ҚАЗАҚ ЕТ ЖЕУДЕН ҚАЛҒАНЫ МА?
2018 ж. 05 мамыр
4669
0
Ас атасы – нан, оған ешкімнің таласы жоқ. Ал, аталарымыздың асы – ет екенін де жоққа шығара алмаймыз. Етсіз тағамды қазақ атаулы менсіне бермейді, қарнын тойдырып, көңілін де көншітпейді. Өйткені, ғасырлар бойы етті азық еткен, етпен өмір сүрген ұлттың ағзасы соны талап етеді. Түрлі шөппен қоректенетін мал етінде адамға қажет деген дәруменнің бәрі бар. Олай болса бүгінгі кезекті әңгімеміз сол аталарымыздың асы – ет туралы болсын...
Ата-бабаларымыз мал шаруашылығының асқан маманы болған, оның қыр-сырын өзгелерден артық білген. Кең-байтақ даласында мыңғырған малы жайылып, оның санын үнемі көбейтумен келген. Ешқайсысы ғылым докторы, айтулы академик болмаса да сұрыптаудан өткізіп, төрт-түліктің тұқымын жетілдіре білген. Бұған да ешкім қарсы дау айта алмайды. Жаппай жаһандану деп аталған мына заманда аталмыш сала бойынша біз сол бабаларымыздың бұрынғы деңгейіне жете алмай, қор болып жүргенімізді ұят та болса толықтай мойындауымыз керек.
Дүниежүзілік дамудың даңғыл жолына түсіп алып, балағымызбен шаң боратып, шатымыз айырылғанша далбалақтап шауып келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды. Бір сәт тоқтай қалып, ентігімізді басып, өткенімізге көз жүгіртіп, алды-артымызға қарасақ – баяғыда өмір сүрген бабаларымыздың бізден әлдеқайда ақылдырақ болғанын байқаймыз. Жерін жаудан қорғап, келешек ұрпағына мол байлықты аманат етіп кеткен аталарымыздан айналайын деуіміз керек. Олар «көрейін де өлейін» деп бір күнін ғана ойламаған, ұлтының болашағын бағдарлай біліп, сол үшін алдынаала қам жасаған. Озық мәдениеті мен өнері, ешкімге ұқсамайтын ерекше ұлттық тәлім-тәрбиесі мен салт-дәстүрінің өзі неге тұрады?! Әрине, бүгінгі дамыған ғылым мен білім, техника мен технологияға да назар аударғанымыз жөн, оны да игеруге міндеттіміз. Өкініштісі, біз қарапайым ғана нәрседен сүрініп жатамыз. Ата-бабадан жеткен, ғасырлар сынынан өткен, қанымызға сіңген сол тәжірибені лайықты жалғастыра алмай жатып, аспандағы айға азуымызды білеп әлекпіз. Айға қол созу үшін де аяғыңның астындағы табан тірер негізің мықты болу керек қой. Қарапайым қағиданы игере алмай жатқанда, өзімізге беймәлім істі қалай атқармақпыз? Айтайын дегеніміз – бізге етене жақын ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жайында.
Мал болмаса ет қайдан келсін. Аграрлық мүмкіндігі мол ел бола тұрып, қазаққа етсіз отырудың өзі қисынсыз, тіпті ұятты жағдай. «Ет жесең – тісіңе кіреді, жемесең – түсіңе кіреді» деген әдемі де астарлы әзіл айтатын қазекем қателеспеген екен. Бүгінгі күні қазақ үшін – тағамның төресі саналатын ет өнімінің бағасы тым шарықтап кетті. Біреулердің иті етті иіскемей тұмсығын теріс бұрса, қарапайым көпшілік үшін ол түсінде ғана көретін қолжетімсіз тағамға айналды. Басым көпшіліктің әрі кеткенде алатын 60-70 мың теңге айлығы немесе мардымсыз зейнетақысының тең жартысын коммуналдық төлемдерге берген соң, қара нан мен картопты қанағат етеуге мәжбүр. Сол картоп пен көкөніс атаулының да бағасы арзан емес, маусым сайын көтеріліп тұрады. Бұдан кейін аталарымыз айтқандай қарапайым қазақ етті түсінде ғана көретін болды деуімізге толық негіз бар.
