"Ақ жол": Қытайдағы қандастарымыздың азаматтық, мәдени, діни құқықтарын қорғауды сұраймыз
2018 ж. 17 сәуір
5742
3
Қытайдағы қандастарымыздың жағдайына алаңдаған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған фракция депутаттары бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановқа ресми хат жолдады.
ҚР Сыртқы істер министрі
Қ. Әбдірахмановқа
Құрметті Қайрат Құдайбергенұлы!
Қазір Қытайдағы кейбір қазақ қандастарымыздың жағдайы елімізді де алаңдатып отыр. Бұл көрші елдегі1, 5 миллионнан астам қандасымыздың заңды құқықтары мен діни құқықтарының шектеліп, паспорттарының жинап алынып, ал елден шығуы үшін шетелдік паспорттардың берілуіне кедергі жасалып жатқаны жайлы ақпарат баспасөзде аз жазылып жатқан жоқ. Былтыр 23 маусымда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында өзіңіз де бұл мәселе туралы хабардар екеніңізді айтқансыз.
2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қытайдағы қамауда отырған 112 адамның тізімі жазылған хатты Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер бөлім меңгерушісінің орынбасары Шэн Бэйли ханымға тапсырды.
Сонымен бірге біз қандастарымызға зияны тимесін деп,әділеттілік сұрадық.Бұл мәселе сол сапар барысында, ҚКП ОК Халықаралық бөлімінің басшысы Сун Тау мырзамен кездесуде де ауызекі айтқанбыз. Осы тізімді дәл осы сұрақтармен "Ақ жол" партиясы атынан Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне де жібердік.
Кейін, Астанаға келген Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Канцелярия Меңгерушісі Лэн Жун мырзамен де ""Ақ жол" партиясындағы кездесуде бұл мәселе сөз болды. Бірақ Қытай тарапынан осы үндеу-хаттарымызға жауап әлі ала алмай отырмыз.
Осыған орай, Қытай мемлекетіне сапар шеккен СІМ-нің делегациясына "Ақ жол" басшылары мен ҚР Парламент депутаттарының қазақ қандастарымыздын тағдырына байланысты көтерген мәселелері мен сұрақтарына тағы да назар аудара отырып, олардың азаматтық, мәдени, діни құқықтарын қорғауды,қолдауды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары: Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсембинов. Qazaquni.kz