ҚЫТАЙ ҚАМАУЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АҚЫНЫ АРАША СҰРАЙДЫ
2018 ж. 08 маусым
2553
0
Қазақ қауымына Қытай Халық Республикасының азаматы, қандасымыз, ақын Ертай Сұлтанбекұлының қысқаша хаты жетті. Биылғы мамырдың 25-інде тұтқындалған ол осы жазбасы арқылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Халықаралық Адам құқығын қорғау ұйымдарынан, Бұқаралық ақпарат құралдарынан, сондай-ақ жалпы қазақстандық бауырларынан өзіне көмек қолын созып, тұтқыннан босатуға ықпал етуін өтінген.
Бірталайдан бері көршілес Қытай еліндегі қандастарымызға осынау мемлекет билігі тарапынан жасалған қисынсыз әрекеттерді әшкерелеп жүрген «Атажұрт еріктілері» ұйымының Алматыдағы кезекті мәслихаты осы мәселеге арналды.
Аталған жиынға тұтқындағы ақынның ағасы Жеңісбек пен қарындасы Нұргүл арғы беттен арнайы келіп қатысты.
Ұйым жетекшілерінің бірі Серікжан Біләштің айтуынша, жазықсыз қапасқа қамалған ақын Ертай Сұлтанбекұлының хаты, негізінен, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлының атына жолданған. Онда Ертай ғалымға жағдайын мәлімдеп, өзінің жандауысын қалайда Елбасы мен жоғарыдағы айтылған орындарға жеткізуін өтінген.
Жиын барысында белгілі болғанындай, Қытай еліндегі орта мектептердің бірінде мұғалім болып еңбек еткен Ертай Сұлтанбекұлы Қазақ еліне 2001 жылдан бастап келіп-кетіп жүрген. Ал 2007 жылдың 30-тамызында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде оның «Нұрағаңның монологы» атты көлемді поэмасынан үзінді жарияланады. Ал 2008 жылы осы шығармасы үшін ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алады.
– Менің інімнің барлық «кінәсі» де осы секілді. Әйтпесе ол Қытай еліндегі ешбір дін мәселесіне де, ұлтаралық жағдайларға да араласпаған адам. Қытай билігіне Ертайдың өзге елді мадақтап, оның көшбасшысын асқақтата жырлауы аса ұнамай қалғандай, – дейді Жеңісбек Сұлтанбекұлы. – Інім 1968 жылы дүниеге келген. Ұстаздығына қоса ақын, сазгер. Қытайдың саяси тұзағына түсетіндей бөтенедей айыбы жоқ.
– Әлгі толғау жарық көрген соң Ертайды мұғалімдіктен шығарып, басқа жұмыстарға салып қойды. Одан бір күні тұтқындап, алып кетті, – дейді көз жасына ерік берген Нұргүл Сұлтанбекқызы. – Ондай түрмеге түскен адамдардың тірі шығуы неғайбыл. Ал арагідік түсіп шыққандардың айтуынша, ондағы жағдай адам төзгісіз, абақты қапасынан жаман. Сол сұмдықтан бауырымыздың босауына жәрдемдесе көріңіздер!
Серікжан Біләш:
– «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Ертай бауырымыздың жанайқай «сәлеміне» көпшілік қауым назарын аудару үшін жиналып отырмыз. Бүгінде мұндай ахуалды қаншама қандасымыз бастан кешуде. Қытайда «қайта тәрбиелеу» бағытында қазір төрт түрлі орталық жұмыс істейді, – деді. – Ал оларда адамзат тарихындағы ең жантүршігерлік оқиғалар болып жатыр. Әділетсіздік күннен күнге күшеюде. Бүгін бұл ел Қазақстанға туысқаншылап келіп қайтқан адамдарды, сондай-ақ осындағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттерді де кері шақыртып алып қамап жатыр.
Кейбір бейресми деректерге қарағанда, қазір жоғарыда аталғандай түрмелерде мыңдаған адам отыр.
qazaquni.k