Елімізде жыныстық жолмен қауіпті аурулар жұқтырған оқушы қыздардың саны артып келеді
2018 ж. 02 мамыр
5662
0
Елімізде венерологиялық аурулар жұқтырған қыздар көбейіп барады. Бұл көрсеткіш әсіресе, 15 пен 17 жастағылар арасында өршіп тұр. Салдарынан ерте жүктілік те белең алуда.
Мәселен жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 7-сынып оқушысы босанған болатын. Ал мамандар мұның бәрі – отбасындағы тәрбиенің әлсіздігі мен мектепте ерте жыныстық қатынасқа түсудің зияндығын түсіндіретін адамның жоқтығынан болуда дейді. Жағдай осылай жалғаса берсе, келешекте бұдан да сорақы жағдайлар тіркелуі мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау облысы көш бастап отыр. Мұнда 15-19 жастағы қыздардың 42 пайызы ана атанған. Екінші орында Жамбыл облысы. Елді мекенде мектеп оқушыларының жүктілігі 41 пайызға жетіпті. Ал Атырау мен Алматы облысында кәмелет жасқа толмаған қыздардың бала туу көрсеткіші 35 пайызға жеткен. Сонымен қатар, ОҚО, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстанда оқушы қыздардың ерте жүктілігі өршіп тұр.
Бұл – Біріккен ұлттар ұйымы Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілдігі жүргізген зерттеудің нәтижесі. Оған зер салсмақ, еліміз ерте жүктілік жағынан дамыған елдер арасында көш басында тұр. Ең сорақысы, жыныстық қатынас арқылы венерологиялық аурулар жұқтыратын жастардың қатары көбейіп барады екен. Мәселен, 15 жастағы қыздардан сифилис пен трихоминиаз табылуда дейді мамандар.
«Статистика 15 пен 19 жас арасындағы 1000 қыздың арасында жүргізілді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайызға жетіп отыр. Ал тері-венерология институтының берген ақпараты бойынша, 15 пен 17 жастағы қыздарда трихоминиаз, сифилис, гонорей тіркелген. Таң қалатын жайт, мұндай жағдай дамыған Еуропа елдерінде некен-саяқ қана кзедеседі» – дейді БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.
Кәсіпкер Анар Кешубаева екі баланың анасы. Ол ержетіп қалған екі ұлыммен әрдайым түрлі тақырыпта сырласып, жағдайларын білуге тырысатынны айтады. Қажетті ақпараттарды сырттан алғаннан гөрі, өзім түсіндіргенім дұрыс дейді. Сондықтан да қандай шетін мәселе болмасын, ата-анасы балаларын жіті бақыласа, ешқандай келеңсіздіктерге тап болмайтына сенеді.
«Екі ұлым бар. Ұлым болса да олармен сырласамын. Шыны керек, оларға айтамын ерте папа болғын келмесе, қарым-қатынасқа бармау керек. Олар күледі. Олар біліп отыр. Күліп айтқанына қарап, біліп отырмын. Біз жігіт болғанша қай заман деп келтіреді. Бірақ та қазір 14-15 жастағы қыздардың балаларын тастап кетіп жатқандарын жиі естіп отырмыз» – дейді қала тұрғыны Анар Кешубаева.
Өткен аптада Оңтүтік Қазақстан облысында 7-сынып оқушысы босанды. Бейсерми ақпарат көздерінің мәліметінше, 13 жастағы қыз жақын туысынан бала көтеріп қойған көрінеді. Ал мұндай оқиғалардың жиеленуіне ата-ана мен бала арасындағы байланыстың жоқтығы, дейді психолог Ғалияш Махашева. Үйінде жылулық көрмеген бала, оны сырттан іздейтін көрінеді. Салдарынан жас қыздар “өтірік мейірімге” алданып, от басып жатады екен.
«Қазіргі уақыттағы өмір салты кінәлі. Балаға ол тақырып қозғаған ерте. Ерте ерте деп қалай есейіп, осы жағдайға қалай тап болғанымызды білмей қаламыз. Табиғи нышандары басталған шақта бастауыңыз қажет. Ол 11-12 жас. Ол жас баламен ашық сөйлесетін тақырыптар. Оны ең жақын адамы қозғау керек. Жыныстық қарым-қатынас жағындағы тәрбиені өзінің жанындағы ең жақын адамы, қыздың анасы қозғау керек» – дейді психолог Ғалияш Махашева.
Мамандар мұны тездетіп қолға алмаса, еліміздегі ерте жүктіліктің статистикасы екі еселенуі мүмкін екенін алға тартады. Ал Райымбек Сисемалиевтің пайымынша, “ұят” дегенді ысырып қойып, жоғарғы сынып оқушыларына ерте жыныстық қатынастың зияны туралы айтатын арнайы пән, яки семинарлар өткізген дұрыс.
«Сіздер ұят дейсіздер. Ата-аналар балаларымен ол тақырыпта қалай сөйлесу керектігін білмейді. Егер де оқушы мектептен ақпарат алмаса, бәрі бірде интернетте толып тұрған порно сайттан ақ көреді. Біз оларға мұндай мәселеннің неге әкеп соғатының ашық айтқанымыз дұрыс» – дейді БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев.
Мәжіліс депутаты Майра Айсина да мамандардың пікірімен келіседі. Оның пікірінше, қазір отбасындағы тәрбие әлсіреп кеткен заман. Десе де, ол мектепте жыныстық тәрбие туралы пәнді енгізу әзірге ерте екенін айтады. “Бұл тақырып толық зерттеуді қажет етеді. Керісінше ата-ана мен баланың арасындағы байланысты нығайтуға күш салған дұрыс” дейді ол
«Шынында да ақырғы кезде біз тәлім-тәрбие жағынан біз төрт аяққа да ақсап жатырмыз десек, көп айтқаным емес. Қазір бар қоғам болып осыған күш салуымыз керек. Ең бастысы, жанұядан бастау керек. Бала үйден көргенін жасайды. Сондықтан да мектептегі ұстаздар да оған көп мән беру керек деп есептеймін» – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Майра Айсина.
Осылайша, мамандар отбасында жылулықтың болмауы, дұрыс бағыт-бағдардың жоқтығы оқушы қыздардың етегінің ерте ашылуына әкелетінін айтады. Сондықтан да, әрбір ата-ана ұл-қызының тәрбиесінен ағаттық кетпеу үшін, мейілінше оларға көңіл бөлген жөн. Тек, сонда ғана жасөспірімдер қара мен ақты ажыраталатын деңгейге жетеді дейді психологтар.