СЕНАТ ҚАБЫЛДАҒАН ЖЕР ЗАҢЫНА СҰРАҚ – КӨП, ЖАУАП – ЖОҚ...
2018 ж. 04 мамыр
2841
1
...2016-жылдың мамыры. Жер дауының қызып тұрған кезі. Біздің үйге кешке қарай қоғамдық белсенді жігіттердің біреуі келді. Әңгімелесіп, шәй ішіп отырғанбыз. Бір уақытта қоңырау соғылғанға әйелім есікті ашып еді, үйге бір топ полиция қызметкерлері сау етіп кіріп келіпті. Олардың түрін біз екеуміз залда отырғандықтан әйелім ертіп кіргенде бір-ақ көрдік. Сөйтсем, олар қасымдағы жігітті шеруге шығармай 15 тәулікке қамау үшін іздеп жүргендер болып шықты. Іздеген адмдарының біздің үйде екенін ұялы телефонның қоңырауы арқылы тауып алса керек. Содан бәрі жабылып «бізбен бірге полиция учаскесіне жүріңіз» дейді оған. Ана жігіт «аяқ-қолымды байлап апармасаңдар бармаймын» дейді. Полицейлер жатып жалынады. Көнбейді ол. Бір уақытта оларға «көмекке» сырттан азаматтық формадағы орта жасар жігіт келді. Өзін маған «Бауыржан» деп таныстырды.
Шымкенттегі аудандардың бірінің Ішкі істер басқармасында Қылмыскерлерді іздеу бөлімінің жетекшісі екен. Менің қонағымды алып кету үшін өлердегі сөзін айтты. «Аға, үйіңізден алып кеттім бе, үйіңізге әкеп саламын» деді. Шынын айтсам, аяп кеттім. «Жігіттік уәдесін беріп тұр ғой, дәл осы сөзден кейін алдамайтын шығар» дедім. Досым да сенді. Сөйтсек, әшейін айтыла салған сөз екен...
Төменде Мәжілістің аграрлық комитетінің төрағасының, Ауыл шаруашылығы вице-министрінің Жер кодексіне «шетелдіктерге жер беруге тыйым салатын» бес жылдық мораторий мерзімі біткенге дейін тағы да өзгерістер енгізілетін болады» деген сөздеріне қарап, сенерімізді білмей, ия сенбесімізді білмей айтып жатқанымыз ғой...
Сонымен, биылғы сәуірдің 21-күні «Азаттық. Орг» агенттігі төмендегідей жаңалық берді: «Парламент сенаты 19 сәуір күні «Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші және екінші оқылымда мақұлдады.
Заңнамаға 400-ден астам өзгеріс енгізетін жоба негізінен Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық жерлерді жалға беру тәртібін реттейді. Жоба жерді түгендеу, топырақ зерттеу, жайылымдық жер жағдайын анықтау, елді мекендердің шекарасын сызу мен мемлекет қажетіне жерді қайтарып алу жұмысын да қарастырады.
Заң авторларының айтуынша, жерді жалға беру конкурстарын өткізетін жер комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен
бөлек, үкіметтік емес ұйым өкілдері де кірмек. Сонымен қоса, жекелеген адамдар мен тұлғаларға жалға берілетін жер мөлшері шектелген. Жоба бойынша «шекараға жақын» аймақтардағы жер шетелдіктерге, шетелдік үлесі бар компаниялар мен шетелдік азаматпен некелескен Қазақстан тұрғындарына жалға берілмейді.
Сәрсенбіде өткен мәжіліс отырысында жер реформасын көздейтін заң жобасының қорытындысын оқыған депутат Берік Оспанов пен ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдеріне ешкім сұрақ қоймады. Сөйтіп елдің «Кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып кетті.
Мәжілістің аграрлық комитетінің төрағасы, депутат Берік Оспановтың айтуынша, «шетелдіктерге жер беруге тыйым салатын» бес жылдық мораторий мерзімі біткенге дейін жерге қатысты заң тағы өзгермек.
