ЕҢ ҚАСТЕРЛІ МІНДЕТ – ЕЛДІК МҮДДЕ
2018 ж. 18 маусым
1940
0
Бүгінде жер-жерде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы қызу талқылануда. Оқырман назарына Солтүстік Қазақстан облыстық жетекші мамандардың лебіздері ұсынылып отыр.
Ырысжан НҰРҒАЛИЕВА,
Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Елбасы Жолдауында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін атап көрсеткені мәлім. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуда және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуды көздейді.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі – жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасын эксперименттен өткізген еліміздегі отыз мектептің бірі. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Бүгінгі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша 7, 2, 5 және 7-сынып оқушылары білім алуда. Аудан бойынша Сарытомар орта мектебі жаңартылған мазмұндағы білім беруді сынақтан өткізетін пилотты мектеп ретінде айқындалған. Онда мектепалды даярлық сыныбы, 3, 6, 8-сыныптар сынақтан өтеді.
Білім берудің мазмұны жаңарып, тың көзқарастар пайда болды. Ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны сабақ барысында тиімді қолдана білу міндеті тұр. Педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында баса айтқан болатын. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 887 мұғалімнің 251-і жаңа бағдарлама бойынша даярлық курстарынан өтті. Сонымен қатар мектеп директорлары мен олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да біліктіліктерін жетілдірді. Булаево №4 орта мектебі базасында бастауыш сынып мұғалімдерінің көшпелі курстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Елбасы Жолдауында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын жақсарту қажеттігі міндеттелді. Осыған орай ауданымыздағы білім беру ұйымдарындағы педагогтердің тілдік даярлығына баса назар аударылуда. 2017-2018 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша 34 мұғалім курстарда оқып, А2, В1, В2 деңгейлеріне ие болды. Булаево №2 орта мектебі аудандағы жаратылыстану математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша пилотты білім ордасы ретінде белгіленді. Онда бүгінде информатика пәні бойынша ауданымыздың тағы 65 мұғалімі біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өтеді. Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосылу да Жолдау аясында жүзеге асырылатын маңызды шара болғандықтан, бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ауданның жиырма мектебі жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Тағы сегізінің жылдамдығын арттыруды жоспарлап отырмыз. Барлық мектептер материалдық-техникалық жабдықтармен, интерактивті қондырғылармен қамтылған. Булаево №2, Сарытомар орта мектептері робот техникасынан пилотты жобадағы мектептер болып табылады. Оларда сабақ беретін он бір мұғалім арнайы курстарды бітірді.
Жолдауда атап көрсетілгеніндей, 2019 жылдың 1-қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Білім беру мазмұнын жаңарту, инновациялық технологиялар мен әдістемелерді, баланың икемі мен дағдысын қадағалау көрсеткіштерінің жүйесін енгізу мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі міндеттері болып табылады.
Бүгіндері аудандағы бес балабақша мен қырық шағын орталықта 1200-ге жуық балдырған тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарында он бес жоғары, жетпіс екі арнаулы орта білімді маман жұмыс істейді. Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша жиырма тәрбиеші «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институтындағы курстарда оқып шықты.
Балабақшалар Қазақстан Республика-сының «Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен білім беру үдерісін ұйымдастыру туралы» мемлекеттік стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Типтік бағдарламаны жүзеге асыру білім берудің «Денсаулық», «Байланыс», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеумет» салаларын біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерінде жобалық, зерттеушілік, ақпараттық коммуникативтік, денсаулық сақтау, тұлғалық-бағдарлық және ойын технологияларына ерекше мән беріледі.
