Ұйым - қоғам ұйытқысы
2018 ж. 28 маусым
3347
0
Құдайдың берген санасының арқасында адам атаулы жаратылысынан ұйымдасып, қоғамдасып өмір сүруге бейімделген. Өйтпесе қатал табиғат жағдайында алып мамонттар секілді жер бетінен баяғыда жоғалып кетер еді. Қоғамдық қатынастар ғасырлар бойы дамып, осы күнге дейін жалғасып келе жатқанына бәріміз куәміз. Бүгінгі күні «демократиялық қоғам» деп атап жүргеніміздің өзі ұйым болып, яғни халық болып басқару дәрежесіндегі құрылым. Қазіргі партиялық жүйе сол ұйымдық басқарудың бір көрінісі деуге болады. Демек, қоғамның негізгі қозғаушы күші де – түрлі ұйымдар болып табылады. Елімізде жүздеген түрлі қоғамдық ұйымдарды есептемегенде «Нұр Отан», «Ақ жол», «Әділет», «Ауыл», «Руханият», «Азат» коммунистер мен патриоттар сияқты сегіз саяси партия тіркелген. Олардың әрқайсысының алдына қойған мақсаттары мен арнайы жұмыс бағдарламалары бар. Айналып келгенде бәрі де халыққа қызмет етуге міндетті.
Осы саяси ұжымдардың ішінде саны жағынан ең көбі – «Нұр Отан» партиясы. Қарапайым тілде оны «билік партиясы» деп те атайды. Өйткені сайлауда ең көп дауыс жинап, еліміздің атқарушы органдары мен Парламентінде мол орынға иемденген. Ең қуатты партия еліміздің жан-жақты дамуына қандай үлес қосып отыр? Ол өзінің көшбасшы рөлін қалай атқарып келеді? Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығының қызметкері, қаламгер Еламан Қоңырдың материалдары арқылы қалың оқырмандарымызды хабардар етуді жөн санадық.
ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ӨЗЕГІ
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту жұмыстарына байланысты кеңейтілген отырыс өткізді. Партияның орталық аппаратында өткен жиынға партияның облыстық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, вице-министрлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйым және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Отырыста Мәулен Әшімбаев Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған партиялық жобаларға кеңінен тоқталып, олардың мәні мен маңызы жөнінде баяндап берді. Айта кетейік, партия жұмысын тыңғылықты сараптаудың және халық тарапынан келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде, 20-дан астам партиялық жоба дайындалды. Олардың қатарында жұмысы қайта жандандырылған «Ардагерлерді ардақтайық!» және «Кедергісіз келешек» атты екі бұрынғы жоба да бар. Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған тың бастамалардың басым бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа партиялық жобалар халықтың партияға деген сенімін күшейтуге, еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және партия қызметін жаңғыртып, оның жұмысына заманауи технологияларды қолдануға бағытталған. – «Нұр Отан» партиясы жаңғыру құндылықтарының жаршысы және еліміздегі басты қозғаушы күш ретінде қалыптасуы керек. Жаңа жобалардың барлығы сол мақсатқа жету үшін қолға алынып отыр. Біз көшбасшылық позициямызды сақтап қана қоймай, ХХІ ғасырдың аса тиімді және жоғары технологиялы саяси ұйымын құруымыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жаңа жобалардың барлығы Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмасы бойынша дайындалғанын атап өтті. Соның нәтижесінде, алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының қызметіне алғаш рет жобалық менеджмент тәжірибесі енгізілмек. Бұл тәжірибенің әлемдік деңгейде кеңінен қолданылатыны белгілі. Сол арқылы партияның орталық аппараты мен барлық филиалының жұмысы жүйеленетін болады. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев нұротандықтар аталған бастамаларды дереу жүзеге асырып қана қоймай, көп ұзамай олардың нәтижесін де көрсетуі керектігін айтты. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға да ерекше тоқталды. Соның ішінде партияның бастамасымен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен ашылатын 1000 ІТ сынып пен 20 ІТ орталықтың маңызы зор. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев: «Аталған жобалар партияның елімізді цифрландыру ісіне қосқан нақты үлесі болмақ», – деді. Жиында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де сөз болды. Атап айтқанда, «Нұр Отан» Бірыңғай геоақпараттық онлайн-қызмет көрсететін портал құруды жоспарлап отыр. Сол арқылы қазақстандық кәсіпкерлер сатылатын немесе жалға берілетін коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы жан-жақты мәліметтерге қол жеткізбек. Жаңа онлайн-қызмет осы бағыттағы жұмыстардың ашықтығын да қамтамасыз етеді. Мектеп асханалары мен спорт алаңдарының жұмысы да партия назарынан тыс қалған жоқ. Сондықтан жаңа партиялық жобалар арқылы бұл