ҚАЗАҚ ЖЕРІН ШЕТЕЛГЕ САТУҒА ДА, ЖАЛҒА БЕРУГЕ ДЕ БОЛМАЙДЫ!
2018 ж. 04 маусым
9719
3
Қандай да мемлекет жерін сатса да, шет елге жалға берсе де, ол жерден міндетті түрде айырылады
Тарихқа үңілейікші… Ресей кезінде Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға сатқан болатын, ол жерден Ресей түпкілікті айырылды. Осы оқиғаны дүние жүзі біледі. Сондай-ақ Күрдістан мемлекеті кезінде жерін кепілдікке қойып қарызға ақша алған болатын. Нәтижесінде қарызын қайтара алмауы себепті 3 ел – Ұлыбритания, Франция және Түркия оның жерін бөліп алып, Күрдістан елі мемлекет ретінде тарихтан жойылды. Сонымен қатар, Палестина мемлекеті кезінде жер сатуды парламентке шығарып, жерді шетелдіктерге сату жайлы заң қабылдаған болатын. Сол заңның негізінде олардың жерінің бір үлкен бөлігін еврейлер сатып алып, сол жерге қазіргі Израиль мемлекетін құрды. Демек, қандай да мемлекет жерін сатса немесе ұзақ жылға бөтен елге жалға берсе, онда ол жерден міндетті түрде айырылады.
Естеріңізге сала кетейін, тәуелсіздік алған жылдан бастап біздің еліміз Қытай мемлекетіне «өзара даулы» жерлерді, мәселен 1994 жылы Алматы облысының 946 шаршы километр, сосын 1997 жылы 530 шаршы километр (жалпы 174 600 гектар, немесе 5 Алматы қаласының орны) жерін берді. 2002 жылы Өзбекстан мемлекетіне 1700 гектар жерін берді. Бұл жерлер бізге енді ешқашан қайтпайды. Өкімет сөзіне сенсек, бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінің көрші мемлекеттермен даулы жері жоқ. Енді қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Қытайға ауыл шаруашылық қажеттілігіне қатысты 1 млн гектар жер бер мәселесі 2009 жылдан бері сөз болып келеді. Қазір Қытайға беруге дайындаған жердің көлемі 1 млн 700 мың гектарға өсті. Кезінде көршіміз Ресей де Қиыр Шығысынан Қытайға үлкен жер бөлуге шешім қабылдаған еді. Олар алдымен кішкентай жер бөліп көрді. Нәтижесінде қытай шаруаларының жерді неше түрлі рұқсат етілмеген пестицидтермен өсірген өнімдерімен халқы уланды, жері істен шығып, экологиялық зардап шеккені анықталды. Ресей бұл жобадан бас тартты. Қытайға ешқашан егін егіп, шаруашылық жасауға жер беруге болмайтындығына көзі жетті. Егер де біз Қытаға жер берсек, үлкен экономикалық шығынға, экологиялық апатқа тап болатынымыз сөзсіз. Тәуелсіздігімізден айырылып қалу қаупі тұр.
Қазіргі кездегі мемлекетіміздің сатуға немесе жалға сатуға бөліп отырған 1 700 000 гектар жерін (52 Алматы қаласының орны) халқымыздың пайдасына шешу туралы менің ұсынысым:
Жерді бөтен елге сатуға да, жалға сатуға да болмайды. Ол – үлкен кешірілмес қателік әрі еліміздің тағдыры үшін орны толмас өкініш. Егер де ол жер Қытайға ет өнімдері мен көкөніс өнімдерін өндіруге берілсе, онда өлген жеріміз осы. Одан да ол жерді басқа біреулерге сатқанша тәуелсіздігімізді сақтап қалуға қажетті іске айналдырайық:
Біз еліміздің экономикасын көтергіміз келсе, бөтен елдің күшіне емес, өз еліміздің мүмкіндіктерін пайдаланайық. Егер жеміс-жидек, көкөніске қатысты ауыл шаруашылығын көтергіміз келсе, Өзбекстан қазақтарын шақырсақ болады. Сондай-ақ, түрлі өндіріс пен өнеркәсіп, егін шаруашылығын көтергіміз келсе, онда Ресей, Өзбекстан, Түркменстан және Түркия қазақтарын шақырайық. Ол елдерде қазақтардың кәсіпқой мамандары жеткілікті.
Егер мал шаруашылыған көтергіміз келсе, онда ата-баба кәсібінен ажырамаған Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтарын шақырайық. Осылайша, біздің мемлекетімізге аса қажетті бірнеше мәселені шешіп алуға болады. Біріншіден, өз отандастарымыз ата жұртына қайта оралады. Екіншіден, өз экономикамызды өз қолымызбен көтереміз. Үшіншіден, өз жеріміз өзімізде қалып, ата-бабамыздың ежелгі кәсібі мал шаруашылығын қайта жаңғырта аламыз. Сөйтіп, тамақ өнеркәсібі өзгенің емес, өз қолымызда болғаны жөн.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осы іспен кезінде Астанамызды Сарыарқаның төріне орнатқан ұлы іс сияқты халқымызды бір серпілтіп, ұлттық санасын өсіретін, демографиясын толықтыратын осындай маңызы аса зор екінші бір іске жұмылдыруға болады.
Тоқтасын Өмірзақов
qazaquni.kz