Жақында біздің ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдегендей наурыз айында қазақстандықтардың орташа айлық табысы көтеріліп, адам сенгісіз 154 мың теңгеге жетті дегені рас болса біз бұл әңгімені мүлдем қозғамаған болар едік. Осыншама сома қарапайым адамдарды байытып жібермесе де өзіне аса қажет заттарды сатып алуға жетер еді. Халықтың тұрмыстық жағдайын жоғарыдан емес, төменнен бастап есептеу керектігін министр мырза білмейді екен. Өйткені, ол төменде не болып жатқанын, қарапайым тұрғындар не күй кешіп жатқанынан мүлдем бейхабар. Соған қарағанда Сүлейменов мырза 50-60 мың теңге айлықтың өмір сүруге жетер-жетпесін білмейтін сияқты, ол туралы түсінігі де жоқ екені көрініп тұр. Егер жоғары жақтағы министр, әкім, депутаттардың ортақ жалақысымен санасақ әрбір қазақстандық миллионер болып шыға келер еді. «Өтірік айтқан соң, бірден бүкіл қазақстандықтар шетінен шіріген бай деп айта салмады ма?» – дейді біздің редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз министрдің осы мәлімдемесіне орай. Ия, халықтың сатып алу мүмкіндігі тікелей алатын айлығына тәуелді. Мардымсыз жалақы алатындардың аузына еттің өзі түгіл, мұрнына иісі де келмесі белгілі.
Түрлі аймақтардағы сауда орындарында зерттеу жүргізген тәуелсіз сарапшылардың соңғы деректеріне қарағанда ет өнімдері елімізде тағы да қымбаттап, қат дүниеге айнала бастаған. Бір кездерде етсіз жайылмайтын қазақтың дастарханы жұтаң тартқанын күнделікті тұрмысымыздан көріп жүрміз. Әсіресе, ең өтімді сиыр еті келісіне 200-400 теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ, жылқы мен қой етінің құны да шарықтап тұр. Сатушылар қымбатшылықты көктемгі тапшылықпен байланыстырса, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер болса бағаның өсуіне не себеп екенін де нақты айтып бере алмай отыр деген пікірлерін білдіріпті сарапшылар. Анығы – еттің бағасы былтырмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Статистика комитетінің мәліметінше сиыр еті – 9,9, жылқы еті - 8,8, құс еті – 0,4 пайызға көтеріліпті.
Еттің бағасы әр өңірде әр түрлі. Мысалы, Қарағандыда жылқы еті Қазақстан бойынша ең қымбат, келісін 2 мыңнан 2 мың 800 теңгеге дейін көтеріп сатуда. Астанада ірі қара мен қой етінің құны 1300-1400 болған, қазіргі баға 1700-ге дейін өскен. Атырауда өзге өңірлермен салыстырғанда құс етінің құны мүлдем қымбат. Ең өтімді ірі қара етінің де бағасы удай. Келісі екі мыңнан асып кеткен. «Егер ет жеймін десек алған зейнетақымыздың жартысы тек қана соған кетеді. Мен мысалы 9-10 келі ет алуым керек, ең арзаны 1900-2000-нан сатылып жатыр. Сонда ойлаңыз 10 келі етке 20 000 теңге керек. Алатын зейнетақым – 48 000 теңге» – дейді Атырау қаласының тұрғыны Сәния Ахметова.