әлеуметтік нысандардың да жұмысы жанданып, заман талабына сай қызмет көрсетпек. Партияның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқасы дайындалатынын да атап өткен жөн. Одан бөлек «Нұр Отан» жастардың әсіресе, ауылдық жерлердегі жас буынның ағылшын тілін үйренуіне қолайлы орта қалыптастыруды қолға алып отыр. Бұл жұмысқа партия тілді еркін меңгерген отандық және шетелдік еріктілерді жұмылдырмақ. Отырыста партия хатшысы Тамара Дүйсенова аталған жобаларды жүзеге асырудың бірыңғай алгоритмі туралы айтты. Партиялық жобалар «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. «Соған орай, партия Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді» дейді партия Хатшысы. Жиын барысында сөз алған «YBYRAI жас программистер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзиза Шөжеева «Тегін 1000 ІТ сынып» партиялық жобасын жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне тоқталды. Осы жоба аясында жылына 150 мың қазақстандық мектеп оқушысы еуропалық білім беру тәсілімен бағдарламалау мен робот техникасының негіздерін үйренетін болады. Ал ІТ орталықтар базасында жылына 35 мың қазақстандық ақпараттық технология саласында білім алып, әлемдік нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл жөнінде Method бағдарламалау мектебінің жетекшісі Дагар Давлетов баяндап берді. Кітапханалар жұмысын жандандыру жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы баяндама жасады. Сонымен қатар бұл жиында партиялық жобалардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылуы туралы да кеңінен әңгімеленді. Соған байланысты өңірлерден келген өкілдер сөз алып, жаңа бастамалардың шын мәнінде аясы кең екенін, сондықтан күш біріктіріп жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңірде ІТ сыныптар ашу ісі қарқынды жүргізілетінін жеткізді. Ал Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Евгений Ким мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін арттыру мақсатында Сыр өңірінде бірқатар игі істер жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр да өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар қолға алынғанын, соның ішінде кітапханаларды заманауи жастар орталығы ретінде қайта құру ісі көңіл қуантарлық екенін айтты. Бұлардан бөлек, отырыста «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова сөз алып, кеншілер өңіріндегі келелі істер жайын баяндап берді. Іс-шара соңында Мәулен Әшімбаев барша Мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарын жаңа жобаларды жүзеге асырудың басым бағыттарына аударды. Сондай-ақ ол барша нұротандықтарға Елбасы айқындап берген міндеттерді абыроймен орындап, көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін тынбай еңбек ету керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
ОЗЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ОҢ НӘТИЖЕСІ
Жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқан «Нұр Отан» партиясы бірқатар тың бастамаларды қолға алып, барлық бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде бұл жұмыстар өз нәтижелерін де бере бастады. Яғни, қазірдің өзінде халық партиялық бастамалардың игіліктерін көріп отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды бағамдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Ақмола облысына барды. Сапар аясында ол партия қызметін жаңғырту мақсатында қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Нақты айтқанда, Мәулен Әшімбаев облыс орталығындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназияда болып, ондағы ІТ сыныптың әлеуетіне назар аударды. Сондай-ақ А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіндегі ІТ орталықтың тыныс-тіршілігіне зер салды. Өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары осы саладағы партиялық жобалар жайын кеңінен талқылады. Одан бөлек, еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру жұмыстары бойынша М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында болды. Елбасы 2017 жылдың қараша айында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында нұротандықтардың алдына нақты міндеттер қойып, бірқатар басым бағыттарды анықтап берген болатын. Соның ішінде Мемлекет басшысы барлық партиялық технологияның ашық ақпараттық қоғамға бейімделуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына белсене қатысу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясын кеңейтіп, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосу мәселелеріне айрықша назар аударды. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы қолға алған стратегиялық жобалардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған бастамалар бар. Биіктерге бастайтын жоба Бүгінде Ақмола облысындағы осы бағыттағы қарқынды жұмыс көңіл қуантады. «Нұр Отан» партиясы Төра-ғасының Бірінші орынбасары облысқа сапарын М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиядан бастады. Білім ордасына Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Мәлік Мырзалинмен бірге келді. Мұнда партияның балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ сыныптар ашу жобасы бойынша арнайы сынып ашылған. Онда мектеп оқушыларына Pascal, Java, PhP, Delph сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мол мүмкіндік бар. Ол үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Осы ретте партияның бастамасымен еліміз бойынша 1000 ІТ сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алатынын атап өткен жөн. Мектеп директоры Айнагүл Балташеваның айтуынша, партияның бастамасымен қолға алынған ІТ сыныптың дәл осы білім ордасында ашылуы тегін емес. Өткен жылы осы мектепте «Бағдарламалау» үйірмесі ашылып, оқушылардың ІТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білім алуына мүмкіндік туған. Соның нәтижесінде, мектеп оқушылары түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде көкшетаулық мектеп оқушылары кеңінен қолданатын, 9, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған веб-сайтты да дәл осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапқан. Жаңа сыныптың арқасында енді оқушылар өңірдегі ақпараттық технологияның дамуына септіктерін тигізбек. Өңірлердегі мектептерде осындай ауқымды жұмыстардың табысты жүзеге асырылуы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екені сөзсіз. Осы ретте аталған білім ордасы 2016 жылы Көкшетау қалалық мектеп-гимназиялар арасында І дәрежелі дипломмен марапатталып, робот техникасы кабинетін жабдықтау үшін 1,165 мың теңге көлеміндегі сертификат иемденгенін атап өткен жөн. Ал өткен жылы физика кабинетін жабдықтау үшін 2,400 мың теңгенің сертификатымен марапатталған. Мектеп оқушыларының жетістіктеріне риза болған партия Төрағасының Бірінші орынбасары оларға сәттілік тілеп: «ІТ технология мен робот техникасы – жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан жастардың осы салада жан-жақты білім алуының маңызы зор. Партия бұл бағытта тиісті қолдау көрсетеді», – деді. Бәсекеге қабілеттіліктің берері мол Мәулен Әшімбаев Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде ашылған ІТ орталықтың да жұмысымен танысып, оның бағыт-бағдарын бағамдап қайтты. Бұл орталық партияның ІТ мамандар даярлау жобасы аясында ашылып отыр. Бүгінде мұнда жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жергілікті азаматтар бағдарламалау негіздері бойынша білім алуда. Нақты айтқанда, олар Java, PhP, Delphi, C++3D, Max3D, Studio, MaxFoxPro және Corell3 бағдарламалары бойынша жан-жақты білім алып, осы салада өз бетінше жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде үйренуде. Орталықта 15 компьютер мен интерактивті тақта орнатылған. Халықтың цифрлы сауаттылығын арттырып, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға бағытталған бұл жоба бойынша елімізде жұмыс беруші ІТ компаниялар мен ірі жоғары оқу орын-дарының базасында 20 ІТ орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр. Орталық тәлімгерлерімен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда білікті программистерге деген сұраныс өте жоғары екеніне назар аударды. Мұндай мамандар әлем бойынша тапсырыстар қабылдап, жұмыс істей алады. Бүгінде цифрлы қызмет нарығындағы тапсырыстар құны 3,5 трлн АҚШ долларын құрайтынын ескерсек, бұл бастама арқылы көптеген қазақстандық программистердің жұмыспен қамтылуына жол ашылатынын аңғарамыз. Экономикалық тұрақтылықтың кепілі Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті қолдауға да басымдық бермек. Осы мақсатта кәсіп-керлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құрылады. Сол арқылы бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту көзделіп отыр. Бұдан басқа кәсіпкерлердің еліміз бойынша коммерциялық мақсаттағы жер телімдері мен аукциондар туралы толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандартын енгізуге және электронды үкімет жұмысын жандандыруға да мүмкіндік тумақ. Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуінде осы мәселелерді одан әрі пысықтады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында тараптар өңірдің бас жоспары енгізілген интерактивті карта даярлау бастамасын талқылады. Бұл карта арқылы ақмолалық кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, бос жер телімдері туралы толық мәліметтер алатын болады. Сол арқылы кәсіпкер өз ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік алады. Мәулен Әшімбаев жергілікті кәсіпкерлерге мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жандандыруға бағытталған партиялық жобалардың да маңызын түсіндіріп, оларды осы бастамада белсенділік танытуға шақырды. Ұлттық құндылықтардың өзегі Партиялық жобалардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру бастамасы да бар. Осы бағыттағы жұмыс барысымен танысу үшін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханаға арнайы келді. Бүгінде бұл нысанда коворкинг орталығы ашылып, келушілердің кітап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Яғни, топпен немесе жеке жұмыс істеуге арнайы орындар қарастырылған, тегін Wi-Fi орнатылып, қажетті техникамен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда «Мобильді кітапхана» интерактивті оқу залы жұмыс істейді. Ол жерде келушілер қалаған кітаптардың электронды нұсқаларын ұялы телефондары арқылы оқи алады. Сол үшін кітаптардың QR-кодтары дайындалған. Кітапхана директоры Талғат Ибраевтың сөзіне сүйенсек, руханият ордасында «Рухани қазына» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. Соның аясында 94 әлеуметтік-мәдени және инфрақұрылымдық кіші жоба қолға алынып, 2017 жылы жалпы сомасы 298 миллион теңгені құрайтын 42 жоба жанданды. Одан бөлек, ауылдық кітапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кітапхана – білім мен парасат ордасы» жобасы мен Magjan.kz тарихи-әдеби порталы жұмыс істейді. Бүгінде кітапхана қорында 361 036 кітап бар. Оның ішінде 122 215 кітап цифр-ландырылған. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жобалардың маңызы туралы айтып, оларды өңірлерде жүзеге асырудың маңызы зор екеніне тоқталды. – Партиялық жобаларды жүзеге асыруда Ақмола облысының қарқыны көңіл қуантады. Жаңадан ашылған ІТ сынып пен ІТ орталық жергілікті азаматардың цифрлы сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың сұранысқа ие кәсіби бағдарламашы ретінде қалып-тасуына мол мүмкіндік береді. Облыстық кітапхананың заман талаптарына сай бейімделуі де оқырмандар қатарының артуына өз септігін тигізеді деп сенемін. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да өңірде көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы партиялық жобалардың жемісі екені сөзсіз. Алдағы уақытта партия қазақстандықтардың заман талаптарына бейімделген, инновациялық жетістіктерді еркін меңгерген, ІТ саласында бәсекеге қабілетті болуы үшін бастаған жұмыстарын лайықты жалғастырады, – деді Мәулен Әшімбаев. Сапар соңында Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық активімен кездесіп, партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, ол осы бағыттағы партия жұмысының мақсат-міндеттерін айқындап, ақмолалық нұротандықтарға бірқатар тапсырмалар берді.
ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ – САПА МЕН ТАБЫС КЕПІЛІ
5 Мамыр 2018 ж. Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасын жариялаған кезде халқымыз үшін айрықша маңызы бар бұл шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алуды «Нұр Отан» партиясына жүктеген болатын. Соған орай еліміздің жетекші саяси күші жүйелі жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша партияның мұрындық болуымен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы өтті. Кеңес құрамына еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар және сарапшы мамандар мүше болды. Отырысты «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашты. Ол Мемлекет басшысының партияға Қазақстан халқы ассамблеясымен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп, «Бес әлеуметтік бастаманың» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауға алуды тапсырғанын айтты. Соған байланысты жаңадан құрылған Қоғамдық кеңес Елбасы бастамаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жалпыхалықтық бақылауды қамтамасыз етпек. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараттан бастап, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фрак-цияларын, партияның филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарын және қоғамдық қабылдау бөлмелерін жұмылдырады. Сонымен бірге, біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасын уақытылы әрі сапалы жүзеге асырудың қазақстандықтар үшін қаншалықты маңызды екенін ескеріп, аза-маттық қоғам өкілдерімен күш біріктіріп, жұмыс істеуді қолға алып отырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасы-ның жүзеге асырылуын айрықша бақылауға алатынын айтып, тіпті осы істе олқылық жіберген шенеуніктер дер кезінде анықталатынын да тілге тиек