Денсаулық сақтау технологиясы бойынша «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының әдістемелік құралы шығарылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты ұйымдастырған байқауда «Бөбек» балабақшасының тәрбиешілері «Балаларды саламатты өмір салтына тарту» тақырыбындағы өзінің педагогикалық идеяларымен бөлісіп, екінші орынға ие болды. Бүлдіршіндерді балабақшадағы кезеңнен бастап ғылыми жобаларға, зерттеулерге даярлаудың маңызы ерекше. Тәрбиеші педагогтер «Дидактикалық ойындар арқылы қарапайым математикалық ұғымдар қалыптастыру», «Мектепке дейінгі мекемелерде ата-аналармен бірлесе отырып, бала құзыреттілігін дамытудың жолдары», ал бүлдіршіндер «Терезе алдындағы жуа», «Үй жануарлары» тақырыптарына зерттеулер жүргізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға орай мектепке дейінгі мекемелерде қоғамдық жаңарудың жоспары жасалды. Отан отбасынан басталатынындай, әр бүлдіршіннің бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға балабақшаларда ерекше мән беріледі. Балалардың кішкентай күнінен бастап оларды Отанымыздың көрікті жерлерімен, еліміздің рәміздерімен және олардың авторларымен, туған ауылының тарихымен, белгілі тұлғаларымен, Қазақстанның «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктерімен, жануарларымен, тағы басқалармен таныстыруға баса назар аударылады. Осындай шаралар бейнетүсірілімдер көрсете отырып, жүргізіледі. Туған өлкеміздің табиғатын тамашалау арқылы балғындар танымдық қызықты деректерге қанығады.
Сонымен қатар рухани жаңғыру аясында білім беру ұйымдары «Тәрбие және білім» атты ішкі бағдарламасын әзірледі. Ол өскелең ұрпақты жан-жақты, үйлесімді дамыған қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарлама аясында мектеп оқушылары Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаевтың мұражайымен, Булаево және Петропавл қалаларындағы тарихи-өлкетану мұражайларымен, олардағы құнды жәдігерлермен, ауданымыз бен облысымыздың тарихымен және оның жасампаз адамдарының өмірлерімен, жүріп өткен жолдарымен танысты.
2018 жылдың қаңтар айында қазақтың ұлы ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған патриоттық марафон бастау алды. Шараның мақсаты – Мағжан сенген өскелең ұрпақты ақынның артында қалған асыл мұраларымен таныстырып, оның шығармаларынан рухани нәр алуға, оған деген қызығушылықтарын оятуға бағытталған. Бүгіндері жас ақындардың Мағжанға арнаған өлеңдері «Жыр қоржынына» жинақталып, ол марафон түрінде барлық аудандардың мектептерін аралауда. Алаштың арысы Мағжанның туған күніне дейін барлық мектептерді аралаған «Жыр қоржыны» Сарытомар ауылындағы ақынның мұражайына тапсырылатын болады.
Мағжан Жұмабаев ауданының барлық мектептерінің мұғалімдері өздерінің тәрбие жұмыстарын «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде құрып, солар бойынша жұмыс істеуде. Онда туған өлкеге, отбасына, Отанға сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, тұрақтылық пен бірлік, қонақжайлылық, тағы басқа да құндылықтарға тәрбиелей отырып, шығармашыл, туған жерін шексіз сүйетін, еліміздің нағыз азаматын тәрбиелеу мақсат етілген.