– Елбасының (Президент Н.Назарбаевтың – ред.) тапсырмасы мен Үкімет жоспарына сәйкес ауыл шаруашылық министрлігі және үкімет тарапынан комиссия құрылып, олар осы заң жобасын әрі қарай жетілдірудің, нақтылаудың жұмысын бастап кетті. Ол жұмыс тобы 2019 жылы жұмысын аяқтау керек деп мәлімделген болатын. Жер мәселесіне нүкте қою үшін жұмыс атқарылып келе жатыр, – деді Берік Оспанов.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев депутат сөзін жоққа шығарған жоқ. Ол «шешім қабылдарда қоғам пікірі ескеріледі» – дейді.
– Мораторий біткенше [жерді шетелдіктерге беру мәселесіне байланысты] қоғаммен бірлесе отырып шешім қабылданады. Қалай түсінбейсіздер?! Оған дейін елдегі ауылшаруашылық жерлер өлшеніп, шекара сызықтарын айқындау жұмыстары, мониторинг өткізіледі, – деді Ерлан Нысанбаев.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, мораторий Жер кодексінің «жерді меншікке сатуға, шетелдіктерге жер беруге» қатысты 24, 27, 34, 97, 101-баптары мен жекелеген нормаларына тоқтау салады».
Ал, 24-сәуір күні Сенат баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Қаба әлеуметтік желіде төмендегідей мәлімет таратты (постты қысқартып беріп отырмыз):
«ЖЕР САТЫЛМАЙДЫ, ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙДІ ЖӘНЕ ЕШКІМ ҚОЛ СҰҒА АЛМАЙДЫ.
Сенат ауыл шаруашылығы жері туралы осындай өзгерістермен Жер туралы заңды қабылдады.
...Депутаттар – өз елінің патриоттары. Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені, халықты ойлайды. Олар да халықтың бір бөлшегі. Ертең сол жерде олардың да балалары мен немерелері өмір сүретін болады. Сондықтан, ел мүддесіне немқұрайды бола алмайды, құқықтары жоқ. Олар халықтан биік тұрған жоқ. Олар халықтың, мемлекетттің қызметшілері. Сондықтан, Халық пен Парламент біртұтас ұғым. Заң қабылданғанға дейін депутаттар аймақтарға сапармен барып, халықтың пікірін тыңдады, ұсыныстарын жинақтады. Жерге қатысты ұлт патриоттары мен өзге де қоғамдық ұйымдардың пікірлерін, ашық хаттарда, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде айтылған ұсыныстар мен тілектерді ескеріп, негізге алды. Сенаттың тұрақты комитеттерінде талқыланып, олардың ұсыныстары ескерілді.
Осының негізінде ауылшаруашылығы жеріне қатысты Жер туралы заңға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ЖЕР ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ, ШЕКАРАЛЫҚ ЖЕРЛЕР ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙТІНІ,ОНДА ЕШБІР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ АЛМАЙТЫНЫ тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды.
...– мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
...мораторийда белгіленген бұрынғы шектеулерден басқа, тағы да қосымшаретінде,шекара маңы аумақтарында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге және құрамында шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салатын нормалар қарастырылды;
шетелдік азаматтар мен некелескен қазақстандық азаматтарға дәл осындай шектеулер белгіленіп отыр;
– бұдан басқа қазақстандықтарға уақытша пайдалануға берілетін ауылшаруашылығы жерлерінің шекті көлемін белгілеу;
– ауылдық жерлердегі халықтың малын жайылымдармен қамтамасыз ету;
– ауыл тұрғындарын жеке тұрғын-үй құрылысы үшін жер учаскелерімен де қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған.
Әрине, қаралып отырған заң жобасы жер қатынастары саласындағы бұрыннан қордаланып қалған барлық мәселелерді бірден шешіп тастайды деп ойламаймыз. Дегенмен, осы заң жобасы мораторийде белгіленген
«өтпелі кезеңдегі» мәселелерді шешуге толықтай мүмкіндік береді десек қателеспейміз».
