ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС ТАУЫП БЕРЕ АЛМАСАҚ НЕ ҮШІН ОҚЫТАМЫЗ?
2018 ж. 15 маусым
5143
0
Ел ертеңін ойлаған мемлекет алдымен жастар мәселесіне жете көңіл бөледі. Жастарымыз тұлға ретінде қалыптассын десек, оларды белсенді, білімді, білікті маман ретінде оқытып, тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Бұл ұзақ уақытты қажет ететін және тұрақты назарда болатын маңызды іс. Жыл сайын жүз мыңдаған түлектер мектеп бітіріп, ондаған мың жастар жоғары білімді маман атанып жатады. Сандық көрсеткіш жағынан біз ешбір мемлекеттен кем түспейміз. Мәселе тек қана жастардың қалтасына диплом салып беруде ғана ма? Жоқ. Түпкі мақсат – олардың өмірден өз орнын тауып, алған білімін елі үшін, халқы үшін жұмсап, Отанына лайықты қызмет етуінде емес пе?!.
Осы жылы оқу бітірушілердің алғашқы сынағы ҰБТ 20-маусымда басталмақшы. Биыл жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінетін болды. Ол гранттардың 11 мыңын сұраныс бар техникалық мамандықтар бойынша бөлу жоспарланып отыр.
Әрине, елімізде білім беру саласында гранттардың көбейіп, жастардың сапалы білім алуына біршама жағдай жасалуы қуантарлық жағдай. Мамандардың көп болғаны дұрыс, ал оларды жұмыспен қамту жағынан, өкінішке орай кері көрсеткіштеміз. Energyprom.kz сайтына сенсек жұмыссыздықтың жоғарғы көрсеткішін еліміздің өнеркәсіп орындарға бай Астана және Алматы қалаларымен қоса Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары көш бастап тұр екен. Сонда жыл сайын техникалық мамандықтарды бітірген түлектер қайда кетіп жатыр деген заңды сауал туындайды. «Ұрпақ тағдыры – білім» қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерқожаның есебінше, мектеп бітірушілердің 20-30 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды. «Тағы бір үлкен проблема, қолына диплом алғандардың 90 пайызы өз мамандығына сай жұмыс таба алмайды. Қазақстанда мамандықтарға талдау жасалмайды. Ал түлектер тек грантқа ғана ұмтылады, ол мамандыққа сұраныс бар ма, бітірген соң жұмыс таба алады ма – оны ойламайды. Мектептерде кәсіптік бағдар беру жағы қарастырылмағандықтан, оқушылардың қолында мамандықтар туралы ақпарат жоқ, мүлдем хабарсыз. Арнайы зерттеулерге жүгінсек, жылда жоғары білім алған жастардың 10-20 пайызы ғана өз мамандығымен жұмысқа тұрады екен. Қалғаны ақша табу үшін басқк салаға кетеді», – дейді ол өз сараптамасында.
Шындығында дипломды алып, өзге салаға кетіп жатқан мамандар өте көп. Өкінішке орай, біздегі тәжірибеге қарасақ, мектеп бітірушілер көп жағдайда ата-ананың көңілін қалдырмау үшін мемлекет тағайындаған гранттарға ие болады. Себебі, баласын ақылы оқытуға ата-аналардың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан қайткенде грантқа ілігуге тырысады. Одан басқа ештеңе ойламайды. Ал, дамыған елдердің тәжірбиесіне сүйенсек, оқушылар мектеп бітірер кезде емес, оның алдында кірісіп кетеді. Мәселен, Францияда оқушылар ортаншы сыныптарда арнайы бизнес ойындар, тренингтер жүргізіп әрі жеке кәсіпкерлермен кездеседі екен. Арнайы мемлекеттік мамандар оқушының ынтасын тексеру үшін түрлі психологиялық зерттеулер жүргізе отырып, соңында балаға резюме дайындап оған психологиялық қолдау көрсетеді. Ал, Финляндияда 7-сыныптан бастап, оқушы аптасына 2-3 рет қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысуға міндетті. Тоғызыншы сыныпқа дейін оқушы елдегі
әрбір кәсіптің қыр-сырын зерттеп, кадр бөліміндегі мамандармен тығыз байланыс орнатады. Егер бала осы уақыт аралығында белгілі бір шешімге келе алмаса, тағы бір жыл оқуына мүмкіндік бар екен. Күн шығыс елінде де бала болашағына аса көп мән береді. Мысалы, оқушы 3 жыл ішінде өзін 48 түрлі мамандықта күшін сынайды. Одан кейін психологтар, мұғалімдердің көмегімен өзіндік зерттеу жасап, 62 тармақтан тұратын арнайы тестілеуден өткеннен кейін ғана әрбір балаға жекеше оқыту жоспарын құрады екен. Біздің елдің түлектеріне осындай жағдай жасалса, жоғарғыда атап өткен мәселелер өз шешімін табар еді. Сонда жеткіншек болашақ мамандығын өз жүрегінің қалауымен таңдайтын болады.
Жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, жылына 2000-ға жуық студент әртүрлі себептермен гранттан бас тартады екен. «Біз қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Мамандық нарықтағы сұранысқа тікелей тәуелді. Жаңа кәсіпорындар көптеп ашылып жатыр. Яғни, сол кәсіпорындарға болжам жасау арқылы, маман дайындалу керек. Мұны мамандыққа тапсырыс берушілер алдын-ала айтып отыруы қажет. Сонда сұранысқа сай мамандар дайындап шығаруға болады. Кәсіпкерлер жаңа жұмыс орны ашылатыны туралы алдын-ала хабардар етпейді. Қажет мамандарды кәсіпорын ашылғаннан кейін ғана іздей бастайды. Кейде керісінше, кәсіпорын жабылып қалып, сұраныс бойынша дайындалған мамандардың өздері керек болмай, далада қалатын кездер болады» – дейді Р.Алшанов. Бұл дегеніміз мемлекетіміз бөлген қомақты қаражаттың желге ұшқаны емес пе? Осы орайда, Mamanbol.kz сайты жаңа 100 мамандық түрі жайлы ақпарат енетін энциклопедия жасауды қолға алды. «Мамандықтарға қатысты алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Технология күннен-күнге дамып жатыр. Алдағы он жылдықта есепші, заңгер мамандықтарына сұраныс болмауы мүмкін. Барлығы автоматтандырылған жүйеге көшеді. Өйткені, бірнеше адамның жұмысын бір адам атқарады деп болжам жасалып отыр. Есесіне жаңа жұмыс түрлері ашылады. Мысалы, 2020 жылға қарай қашықтықтан басқарушы координатор мамандығы сұранысқа ие болуы мүмкін. Сонымен қатар генетикалық кеңесші мамандығы екі-үш жыл көлемінде сұранысқа ие болады деп болжап отырмыз. Өйткені генетикалық аурулар белең алып тұр. Тіпті осы уақытқа дейін қажет болмай қалған мамандықтар қайтадан сұранысқа енеді. Мысалы, қыш ұстасы, сарай қызметшісі. Бұл да – мамандық. Өйткені, арнайы мектептерде үйреніп шығады», – дейді жоба үйлеструшісі Қанат Ысқақов. Әрине, қазіргі жаһандану заманында көптеген мамандықтар өзіндік маңыздылығын жоғалтты. Солай болуы да тиіс шығар. Электронды еңбек биржасының мәліметі бойынша Қазақстан елдердің тізбесі бойынша орташадан жоғары табысты мемлекеттер санатына кіреді екен. Ал 68 елден тұратын табысы жоғары мемлекеттер қатарына кіруге біздің елге не жетіспейді? Ол үшін бізге мамандарды дайындау мен оларды жұмыспен қамту бағытында әлі де көп еңбектенуге тура келеді. Оның жолында кедергі дегеніңіз толып жатыр.
