Бүгін Астанада Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы шет елде тұратын қазақ балаларын білім гранттарымен қамтамасыз ету бойынша меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Шетелдегі қандастар тегін оқу гранттарымен қамтылады
2018 ж. 02 сәуір
6161
3
Бұл жолғы білім гранттарын Ресей оқу орындары бөліп отыр. Әзірге анығы 10 мың грант. Қырғызстан мен Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың оқушыларына деп жоспарланған гранттар 2018-2019 оқу жылына арналған.
Қол қою рәсіміне қатысқан Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мұндай білім саласындағы келісім-шарт алғаш рет жасалып отырғанын айтады.
«Біз жақында қандастарымыз тұратын негізгі мемлекеттерді аралап шықтық. Ресейде, Өзбекстан мен Қытайда, Моңғолияда болдық. Қазіргі кезде шетте тұратын қандастарымыздың балалары түгелге жуық сол өздері тұрып жатқан елдің тілінде сөйлеп, оқып жатыр. Елбасының алаңдаушылық білдіріп отырғаны да осы мәселе. Соған орай тапсырма да берген. Сол бойынша түрлі шаралар қолданылып жатыр. Балалардың қазақ тілін игеріп, қазақтың рухани болмысын меңгеріп шығуы біздің ұлт ретіндегі маңызды мәселелеріміздің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, шеттегі қазақтарымыздың ішінде де неше түрлі дарынды балалар бар. Соларды елге әкелуіміз керек. Оларды еліміздегі алдынғы қатарлы университеттерде оқытуымыз керек. Ал одан бөлек, қазір ғана қол қойған меморандум арқылы шет елдерде де оқуына мүмкіндік жасауымыз керек. Осы бойынша «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы білім саласы бойынша бізбен алғашқы болып келісім-шарт жасасып отыр» - дейді Зауытбек Тұрысбеков.
«Біздің басты мақсатымыз – шеттегі қандастарымыздың да қазақстандық жастармен бірдей білім алуын, олардың да сол білім алған жерлерінде қазақы мәдениетті, ұлттық болмысымызды насихаттауына мүмкіндік жасау» - деген Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Жанболат Мелдешев шетелдегі қандастарымыздың білім гранттарын қалай игеруіне болатынын түсіндірді.
«Біздің орталықтың істеп жатқан жұмысының барлығы да қазақстандық жатарға да, шетте тұратын қандастарымызға да ортақ, бәріне бірдей түсіндіру жасаймыз. Мысалы Ресейде, Францияда, Англияда тегін білім алу мүмкіндіктері өте көп. Тіпті, Қытайда да мұндай мүмкіндіктер жетіп артылады. Алдағы аптада, Құдай қаласа, Итальяға, Испанияға барамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол жақта да тегін білім мүмкіндігі жоғары. Осының барлығын біз тек қана қазақстандық студенттерге емес, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының сұранысымен, сол елдерде және басқа да елдерде тұрып жатқан қандастарымызға да қолжетімді, оларға да шетелде оқу мүмкіндігін тудыру үшін жасап отырмыз» - дейді Жанболат Мелдешов.
Оның айтуына қарағанда бұл жолғы Ресейден келетін 10 мың гранттың «Болашақ» бағдарламасына еш қатысы жоқ. Бұл Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмыс бағдарламасының бір тармағы ғана. Сонымен қатар, Жанболат Мелдешов бұл гранттарды иелену үшін қандай талап қойылатынын түсіндірді.
«Болашақ» бағдарламасы қазақстандық жастарға ғана арналған. Ал одан бөлек біздің орталық шетелден гранттар әкелуді де қолға алған. Мысалы ХБО төрт бағытта жұмыс істейді. Бірі – «Болашақ» жаңағы айтқан, екіншісі – «Серпін» бағдарламасы, үшіншісі – шетелдегі студенттерді Қазақстанға әкеп оқыту және төртіншісі – шетелдік гранттарды Қазақстанға тарту. Біз ДҚҚ-мен бірлесіп соңғы екі бағытты жүзеге асырмақшымыз. Яғни шетелден гранттар тарту мен шеттегі қандастарымызды Қазақстанда оқыту. Бұл жолғы гранттарды игеру үшін біздің тарапымыздан ешқандай талап қойылмайды. Тек сол грант бөліп отырған университеттің өзіндік ережелері бар. Сол талапқа сай болса болды. Негізінен, ең басты талап – атитаттың орташа баллы және шет тілін білу туралы сертификат. Сертификаттың өзі кейбір университетте міндетті емес. Бір жыл тегін тілдік курс өткізіледі, одан кейін, университетте оқитын болады. Тек балада оқимын деген талпыныс болса болды» - дейді ол.
ХБО-ның қандастарға тартып отырған гранттары Қазақстанның оқу стандартындағы қандастарға бөлінген 4 пайыздық мемлекеттік гранттан тыс.
Осы орайда, Жанболат Мелдешов тағы бір тиімді ақпаратпен бөлісті.
«Жақында біздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев АҚШ-қа барып келді. Сол жерде USID-тың арнайы Ауғанстанға арналған бағдарламасы бар екен. Сол бағдарлама бойынша, егер Қазақстан ауғанстандық жастарды Қазақстанға әкеп оқытатын болса, оқу ақысын АҚШ төлейді. Бұл жүйе тек Ауғанстан азаматтарына арналған. Жалпы мұндай бағдарламалар, сапалы білім алуға мүмкіндік беретін жобалар әлемде өте көп. Соларды елімізге әкеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек» - дейді Жанболат Мелдешов.
Оның айтуына қарағанда, тегін білім алуға ынта болса, әлемнің көптеген елінен тегін гранттар табуға болады.
«Мысалы Аустрия, Дания, Швеция, Чехия т.б. қатарлы еуропалық елдерде жалпы университеттегі білім тегін. Оның сыртында біршама әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, жол жүру билетін, арзандатылған денсаулық сақтау полюсі т.б. Ал бұл елдерде оқығысы келетін қазақстандық жастарға негізгі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді біз ДҚҚ-мен бірлесіп, шетте тұратын қандастарымызды да осы тегін білімді қалай игеру керектігіне, оған қандай құжат, қандай талаптар қойылатынын түсіндірмекпіз. Егер бұл бастамамыз іске асып кетсе, шеттегі қандастарымызға өте үлкен көмек болады деп ойлаймын» - дейді «Болашақ» басшысы.
Сонымен қатар, Жанболат Мелдешов биылғы жылғы шетелдік грантқа (Ресейден келген 10 мың грант) құжат қабылдау, сыналту өткізу Шымкентте өтетінін айтты.
«Негізінен Қырғызстан мен Өзбекстандағы қандастарымыз үшін деп отырмыз. Бірақ, кез келген елдегі қандастарымыз келіп қатысуына болады. Сәуірдің ортасында өтетін сыналту бәсекесі Шымкентте өтеді. Егер сұраныс артып, бала саны көбейетін болса, биылдан кейін грант бөлген университеттің өзін сол шет елдегі қандастардың ортасына апарып, сол жерден сыналтып алуды ұйымдастыратын боламыз» - дейді Жанболат Мелдешов.