етті. – Біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда немқұрайлылық танытқан азаматтарды анықтап, қажет болса оларды жауапқа тарту мәселесін көтеретін боламыз. «Нұр Отан» партиясы ешкімге Елбасы бастамаларын сөзбұйдалыққа салып, кешеулетуге жол бермейді, – деген Мәулен Әшімбаев Қоғамдық кеңестің аталған жұмыс бойынша ақпараттарды түрлі дереккөздерінен алып отыратынын жеткізді. Мәселен, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және қарапайым халықпен тығыз жұмыс істеу арқылы Кеңес Елбасы бастамаларының орындалу барысын қатаң бақылап отырмақ. Осы ретте халық қажетті ақпараттарды қоғамдық қабылдау бөлмесі, партияның веб-сайтындағы арнайы 5bastama айдары немесе жедел желі арқылы хабарласып, бере алатынын атап өткен жөн. «Мұндай қадам бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру кезіндегі олқы тұстарды уақытылы анықтап, оны тиімді шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», – дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. Жиын барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы сайланып, оның жұмыс барысы пысықталды. Кеңес мүшелерінің қолдауымен төрағалық міндет Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловқа жүктелді. Оның сөзіне қарағанда, кеңестің жұмысын «Нұр Отан» партиясы ұйымдастыратын болады. Яғни, әр әлеуметтік бастама бойынша жұмыс тобы құрылып, оларға партия хатшылары жетекшілік етпек.
Кеңестің басты міндеті – әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау. Сондай-ақ, бағдар-ламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Одан бөлек, Елбасы бастамаларын жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жарияланғалы бері екі ай уақыт өтті. Осы мерзімде Үкімет айтарлықтай жұмыс атқарып, арнайы Жол картасын да даярлады. Бүгінде осы бағдарлама бойынша бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, Жол картасы арқылы 35 іс-шара жүзеге асырылмақ. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасы бойынша Ұлттық банк осы мамыр айында бекітілетін «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Соған орай банктер бағдарлама шарты бойынша осы жылдың екінші жартысынан бастап, жаңа ипотекалық кредиттер бере бастайды. Ал жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, еңбекақысы төмен жұмысшылардың жеке табыс салығын төмендетудің оңтайлы тетігі айқындалды. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған үшінші бастама бойынша тиісті Үкімет қаулысы қабылданды. Жаңа гранттардың бөлінуін қаржылай қамтамасыз етуді және олардың құнын ұлғайту үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде 5 млрд теңге қарастырылды. Сол сияқты шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бастамалары бойынша да нақты жұмыстар қолға алынды, – деді Т.Сүлейменов. Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасының тетіктері мен шағын несие беру мәселесіне тоқталып өтті. Ал Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов студент жатақханаларының құрылысы мен қосымша бөлінген 20 мың білім гранты жайында сөз қозғады. Одан бөлек, басқосуда мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың жетек-шілері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және білікті сарапшылар мен белсенді азаматтар сөз алып, көтерілген тақырыпқа қатысты өз ұсыныстарын жолдады.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасын халық ерекше қуанышпен қабыл алды. Сондықтан, оның тиімді жүзеге асырылуы аса маңызды. Әрине, Үкімет тарапынан бүгінде бірқатар игі істер қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен олардың қаншалықты деңгейде екенін бақылап отырудың берері мол. Сол себепті бүгін Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы арнайы Қоғамдық кеңес құрып отыр. Кеңес құрамына назар аударатын болсақ, еліміздегі жетекші саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген. Қоғамдық бірлестік өкілдері мен белсенді азаматтар да осы Кеңестің құрамында. Бұл дегеніңіз – бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуы жалпыхалықтық бақылауда болатынын білдіреді. Осы ретте Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы да айта кетейін, Яғни, Кеңеске мүше 27 адам бес жұмыс тобына бөлінген. Әр топқа «Нұр Отан» партиясының хатшылары жетекшілік етеді. Осылайша, біз Елбасының әр бастамасы бойынша нақты бақылау жүргізіп, олардың елге өз игілігін тигізуін қамтамасыз ететін боламыз, - дейді Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов.
«Нұр Отан» партиясының бүгінгі атқарып отырған жұмыстары жайлы өзге де қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдерінің пікірлерін тыңдап көрелік.
