ШҚО-дағы су тасқыны: 42 адам қауіпсіз жерге көшірілді
2018 ж. 23 наурыз
2582
6
Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар бір күнде 42 адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлан ауданында және Өскемен қаласында тұрғындарға көмек қажет болды. Таврическое ауылында 20-дан астам адам мектепке уақытша көшірілді. Облыс орталығында 19 адам «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, тағы 5 адам интернатқа орналастырылды. Эвакуацияланғандардың арасында құрбандар немесе зардап шеккендер жоқ. Адамдарға ыстық тамақ беріліп, психологиялық көмек көрсетілді», - делінген хабарламада.
Қазір облыста 27 үй және 131 аула маңындағы аумақты еріген қар суы басқан. Глубоков, Шемонаиха, Ұлан аудандарында, Өскемен және Риддер қалаларында ШҚО ТЖД, Шығыс өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы, аудандық ТЖ қызметкерлері апат салдарын жойып жатыр.