Осы орайда ЖОО-дағы гранттардан бөлек, ақылы білімнің өзге елге қарағанда қымбаттау екенін айту керек. Сол ақшаға сіз Азия елдерінің бірін таңдап, немесе үстіне ақша қосып, қалаған жеріңізде оқи аласыз. Көптеген ата-аналар балаларын «Шетел көріп қайтсын, сапалы, жақсы білім алсын» деген мақсатпен сыртқа жіберіп жатыр. Алайда елге оралған соң, өзге елде оқуға жұмсалған ақшаның құнын өтемек түгілі, жұмысқа орналаса алмай жатқан жастарымыз да
жетерлік. Олардың бірқатары шетелдік компанияға жұмысқа тұрып, кейін өзге елдің азаматтығын алып жатқандары да бар. Демек, қыруар қаржы жұмсап оқытқан білікті мамандарымызды жоғалтып жатырмыз. Статистикалық мәліметтер бойынша өткен жылы елімізден 37 707 адам көшіп кеткен, оның ішінде 35 680 адам – Қазақстан азаматтары. Олардың көбісі көрші Ресейге — 32 875 адам, ал қалған 2 960-ы – Германияға, 288-і – Беларусияға, 284-і – АҚШ-қа болса, 127-сі Израильге қоныс аударған. Бұл жерде де, алдымен тұрмыстың қамымен, жөнді жұмысы болмаған соң көшкендерін айтуымыз керек.
Жастардың шетел асып кетуіне негізгі себеп – жұмыссыздық. Біз өзіміз оқытқан жас мамандарға қызмет тауып бере алмай отырмыз. Қазір қарап тұрсаңыз, жарнамаларда білімі бәлендей, жасы орташа 25-тен кем емес, тәжірибесі болуы керек дейді. Орта білімнен соң, іле-шала жоғары оқу орнын бітірген жастарда қандай тәжірибе болуы мүмкін? Жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірибе талап етуі санаға сыйымсыз. Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Тәжірибелі, білікті маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді бірден қызметке қабылдауы екіталай. Сонымен қатар, жас маманның міндетті түрде сынақтан өтуі керек. Дәл осы сынақтан өту мерзімі кезінде де заңға қайшы әрекеттердің орын алатынын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де сынға алған болатын. «Еңбек кодексінде жаңа қабылданған қызметкерлер үшін сынақ мерзімі туралы норма бар. Алайда кейбір кезде ол ешбір қисынға сыймайтын жағдайға дейін жеткізіледі. Жоғары оқу орындарын бітірген жастар заңда белгіленген мерзім ішінде «сынақтан өтушілер» есебінде ешбір еңбекақысыз жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге, оларды шамадан тыс жұмысқа салу жағдайлары да жиі кездесіп қалады. Оның үстіне сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін 3-4 сынаққа алынушының біреуі ғана штатқа кіргізіліп, қалғандары шетке қағылады. Әсіресе, мұндай берекесіз тірлікке мемлекеттік емес мекемелер мен жеке құрылымдар, соның ішінде ірі банктердің филиалдары көбірек барады. Бұл дегеніміз – біздің жастарымызды қанаудың бір түрі емес пе!» деп айтқаны белгілі. Онсыз да мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар үшін бұл заң жобасы жығылғанға жұдырық болды. 2015 жылдан бастап «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабына мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған азаматтар оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндетті екендігі туралы жаңа норма енгізілді. Қазіргі таңда оқу бітірген жастардың басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, өзге жұмыс істеп жүр. Ал мемлекет оларды оқыту үшін қомақты қаражат бөлуде. Мемлекеттің жас түлектерден мамандық бойынша қызмет етуін талап етуі дұрыс та шығар. Бірақ жастардың мамандық бойынша қызметке орналасу кезінде кездесетін жоғарыда аталған кедергілерді шешуге мемлекет неге