келгенімен, диагноз қоюда қиындық туған, – деп ой бөлісті бізбен жас хирург.
– Бүйрегінде қатерлі ісік бар болып шықты, көп қан жоғалтты. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін, роботталған жүйемен ота жасау дұрыс деп шештік. Өйткені, бұл технология пациентке қауіпсіздеу. Нәтижесінде метастаза болмас үшін, кеселді бүйрегін қасындағы тіндерімен қоса сылып алып тастадық.
Қазір сауығып, үйіне шыққан науқас онкологиялық диспансерге тіркеуге алынған.
Ринат Мұздыбаевтың сөзіне қарағанда, роботты хирургия жүйесінің мүмкіндіктері шексіз. Ол әсіресе күрделі оталарды жасауда аса тиімді. Жерлес хирург алдағы уақытта простатэктомия (қуықасты безіне) отасын жасауды жоспарлап отырғанын айтады. Қазір роботты жүйені дәл осы операцияны жасау үшін қалай басқару қажеттігін Стефано Джидаромен ақылдасып жүр. Оның айтуынша, осындай технологиямен жасалған ота кезінде ағзаның қиын тұстарына бару, органды жан-жағынан қарау мүмкіндігі операцияның сәтті өтуіне тікелей ықпал етеді. Өйткені, роботтың басқаруындағы «хирургтің қолдары» ешқашан шаршамайды, қимылы мүлт кетпейді.
– Профессор Стефано Джидаро біздің дәрігерлерге үнемі шеберлік сыныптарын жүргізіп келеді, – деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов. – Былтыр біз төрт маманды оқытқан едік. Биыл сонымен қатар гинекология, жалпы хирургия, онкология, торокальді хирургия саласындағы мамандарды қосымша жібермекпіз. Жыл аяғына дейін аталмыш құрал-жабдықта ота жасайтын 6-7 хирургті дайындасақ дейміз. Сонда роботталған жүйені барынша кең қолдануға мүмкіндік туады. Оның үстіне хирургтерге симуляциялық орталықта алдағы оталарға дайындықтан өтуге жағдай жасалған. Олар осындағы құрал-жабдықтардың көмегімен дағдыларын ұштап үйренеді.
Тәжірибеміз ғылыми еңбекке енгізіледі
Миландық доктор біздің ескі танысымыз. Наурыз айының соңында елімізде роботталған жүйені қолданған тұңғыш хирургиялық операцияны өскемендік хирургтер Стефано Джидароның көмегімен жүзеге асырғаны белгілі.
– Мен әлемнің әр елдерінде, Америкадан Жапонияға дейін дәрігерлерге аталмыш технологияны клиникаларда енгізуге қолдау көрсетемін. Клиникалық тәжірибенің дамуын қадағалаймын, – дейді Стефано Джидаро. – Өскеменде, сіздердің бірегей әрі сәнді орталықтарыңызда жергілікті докторлармен кейбір урологиялық оталарды әлемде тұңғыш рет қолға алудың тамаша мүмкіндіктері бар. Олардың кейбіреуін тіпті де жеңіл деуге келмейді. Сол себепті бұл компания үшін де, клиника мен пациенттер үшін де аса маңызды сәт. Сіздердің тәжірибелеріңізді ғылыми мақалаларда көрсеткен сәттен бастап, осы технологияны қолданатын басқа клиникалардың барлығы да өз қызметтерінде алдымен сіздердің еңбектеріңізге сүйенуге мәжбүр болады. Осылайша клиникалық және ғылыми белсенділікті арттырудың нәтижесінде жалпы денсаулық сақтау саласында емдеудің сапасы жақсарады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың түсіндіруінше, мұндай ғылыми мақалалар бір-екі күнде жазылатын нәрсе емес. Оның клиникалық, сараптамалық негіздері болуы керек және бұл ұжымдық еңбек болып табылады. Стефано Джидаро – Еуропалық урологиялық ассоциациясының белді хирургі. Дәл осындай кәсіби маманмен жұмыс істеу – біз үшін де үлкен мәртебе. Шетелдік ғалым бізге тәжірибемізден дұрыс қорытынды шығаруға көмектесетін болады. Мақаланы медициналық басылымдарға баспас бұрын оған лицензия алу керек, көптеген комиссиялар мен оппоненттердің бағасы қажет, содан кейін барып баспаға кеткен еңбек 2-3 айдан бастап 10-11 ай аралығында жарық көруі мүмкін.
Диаметрі 3 миллиметрден аспайтын аспаптар
Профессор Стефано Джидаро танымал хирург әрі Миландағы «ТransEnterix» фирмасының хирург кеңесшісі болып табылады. Сол себепті роботталған жүйенің алдағы уақытта жетілдіре түсуді талап ететін осал тұстарын жақсы біледі. Біздің роботталған хирургия орталығы дәл осы фирманың құралдарымен жабдықталған.
– Біздің жүйе басқа кез-келген технологияларға бейімделуге немесе басқаларымен бірлесіп істеуге бейім. Мысалы, жарықты қолдану әдісі басқа бірде-бір камерамен көруге болмайтын нәрселерді байқауға мүмкіндік береді. Қазір жүйені жетілдіре түсуді ойластырудамыз, әлемге диаметрі 3 миллиметр құралдармен жұмыс істеу мүмкіндігін берсек дейміз. Бұл аспаптарды әсіресе балалармен жұмыс істегенде қолданған ыңғайлы, – дейді ғалым кеңесші.
Айна Ескенқызы
qazaquni.kz