ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ ЖАСАМПАЗДЫҚҚА ҮНДЕЙДІ
2018 ж. 04 маусым
2792
0
Еліміздің пәтуәлі әрі ынтымақта өмір сүруі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының нәтижесі. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы, бағдарламалық бастамалары бүкіл қазақстандықтардың жақсы өмір сүруіне бағытталғанын нәтижесі көрсетіп келеді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі халық арасында үлкен қолдауға ие болып отыр. Әрбір бастаманың әлеуметтік маңызы өте зор.
Президенттің халыққа үндеуіндегі үшінші бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталуының үлкен мәні бар.
Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын жарты миллионнан астам жастардың, 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алатынын білеміз. Ел Үкіметінің мемлекет бюджетінен арнайы жастар үшін бөліп отырған бұл қаржының келешекте Отанымыздың игілігі үшін қызмет ететіні белгілі.
Бүгінгі ғылыми-технологияның шарықтап дамып жатқан тұсында әлемдік университеттердің оқу базасына теңестірілген білім ошақтарының елімізде күн сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Еліміздің білім мен ғылым саласына қамқорлық танытып, әрбір жыл сайын бөлінетін қаржының мөлшерін ұдайы арттырып отыруы тектен тек емес. Білім мен ғылымның салтанат құратын ғасырында бұл салынған қаржының қайырымы еселеп қайтары анық.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін бірқатар шараларды ұсынып отырған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуі барлық ел тұрғындары үшін зор қуаныш сыйлап отыр.
Бұл 20 мың Отаншыл Қазақстан жастарының сапалы білім алуына, мемлекет қолдауында өздерін қамқорлықта сезінуіне мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, еліміздің Жоғары оқу орындарына үлкен қаржылық ресурс болып табылады. Әрбір білім грантына ие болатын жастың ертеңгі білікті маман болуына ықпал етіп отырған бұл бастаманың маңызы әрине айрықша.
Қазақстан таяу жылдарда 30 дамыған елдің қатарына қосылуға ұмтылыс жасап отырған қарқынды дамушы ел ретінде үлкен жобаларды қолға алған мемлекет. Бүгінгі таңда өндірісі мен өнеркәсібі қалыпты жетіліп келеді. Мұндай жағдайда техникалық бағыттағы кадрлардың тапшылығы алдымыздан шығатынын жақсы болжап отырған Н.Назарбаев осы саладағы мамандарды күні бұрын даярлауды тапсырып отыр.
Президентіміз жастарға сапалы білім берумен қатар оларға жақсы жағдай туғызуды ескере келіп 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсыруы жастар үшін үлкен қуаныш. Білімгерлердің алаңсыз білім алуына жағдай жасаудың түпкі мақсаты сапалы білім мен бәсекеге қабілетті маман әзірлеу болып отыр.
Киелі Түркістан топырағында бой көтерген Ахмет Ясауи университетіне бүгінде 27 жыл толып отыр. Қазіргі таңда университет қабырғасында 7802 білімгер оқып жүр. Мұның қатарында 3533 студент мемлекеттік грантта оқиды. Осы жылы Президент бастамасына сай грант иегерлерінің саны артады деп күтілуде.
Халықаралық дәрежедегі оқу орнымыз үшін жыл сайын Қазақстан Үкіметі тарапынан Түркі әлемі жастары үшін 200 грант берілетінін мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, Түркия тарапынан қазақстандық жастар үшін арнайы бөлінетін түркия квотасында қазіргі күні 2300 студент білім алады.
Осылайша университетімізде оқитын білімгерлердің жалпы санының 75 пайызы тегін білім алуға қол жеткізіп отыр. Осы ретте оқу орнымызға қолдау білдіріп отырған Қазақстан және Түркия Үкіметіне университет білімгерлері мен ұжымы атынан алғысымыз зор.
Мұнымен қатар оқу орнымызда білім алатын жатақханаға зәру жастардың 69 пайызы сапалы студенттер үйімен қамтамасыз етіліп отыр. Таратып айтар болсақ оқу орнының Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларындағы жатақханадан орын сұраған 5056 студенттің, 3,5 мыңы орынмен қамтылған. Президентіміздің жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамасына сәйкес алдағы жылдары оқу орнымыз жаңа жатақханалар салуды жоспарлап отыр. Біз осылайша жастарымызға Президент тапсырамасына сай жағдай туғызуды басшылыққа аламыз.
Президент Н.Назарбаев әлеуметтік бастамасының келесі тапсырмасы техникалық бағыттағы мамандарды даярлауды күн тәртібіне қоюы. Бұл Елбасының келешекте тапшылығы сезілетін кадрлар мәселесін күні бұрын болжауы деп түсінеміз.
Алдағы жылдары университетте ауыл шаруашылығы, сәулетші, құрылыс инженері, тау-кен ісі, азық-түлік өнімдерінің технологиясы секілді мамандықтарды ашуға болады деп ойлаймын. Себебі, біздің айналамызда агросекторда, азық-түлік өндірісінде, кондитерлерде, құрылыс саласында, электр-энергетика, тау-кен ісінде, уран өндірісінде білікті мамандар тапшылығы бары сезіледі. Атап айтар болсақ Құмкөл, Таукент, Шиелі, Шалқия, Табақбұлақ және т.б. кен ошақтарына кадр дайындауға оқу орнымыз толықтай қауқарлы.
Қазақстан жер көлемі және жер асты байылығы мол ел. Мұны игеру үшін бәсекеге қабілетті сапалы мамандар ауадай қажет. Осы ретте бұл тығырықтан шығудың тың жолын меңзеп отырған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» дер кезінде ұсынылып отыр. Мұның іске асуына әрбіріміз де мүдделіміз.
Бақытжан Мұхамеджанов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, п.ғ.д., профессор
qazaquni.kz