назар аудармайды? Алдымен сол кедергілерді алып тастау қажет қой. Жас мамандарға мұндай талап қойылатын болса, олардың жұмысқа орналасуы үшін жағдай жасалуы қажет емес пе? Сондай-ақ, университетті бітірген жас түлектен оқу орындары мамандығы бойынша жұмысқа тұрғаны жөніндегі анықтама талап етеді. Яғни, оқу орнын бітірген жас маман өзінің жұмыссыз қалмағандығын дәлелдеуі тиіс. Ал жұмысқа орналаса алмағандардың жалған анықтама алу үшін түрлі мекемелерді жағалап жүргені. Ондай қағазды алып келу қиын емес, жолы табылады. Бірақ, одан жас маманға қандай
жеңілдік болмақ? Сөйтіп, бүгінгі таңда жаңағы қаулыға қатысты жоғары оқу орындары түлектерді қағаз жүзінде осылайша «жұмыспен қамтып» жатыр. Бұл – университет үшін үлкен көрсеткіш шығар. Жоғары оқу орындары мемлекеттің қаржыландыруынан айырылып қалмас үшін, осы көрсеткішті жоғары жаққа ұсынады. Яғни, бұл анықтамалар университет ұшырған түлектердің барлығы қызметке орналасқанын айғақтайды-мыс. Ал, шын мәнінде бұл көзбояушылық, өзімізді-өзіміз алдау. Мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға тиісті жастарды қинап, өзіміз кедергі жасап жатырмыз
Мұнымен қатар рулық, туыстық, жерлестік сияқты сана сезімнің шырмауында жүрген басшылар бөтен біреуді жұмысқа алмайтыны да аян. Білікті мамандар қызмет барысында өспей, танысы, туысы барлардың тасы өрге өрмелейтіні де содан болып жатыр. Сонда, қанаты әлі бекімеген, қолдаушысы, қамқоршысы жоқ жас маман не істеуі керек? Ата-аналар осындай жағдайлардан кейін, шарасыздан балаларын еңбекақысы жоғары, жұмыс істеуге жағдай жасалған шетелге жіберуге мәжбүр. Шетелде де қазақ келді екен деп құшағын жайып қарсы алмайды. Оларды ең ауыр жұмысқа жегеді. Жалақысы да олардың мамандарына қарағанда анағұрлым төмен тағайындалады. Ал, елімізде жұмыссыздық мәселесі белең алып тұрғанда, көптеген кәсіпорындар алдыңғы қатарлы мамандары шетелден шақыртып жатыр. Мына бір қызықты мәліметке назар аударыңыз, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының кестесі бойынша Қазақстанға шетелден фирма директоры, бас директор, бөлімше басшысы, менеджер және бөлім басшысы, жөндеу және сынау бойынша, жабдықты жиынтықтау, құрылысты қадағалау бойынша инженерлерді сырттан шақырады екенбіз. Сонда ондаған жылдарда біз осы мамандықтардың иесін дайындай алмағанымыз ба?
«Біздің жағдайдағы негізгі мәселе – сапалы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Әрбір адамдар өз мүмкіндіктерін іске асыру үшін тиісті жағдайларды туғызу мен еңбек нарығының маңызды жақтарының тиімділігін арттырып қамтамасыз ету болып табылады» – деп көрсеткен болатын Елбасы. Бұл мәселені тек бір жақты етіп қарауға болмайды. Елімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды жұмыспен қамту үшін көптеген бағдарламалар бар. Алайда, жастарды жұмыспен қамту толықтай өз шешімін таппай отыр. Қомақты қаржы жұмсап оларды оқытқаннан не пайда? Тіпті шетел асырып біліктілігін де арттырып жатырмыз. Тұрақты жұмыспен қамтылмаса жастар сол алған білімін қалай іске асырмақшы? Егер жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешпесек, біз оларды шетел үшін оқытқан болып шықпаймыз ба? Ал, шын мәнінде біз жастарымызды өз отанына, өз халқына қызмет етеді деген мақсатпен оқытып жатқан жоқпыз ба? Олай болса жас мамандарды оқытып қана қоймай, олардың еңбек етуіне мүмкіндік беріп, кең жол ашуымыз керек.
Әмина ӘЛМАХАН,
Қазақ үні