Ал, сатушылар қымбатшылыққа ешқандай қатысы жоқтығын айтады. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдасы 50 теңге ғана екен. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бағаның өскенін біледі. Бірақ, құнның шарықтауының шынайы себебін айта алмайды. Бар айтары қымбатшылыққа еттің шетелге экспортқа шығарылуының қатысы жоқ деп отыр. «Былтыр 990 мың тонна ет өндірілді. Оның 450 мыңы ірі қара еті. Бұл ішкі сұранысты қамтуға толық жетеді. Ал, экспортқа небары 5,5 тонна ғана шығарылды. Сондықтан, экспорттың қымбатшылыққа мүлдем қатысы жоқ. Биыл өндірілетін еттің көлемі артады. Жетіспеушілік жоқ» – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы миинстрлігі департаментінің бас маманы Ескендір Мухлисов. «Шаруаның шығындары да бар. Ол жем-шөп сатып алуы керек. Солярканың да құны өскен. Барлығы көктем кезінде қымбаттайды. Бұл еттің бағасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан, аспандаған бағаның жақында түсе қоюы екіталай. Ал, ет сатып алу үшін ақшасы жетпегендерге тауық етін місе тұта тұруына тура келеді» – дейді ҚР Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев.
Тәуелсіз сарапшыларға құлақ түрсек, бағаның өсуіне осы көктемгі тапшылық себеп болған секілді. Яғни, жұрт күзде, қыста жаппай соғым сойған кезде, баға арзандайды. Жаз пен көктем мезгілінде көтеріліп шыға келеді. Бұл жерде бағаның көтеріліп-түсуіне ет өніміне деген сұраныстың да қатыстығы байқалады.
Ет өнімінің қымбаттау себептері жалғыз бұл емес. Алдында айтқан жем-шөп, жанар-жағар майға қоса ортадағы делдалдар да бағаны көтерушілердің бірі болып есептеледі. Олар бір малды 2-3 жыл бағып өсірген тұрғындардан да қиналмай-ақ көп пайда табады. Етті ауылдардан арзан бағаға алып, базардағы саудагерлерге қымбатқа өткізеді. Саудагерлер де өз кезегінде үстінен пайда көреді. Сөйтіп ет тұтынушыға жеткенге дейін бірнеше қолдан өтеді. Ал малшылар өзі өсірген малын сойып, сауда орындарына әкеліп сата алмайды. Оларды базардың маңына жолатпайды. Үлкен қалаларда әрбір сенбі, жексенбі сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де еттің бағасын түсіруге қауқарсыз. Бұл жерге де делдалдар дендеп кіріп алған, бағаны түсірткізбейді. Оның үстіне аптасына екі күн ғана өтетін бір ғана жәрмеңке алаңы бүкіл қаланың сұранысына жауап бере алмайды.
Сол сияқты сауда орындарының жалға беру бағасы да еттің құнына әсер етеді. Осы мәселені шешу үшін соңғы жылдарда көптеген түрлі ұсыныстар жасалғаны белгілі. Соның бірі – көптеген шетелдердегідей ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлердің өз өнімдерін өткізу үшін ірілі-уақты қалаларда арнайы жекеменшік фирмалық дүкендерін ашу болып табылады. Бірақ, бұл мәселе тек қана сөз жүзінде қалып келеді. Осы ұсынысқа құлақ асып, қол ұшын берген бірде-бір қала әкімін көрген жоқпыз. Фермерге қаладан жер беріп, дүкен салып берді дегенді естімеппіз. Оған не кедергі болуы мүмкін? Әрине, біздегі оңай ақша табудың жолын игерген базар иелері бірінші болып тосқауыл қояры анық. Өйткені, арнайы дүкендерде өнім бағасы арзандаса базар иелері табыстан қағылады. Сондықтан, олар мұндай жаңалықты іске асырмауға тамыр-таныстық және басқа да әдіс-айланың бәрін қолданары сөзсіз. Әділ бәсекеге негізделген нарық заңы оларға тиімсіз, өздері жеке-дара пайда табу керек. Ал, өнімінің құны өсіп, халықтың қалтасын қағып жатқаны олардың ешқайсысын ойландырмайды. Міне, бүкіл әлем қолдайтын біздегі нарықтың нарқы осындай. Қысқасы, нарық көпшілікті қарық қылып жатқан жоқ. Ол жекелеген адамдардың ғана қолына өтіп, солардың пайдасына жұмыс істеуде.
Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында тұр, халқының саны да көп емес. Мал шаруашылығын дамытуға мұндай мүмкіндіктер дүние жүзінде сирек кездеседі. Өкінішке орай, соны пайдалана алмай отырмыз. Көптеген жерлер жеке адамдарға сатылып кетті. Оны да дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Қурай басып, жылдар бойы босқа жатыр. Сол бос жатқан жерлерге ешкімді кіргізбейді. Тіпті ауыл айналасында мал бағатын жер қалмаған. Соңғы кезде үкімет бай латифундистер сатып алған ауыл маңындағы жайылым жерлерді тұрғындарға қайтару жөнінде шешім қабылдап, іске кіріскен сыңайлы. Мүмкін бұл да болса мал шаруашылығын дамытуға игі әсерін тигізер. Сол сияқты 2011 жылдан бастап «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» секілді түрлі бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Бірақ одан мал саны өсіп, елді арзан етпен қамтамасыз ету даңғыл жолға қойылмады. Әлі де ет импорты экспорттан жүздеген есе асып түседі. Мысалы, Қазақстан 2013 жылы шетке 1,6 мың тонна ет шығарса, өзге елдерден 209,8 мың тонна ет сатып алған. Қазіргі жағдай да одан асып, жөнделе қойған жоқ. Сондықтан да базарларда негізінен шетелден келген ет өнімдері сатылып жатыр.
Осы жерде мына бір мәселеге жете көңіл бөлу керек сияқты. Шеттен келген ет өнімдерінің сапасы ерекше алаңдатады. Ет көбінесе Канада, Аргентина, Уругвай , АҚШ сияқты алыс елдерден әкелінеді. Жеткізу жолы алыс болса да олардың бағасы жергілікті өнімнен неге әлдеқайда төмен? Бұл сұраққа БАҚ өкілдерінің біріне берген жауабында Қазақ ұлттық аграрлық университеті азық-түлік технологиясы кафедрасының меңгерушісі Әсия Демеуханқызы: «Бізге ет алыс елдерден әкелінгенмен, бағасы біздегіден төмен болу себебі – ол өнімнің бәрі сол мемлекеттердің стратегиялық қорынан алынған. Бұл өнімдер кем дегенде 20 жыл қатырылып сақталады. Ал, ондай етте қандай сапа болуы мүмкін. Содан да бағасы төмен болып келеді» – дейді.
Ондай өнімдер сауда сөрелерінде толып жатыр, көбінесе шұжық жасауға жұмсалады. Шұжықты да адамдарымыз тұтынады ғой. Шетелден әкелінген еттің сапасын тексеру де дұрыс жүргізілмейді. Тексеру барысында адам ағзасына зияны бар өнімдердің анықталғаны да белгілі. Ал, өзіміздің өсірген мал етін шетелге қымбаттау сатқанымызға мәзбіз. Соңғы жылдары шетелдіктер тарапынан Қазақстанның мал өнімдеріне деген сұраныс жоғары деп мақтанып, сүйінші сұрап жүргендер бар. Экологиялық таза өнімге кім қызықпасын? Сөз жоқ, бұл біреулерге тамаша бизнес болып отырғаны анық. Сол арқылы мол ақша жасап жатыр. Ақша таппасын деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, сол бизнес бүтін бір ұлттың денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын неге ойламаймыз? Кейін адамдарымызды емдеу үшін осы бизнестен тапқан ақшадан он, жүз есе артық шығын шығаратынымыз анық. Сонда нәтижесінде кім ұтып, кім ұтылады? Дәрі-дәрмекпен өскен мал етін сатқан шетелдіктер ұтады, оны жеген қазақ ұтылады.
«Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Халық баспанасыз, ашқұрсақ отырса, өзгелердің бізге тықпалаған демократиясы мен озық технологиясынан не пайда? Байлардың қалтасындағы миллиардтар қарапайым халыққа тамақ, шетелдегі сатып алған қымбат зәулім сарайлары бұқараға баспана болмайды. Сондықтан да өзіміміз өсірген малдың таза етімен елімізді толықтай қамтып, әрбір тұрғынға қолжетімді ету керек.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
qazaquni.kz