Жамбыл Ахметбеков, «Қазақстан» Коммунистік халық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты: – Қоғамдық кеңестің басты міндеті – Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру ісін жан-жақты бақылау. Бұл ауқымды жұмысқа «Нұр Отан» партиясы өзге де саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, тағы да басқа белсенді қоғам мүшелерін жұмылдырып отыр. Аталған Кеңес ең біріншіден, Елбасының тапсырмасы бойынша құрылды. Екіншіден, бүгінде елімізде Үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Бірақ халық олардың бәрінің бірдей маңызы мен мәнін тиісті деңгейде түсінбеуі мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, жаңадан құрылған Қоғамдық кеңес Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда аталған олқылықтардың алдын алуға жұмыс істейді. Бақылау қоғамдық деңгейде жүргізілгендіктен, оған кез келген азамат қатыса алады. Яғни, Елбасы бастамалары халықтың тікелей бақылауында деуге толық негіз бар. Сол арқылы бастамалардың олқы тұстарын анықтап, оған жауапты мемлекеттік органдарға өз ұсыныстарымызды жолдайтын боламыз. Қажет жағдайда Үкімет өкілдерін шақырып, атқарылған жұмыстары бойынша есептерін де тыңдауға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан бұл бастаманың берері мол деп есептеймін және оған «Қазақстан» Коммунистік халық партиясы белсене атсалысатынын жеткізгім келеді.
Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Сенат депутаты: – Әрине, әр партияның өзінің ұстанған бағыты, көздеген межесі болады. Бірақ біздің бәріміздің басымызды бір арнаған тоғыстыратын дүние бар. Ол – халықтың мүддесі. Осы тұрғыдан келгенде жаңадан құрылған Қоғамдық кеңестің көтерер жүгі салмақты боларын аңғарамыз. Себебі, бұл Кеңеске бірнеше саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, тағы да басқа белсенді азаматтар мүше болып отыр. Кейде белгілі бір жайттарға қатысты пікірлері үндеспейтін олар енді ортақ мақсатта жұмыс істеуге бел буып отыр. Ол әрине – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына бақылау жүргізу. Бұл ретте «Ауыл» партиясы да нақты ұсыныстарын айтып, тиісті жұмыстарды қолға алмақ. Біз негізінен осы бастамалардың игілігін ауылдық жерлердегі халықтың көруіне күш жұмсайтын боламыз. Өйткені бес бастаманың барлығы да ауылдықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға тікелей қатысты. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріп, Кеңес арқылы бақылауды күшейтуді ойлап отырмыз.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы: – Елбасының бес әлеуметтік бастамасы еліміздің жарқын болашағына бағытталған. Әсіресе, бұл бастамалар жастардың сапалы білім алып, олардың жайлы өмірлері үшін берілген мол мүмкіндік. Сондықтан оның жүзеге асырылуына тек Үкімет пен әкімдіктер жауапты болмауы керек. Кез келген қазақстандық назар аударып, осы бағытта істеліп жатқан жұмыстарды бақылап отыруы тиіс. Құрылып отырған Қоғамдық кеңес халыққа осындай мүмкіндік береді. Өз басым бақылау жұмыстарына жастар тарапы белсене қатысады деп ойлаймын. Себебі, бастамалардың орындалуы олардың өмірлеріне тікелей қатысты. Мысалы, қолжетімді баспана, сапалы жоғары білім, жайлы жатақхана сияқты игі істердің жас буын үшін маңызы зор. Ал газбен қамтамасыз ету, шағын несие көлемін ұлғайту және жалақысы төмен азаматтар үшін салықты төмендету бастамалары барша халықтың жайлы өмір сүруі үшін қолға алынып отыр. Осындай басымдықтарды ескеріп, «Бірлік» партиясы бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізуге өз үлесін қосатын болады.
ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК
Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынас уақыт өткен сайын нығайып келеді. Соның ішінде партияаралық байланыстың да бар екенін ерекше атап өткен жөн. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев елімізге арнайы келген Ресейдің «Единая Россия» партиясының өкілдерімен кездесті. Көрші елдің делегациясын Қазақстанға аталған партия Бас кеңесі хатшысының орынбасары, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Сергей Железняк бастап келді. Сондай-ақ делегация құрамында Мемлекеттік думаның депутаттары Расул Боташев пен Алексей Воевода және «Единая Россия» партиясы Орталық атқару комитеті Халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Константин Петриченко да бар. Мәулен Әшімбаев екі партия арасындағы өзара ынтымақтастыққа ерекше назар аударып, достыққа негізделген бұл қарым-қатынас Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан ары нығаюына да өз әсерін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол ресейлік әріптестерін 2018 жылдың 18-наурызы күні Ресей Федерациясы президентінің сайлауын сәтті өткізулерімен құттықтады. Сайлауда Владимир Путиннің айқын жеңіске жетуі оған Ресей халқының ел дамуына қосқан үлесі үшін берген лайықты бағасы екенін айтқан Мәулен Әшімбаев: «Владимир Путиннің Ресей президенті болып сайлануы осыған дейін негізі қаланған екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан ары нығайта түседі деп есептеймін», – деді. Кездесу барысында екі ел басшыла-рының арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынас жайы да сөз болды. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: «Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси байланыс орнаған. Барлық салада ынтымақтастық серпінді дамып келеді. Екі елдің өзара байланысының нығаюында мемлекет басшыларының достық қарым-қатынасы айрықша рөлге ие. Бұл елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің негізі болып табылады», – деді. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық және партияаралық байланыс жоғары деңгейде екеніне назар аударып, елдеріміздің қарым-қатынасы тәуелсіздікке құрмет, аумақтық тұтастық, ұлттық мүдде және бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпаушылық тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл – әрине, ерекше атап өтерлік жайт. Мұндай қадам екі ел арасындағы сындарлы әрі перспективалы өзара қарым-қатынастың берік іргетасы екені сөзсіз. Кездесу барысында тараптар партияаралық әріптестікті, соның ішінде өңірлік партиялық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, өзара іс-әрекеттің алдағы басым бағыттарын айқындау сияқты мәселелерді де талқылады. Екі елдің ішкі саясатындағы маңызды қадамдар, негізгі мақсаттар мен міндеттер жайы да әңгіменің арқауына айналды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасында айтылған басым бағыттарға да тоқталып өтті. Соған орай, Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында «Нұр Отанның» – Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып саналатын елдердің жетекші партияларымен халықаралық байланысты дамыту үшін қарқынды жұмыс істеп жатқанын айтты. «Бұл ретте Ресейдің алар орны ерекше. Сондықтан екі партияның әріптестігін нығайтуға айрықша көңіл бөлуіміз керек» деді Мәулен Әшімбаев. Осы ретте айрықша атап өтер жайт, бүгінде аталған екі саяси ұйым да жаңғыру үдерісін қарқынды жүргізуде. Соған байланысты екі партияның да өкілдері бір-бірінің тәжірибелеріне ерекше қызығушылық танытты. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтып: – Бүгінде біз 20-дан астам партиялық жо-баны дайындап, жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеттік. Олардың қатарында партия қызметін трансформациялау, цифрландыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету сияқты басым бағыттар бар. Біздің басты мақсатымыз – заманауи, инновациялық, жоғары технологиялы ХХІ ғасырдың саяси ұйымын құру, – деді. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай кездесулер жаңа партиялық жобаларды жүзеге асыруда, мемлекеттік биліктің заң шығарушы органдарының жұмысына қатысуда, жастар саясатын жетілдіруде, халықаралық байланыстар мен басқа да салаларды дамытуда тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде ресейлік делегация өкілдері де «Единая Россия» партиясы тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және экономикалық жобалар туралы айтып, партияның ішкі жұмысын жандандыруға бағытталған реформаларға ерекше тоқталды. Сонымен бірге, олар Қазақстан Президентінің игі бастамаларына да назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқының жағдайын одан ары жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамалары біздің де қызығушылығымызды оятты. Өйткені, біздер де осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып, тың жобаларды қолға алдық. Сол бастамаларымыздың мәнін халықтың дұрыс түсінгені – біз үшін аса маңызды. Сондықтан, осы бағытта тәжірибе алмасудың берері мол деп есептеймін, – деді Сергей Железняк. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін жұмыстарды одан ары күшейтетіндерін айтты. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы мен «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясы арасында өзара іс-әрекет және ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.
Еламан ҚОҢЫР «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі
qazaquni.kz