Талдықорғанда Даңқ ескерткіші алдында әдепсіз би билеген бойжеткен 2 тәулікке қамалды
2018 ж. 31 наурыз
4660
2
Талдықорған қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматша М.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.
«Сот қыздың қоғамдық орында, нақтырақ айтқанда Талдықорған қаласындағы соғыс батырларының құрметіне арналған Мәңгілік алау мемориалының алдында билегенін, осылайша қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады. Сот алдында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, ісіне өкінетінін жеткізді», делінген қалалық соттың таратқан мәліметінде.
Осыған байланысты сот қаулысымен азаматша М. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөліміне (ұсақ бұзақылық) сәйкес әкімшілік құқық бұзды деп танылды. Осыған байланысты оған 2 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған полициясы Даңқ ескерткіші алдында әдепсіз би билеген екі бойжеткенді анықтап, ұстағанын хабарлаған едік. Екі бойжеткеннің Даңқ ескерткіші алдындағы әдепсіз биі әлеуметтік желіге тарап, бұл талдықорғандықтардың ашуын тудырған. Белгілі болғанындай, бойжеткендердің видеосы 26 наурызда кешқұрым Талдықорған орталық саябағында түсірілген.
ҚазАқпарат