250 ТАЛАПКЕР ҰБТ-ны АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ТАПСЫРМАҚ
2018 ж. 28 маусым
3172
0
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Әлемде Қазақстан халқы үш тілді білетін, жоғары білімді ел ретінде танылуы керек. Бұл: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикамен сәтті ықпалдасудың тілі», - деген еді.
Үштілділік – заман талабы, жаһандануға апарар баспалдақ, әлемдік коммуникацияға жетелер жол. Президентіміз атап өткендей, үш тілділік рухани жаңғырумен бірге өрбіп, бүгінгі қоғамның бет-бейнесіне айналуы керек. Осы орайда еліміздегі білім саласындағы жүргізіліп жатқан бірқатар реформалар өз нәтижиесін беріп жатыр.
Оған дәлел республикамыздың біршама қалаларында интерактивтi білім беру қолға алынып жатыр.Бұл әдістің басты мақсаты оқушының тек қана білім алып қана қоймай, өзара тәжірбие алмасып,білімін практика жағынан шыңдау болып табылады. Интерактивті білім берудің қазіргі кезде дәстүрлі білім беруден әлдеқайда тиімді екені белгілі болып отыр.Әзірге интерактивті білім беру тек тәжірбие ретінде ғана беріліп отыр.
Одан бөлек, Қазақстанда ең алғаш 2004 жылы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу енгізілген еді. Алайда,бастапқы кезде бұл жүйе көптің көңіліне сенімсіздік ұялатып, талапкерлерді шошытқаны мәлім.Шындығында,білім беру тек бір жақты болмауы тиіс. Баланың сауатты болуына ата-ана да өз үлесін қосқаны абзал. Осы ретте, «Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс. Бұл ретте, қазақ тілін оқытуды да ұмытпауымыз керек» деген пікірді Елбасы алға тартқан болатын.
Уақыт өте келе, көптеген қателіктер өз шешімін тауып, бүгінде ҰБТ оқушылардың білімін тексерудегі оңтайлы әдіске айналды. Жылдар бойы жинаған білімнің нәтижиесі арқасында республикамыздың қалаған оқу орнына ақысыз білім алуға мүмкіндік туып отыр.
Әрине, жыл сайын ҰБТ бағдарламасы шыңдала түсуде. Осыған байланысты, биылғы жылы тест тапсыру жүйесіндегі соңғы жаңалықтарды ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берді. «Біз грантты алу кезінде оқуға түсетіндер үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге уәде берген болатынбыз. Өз сөзімізде тұрдық. Енді «Алтын белгі» иегері өзге де мектеп түлектерімен балдары тең болған жағдайда ғана басымдықты құқыққа ие. Жалпы, ҰБТ-ны тапсыру форматы бұрынғысынша қалады. Тек қана сұрақтардың басым бөлігі ауысты. Былтыр сұрақтардың 25 пайызын ауыстырсақ, биыл тағы да 25 пайызы өзгерді», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Сонымен қатар Е.Сағадиев ағымдағы жылы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі енгізілгенін еске салып өтті. «250-ге жуық адам тұңғыш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырады деп күтілуде. Дәл сол сұрақтар енгізіледі, ешқандай жеңілдік болмайды. Негізі, бұл оқушылардың өздерінің ниеті бойынша жасалып отыр», – деді министр.
Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, мектеп оқушысы тестті қай тілде тапсыратынын өзі таңдайды. «Шынымен де, осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берейін деп отырмыз. 10-наурызда тестті тапсыру туралы өтініштер қабылдана бастады. Аталған жұмыс мамырдың ортасына дейін жалғасты. Сондықтан ағылшын тіліндегі тесті кімнің және қанша адамның таңдағанын әзірше нақты санын дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, ағылшын тілінде білім беретін кейбір мектептер одан тысқары қалмайтын шығар», – деді А.Аймағамбетов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында. Оның сөзіне сүйенсек, ағылшын тіліндегі сұрақтардың қазақша және орысша нұсқадан айырмашылығы жоқ. «Ағылшын тіліндегі сұрақтар дайын және тест кітапшаларына енгізілді. Барлық сұрақтар оқу бағдарламасы аясын қамтиды және білім беру талаптарына сай жасалынған. Қазақ тілінде болсын, орыс тілінде болсын, мазмұны жағынан көп айырмашылық жоқ», – деп атап көрсетті А.Аймағамбетов.
Жасыратыны жоқ, еліміздің көптеген аймақтарында ағылшын тілін тереңдетіліп оқытатын, халықаралық стандарттар мен мемлекеттік бағдарламаны қатар алып жүрген біршама білім ордалары бар. Биылғы жылдың жаңалығы сол білім ордаларының түлектеріне жасалған оңтайлы шешім болары сөзсіз.
Анығында, көз жүгіртіп қарасақ еліміздегі білім жүйесінің қарқынды дамып, әлемдік стандарттарға сай білім ала отырып, жастарымыздың үштілділікпен қатар өзге де салаларда білімін ұштап жатқанына көз жеткізуге болады.
Көптеген жастарымыздың әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы университеттерге өз күшімен грант жеңіп, шақыртулар алып жатқаны көпшілікке мәлім.
Қазіргі кездегі білім саласындағы жасалып жатқан талпыныстар мұнымен тоқталып қалмасы анық. Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағдарламалар келешек ұрпаққа ертеңгі күнге нық сеніммен жоспар құрып, еліміздің жарқын болашағы үшін жұмыс істеуіне жол ашары сөзсіз.
Әмина ӘЛМАХАН Қазақ Америка университетінің І-курс студенті
qazaquni.kz