Томирис Байсафаның анасы қызының өліміне қатысты тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты
2018 ж. 13 маусым
2967
0
Мәскеуде МХҚИ ғимаратының терезесінен құлап мерт болған Томирис Байсафаның анасы қызының өліміне қатысты тергеу амалдарының қазіргі уақытта қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Жанна Ахметованың сөзінше, қайғылы оқиға орын алғаннан 2 ай өтсе де, әлі күнге дейін бақылау камераларындағы жазбалар тексерілмеген, өзінен жауап алынбаған. Тіпті, бүгінге дейін қылмыстық, трасологиялық, психологиялық, лингвистикалық сараптамалар жүргізілмепті.
«Мәскеуге барып келдік. Не деймін? Орынның ауысқанынан нәтиже өзгермейді. Никулиндегі аудандық тергеу бөлімі не, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші не, бәрі-бір. Сол жағдайдан бері 2 ай өтті. Алайда бақылау камераларындағы жазбалар әлі күнге дейін тексерілген жоқ, менен жауап алынбады, қылмыстық, трасологиялық, психологиялық, лингвистикалық сараптамалар жүргізілмеді… Барлық мәселе Томиристің психолгиялық ахуалының төңірегінен шыға алмай тұр. Оларға осылай ойлаған ұнайды. Және біз қоярда қоймағандықтан, хат жазып, артық жұмыс тауып бергендіктен осының бәрін жасап отыр.
Олар бізден: «Балаға қандай психологиялық зиян келтіргендеріңізді білесіздер ме?» – деп сұрайды. Мұны бізден, баласы көз жұмған отбасынан сұрап отыр. Ал сіз, тергеуші мырза, біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды, Томиристің сіңлісі не сезінетінін, әжесінің қандай күйде екенін, менің қалай тыныстап жүргенімді түсінесіз бе? Ол тірі, қалғанының бәрін түзетуге болады, тергеуші мырза», – деп жазды Жанна Ахметова Instagram-парақшасында.
Сондай-ақ, марқұмның анасының сөзінше, тергеу әлі де Томиристің өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқадан әрі аспай тұр.
«Жарты жыл бұрынғы дерекетер, хабарламалар Томирис туралы не айта алады? Біз адамбыз. Бізге ай, күннің бұлттануы, қар жаууы әсер етуі мүмкін. Кейде біз мұңайып, ашуланып, көңілді жүріп, әр түрлі бола алуымыз мүмкін. Біз тірі адамбыз, сондықтан бізге түрлі көңіл-күй тән. Менің біреуге «өлтіремін» деп жазғанымнан, қолыма балта алып, біреуді өлтіруге бара жатқанымды ойлауға болмайды. Ал тергеу мәтіннен бір тіркесті тауып алып, бар оқиға мен тергеуді соның төңірегіне телуде. Тергеу осылай жүріп жатыр», – деп жазды Жанна Ахметова.