Әділбек Қаба әлеуметтік желіде аталмыш постқа 24-сәуірден бері қойылған сұрақтарға назар салып, қаперге алмайтындай. Біз халық өзін мазалаған нақты сұраққа, оның ішінде Дос Көшім секілді қоғам қайраткерлерінен де нақты жауап алуға қақылы деген оймен олардың біразын жариялағанды жөн көрдік.
Раушан Қалмомынұлы:
Жерді өкімет сата алмауы мүмкін ал жеке тұлғалар сатпасын деген бап мүлдем жоқ сонымен бірге банктерде кепілде тұрған жерлерді сатуға тиым атымен жоқ сол үшін алдаудың қажеті жоқ. Сатылмасын деп нақты жазылмаған соң сатады және сатып та жатыр. Құрамында тек қана өз азаматтарымыз, бірақ қожайындары шет елдіктер болса оған тиым жоқ және мына заңның мораторий жарияланған төрт бапқа тіпті қатысы жоқ. Әу бастан халықтың жаппай наразылығы сол төрт бапқа қарсы болған еді, ал мыналар көзбояушылық қылып ол баптарға мүлдем тиіскен жоқ, сондағы бітіргендері шекара аумағындағы жерлерге ғана шектеу қою, ал қалғанын қалағанша сата бер.
Жаңабек Нар Әдеке:
Жер шетелдіктерге ауылшаруашылығына ғана емес, өндіріс пен полигонға да берілмеуі тиіс. Дамыған елдерде инвесторлар тек тапқан табысын иеленеді екен. Жер, ғимарат мемлекеттің меншігінде қалады.
Қатауов Талғат Тұрсынғалиұлы:
Автор Әділбек Қаба шекара маңындағы жерлер ғана шетелдіктерге сатылмайды және берілмейді деп жазып, халықты адастырып отыр. Мораторий біткесін шекарадан алыс аймақ пен өңірден шетелдіктерге жерлер 25 жылға жалға беріледі Жер кодексі бойынша, ол бабқа еш өзгеріс енгізбеді:
Buribay Karten:
«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ЖЕР ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ, ШЕКАРАЛЫҚ ЖЕРЛЕР ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙТІНІ,ОНДА ЕШБІР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ АЛМАЙТЫНЫ тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды» дейсіз. Күмән тудыратын бұлдыр сөйлемдер екен! Ауылшаруашылығына қатысты жер сатылмайды да қатысы жоқ жерлер сатыла берілетін боп тұр ғой сонда.
Кушкинбай Ахметов:
Жердің шетелдіктерге жалға берілмеуі туралы бір сөз жазылмапты.
Мақсат Ілиясұлы:
Шетелдік жеке тұлғалар, азаматтығы жоқтар жерді жалға ала-алады. Сенбесеңіздер жоғарыдағы мәлімдемені жақсылап, мән беріп оқыңыздар. Онда екі жерде «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ЖЕР ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ, ШЕКАРАЛЫҚ ЖЕРЛЕР ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙТІНІ, ОНДА ЕШБІР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ІСТЕЙ АЛМАЙТЫНЫ тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды» – дейді. Шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқтар шекаралық емес жерлерді жалға ала алады деген сөз. Жалпы шетелдіктердің жерге ие болу жолдары көп және ол бірнеше заңдарда нақты көрсетілген. Халайық, алданбаңыздар.
Айдын Егеубаев:
Егер осы айтқанның бәрі шын болса Астана қаласында неге біздермен кездесуден қашқақтадыңыздар?...
Айгуль Карибжанова:
Дос Көшім аға неге үндемей жатсыз, түсінбей жатқанымызды бізге қарағанда көп білесіз ғой,сенейік пе? Сенбейік пе? Алданып отырған жоқпыз ба?
Қызай Бейсен:
Сонда «мен не деймін, домбырам не дейді «дегендей Әділбекке сенеміз бе? Талғатқа сенеміз бе? Әлгі елге ант бергіш Мұхтар Тайжан неге үнсіз, қазақтың қаймағы неге үнсіз, жоқ оларға жердің керегі жоқ па?
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Қазақ үні