Медициналық кепілдік
2018 ж. 28 мамыр
5095
0
Медицина дамыған сайын емделудің түрлі жолдары пайда болуда. Бүгінде медициналық сақтандыру бойынша тегін қызмет түрлері ұсынылуда.
Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Қордағы қаражат есебінен азаматтарға тегін көмек көрсетіледі.
Жаңа жүйе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККБК), Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және басқа да қаржыландыру көздерінен құралмақ. «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ең төменгі әлеуметтік стандарт болып саналады. Оның аясында медициналық көмекті қажет ететін төтенше және шұғыл жағдайларда, әлеуметтік маңызы бар ауруларды (туберкулез, АИТВ, психикалық ауытқушылықтар) анықтау мен емдеуде қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл санатқа бастапқы медициналық-санитарлық көмек аясында басқарылатын негізгі созылмалы жұқпалы емес ауруларды, өзгелерге қауіп төндіретін өте жұқпалы ауруларды анықтау мен емдеу кіреді», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде азаматтарға қымбат зертханалық және диагностикалық қызметтер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қамтылмаған аурулар үшін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық көмекті алмастыратын медициналық қызмет пен медициналық оңалту ем-домы қолжетімді болмақ. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда қарастырылмаған қызметтер өзге де қаржыландыру көздері арқылы қамтылуы тиіс. Сонымен бірге, Л.Ақтаева тегін көмек пен медициналық сақтандыруда қолжетімді болатын медициналық қызметтер туралы айтып берді.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі бастапқы медициналық-санитарлық көмек тізімі мынадай: профилактикалық екпелер мен медициналық тексерулер, мақсатты топтар скринингі, тоқ ішек, сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісігі, қан айналымы аурулары мен глаукома, 1 жасқа дейінгі балалар патронажы мен жүктілікті бақылау. Сондай-ақ, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын науқастарды үздіксіз бақылау (29 ауру тобы), жедел медициналық жәрдем, салауатты өмір салты бойынша дәріс беру, зертханалық диагностика қызметтері (126 қызмет), аспаптық диагностикалық зерттеулер (электрокардиография, артериялық қысымды тәуліктік бақылау, спирография)», – деді вице-министр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі консультациялық-диагностикалық қызметтерге бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде басқарылатын созылмалы ауруы бар науқастарды үздіксіз бақылау (2,4 млн адам) және әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау мен емдеу жатады. Одан бөлек, микроэлементтерді, ферменттерді, дәрілік заттарды биохимиялық зерттеу сынды 750 қызмет түрі енетін қымбат зертханалық диагностика мен аспаптық зерттеу қызметтерін қосуды ұсындық», – деп атап өтті Ләззат Ақтаева.
qazaquni.kz