Қайрат ПІШЕНБАЕВ,
облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы – еліміздегі ең маңызды саяси оқиғалардың бірі. Бұл мемлекетіміздің дамуының стратегиялық негізгі құжаты болып табылады. Биылғы Жолдау еліміздің төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамуына арналған. Онда Мемлекет басшысы іске асыруға қажетті он негізгі міндетті айқындап берді. Жолдауда Елбасы: «Жаһандық технологиялық жылжу сын-қатерлермен қатар өсудің жаңа мүмкіндіктерін де әкеледі. Бұл біздің әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге тарихи мүмкіндік болып табылады» – деп қазіргі заманғы технологиялар өмірімізді өзгертетінін атап айтты. Бұл нақты тәжірибелік істер бағдарламасын, әрине, қазақстандықтар қызу қолдайды. Осы орайда маңызды құжатта адами капиталдың жаңа сапасын қамтамасыз етуді көздеген жетінші басымдыққа ерекше назар аударғым келеді. Мемлекет басшысы әділ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін, соның ішінде, еңбек қатынастары саласында азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету арқылы еліміздің адами капиталын арттыруға бағытталған біртұтас саясат жүргізуде. Жолдау міндеттеген бағытты жүзеге асыруды көздеп, жұмысын үйлестіріп отырған облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бүгінде айтарлықтай іс-шаралар атқаруда. Облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 2017 жылы 271 кәсіпорында тексерген болатын. Тексеру барысында Еңбек кодексін бұзудың 662 фактісі анықталды. Заңсыздықтың басым бөлігі жұмыс берушілерге қатысты болды. Еңбек қатынасы 351 рет бұзылса, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 284 кемшілікке жол берілген, жұмыспен қамту бойынша 27 заңсыздық анықталды. Осы анықталған кемшіліктердің негізінде инспекторлар 212 нұсқама толтырды. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген 137 лауазым иесі мен заңды тұлға өкілі әкімшілік жазаға тартылды.
Бұл жұмыс биыл да өз жалғасын тапты. Басқарма мамандары облыс бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеуді іске асыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жол картасын жүзеге асыруда. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындар мен ұйымдар қызметіне 72 тексеріс өткізіп, 123 еңбек заңнамасын бұзу фактісін анықтады. Оның 82-сі еңбек қатынастары, 39-ы еңбекті қорғау және қауіпсіздік, ал екеуі жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды. Жұмыс берушілерге кемшіліктерді жою туралы 53 нұсқама берілді. Оның негізінде 6,1 млн. теңгенің айыппұлы салынды.
Қазақстанның әрбір тұрғыны еңбек бостандығына ие, тиісті шарт бойынша қауіпсіз де таза жұмыс орнында еңбек етуге құқылы. Алайда, ол әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселелер қатарында қалып отыр. Әдетте, оның басты себебі – жұмыс берушінің артық шығын шығарғысы келмейтіндігі. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес былтыр жергілікті кәсіпорындарда 53 оқыс оқиға орын алып, 56 адам жапа шеккен болатын. Ал үстіміздегі жылы өндірісте 18 жазатайым оқиғаға тергеу жүргізілді. Бұл оқыс оқиғаларға себеп болған жағдайлардың ішінде жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын бақыламауы, зардап шегушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын толық білмеуі немесе орындамауы, машиналар мен механизмдердің ақауларының болуы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, апаттар, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау сияқты фактілер жиі кездеседі.
Маңызды салада бұдан да басқа кемшін тұстар баршылық. Мәселен, зейнетақы жарналары мен салық төлемдерінсіз өңбек етіп жүрген азаматтар тіркелуде. Оған қоса соңғы екі жыл ішінде инспекторларымыз еңбек шартын жасамастан, жұмысшылардың қызметін пайдаланып отырған ондаған кәсіпкердің әрекетін әшкереледі. Олардың дені құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген.
Осыған орай үстіміздегі жылдың наурыз айында ел бойынша «Еңбек шартын жасаңыз» акциясы басталған болатын. Республикалық акцияның мақсаты – бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, еңбек қатынастарының жасырын түрлерін қысқарту, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыру.
«Еңбек шартын жасаңыз» шарасы бейресми еңбек қатынастарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылу фактілеріне теріс көзқарасын қалыптастыру, жұмыс берушілерге бақылау шараларын күшейту, мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырып отырған акция жыл бойы жалғасады. Азаматтар қолданыстағы еңбек заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтар, еңбек шартын жасамаған жұмыс берушілер, әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарналарын аудармайтын кәсіпорын басшылары туралы хабарлау мүмкіндігіне ие.
Еліміздің дамуының алдағы жылдарға арналған барлық басым міндеттері бірлескен күш-жігеріміздің арқасында табысты іске асырылатынына ешқандай күмән келтірмейміз.
qazaquni.kz