Оралда ішкі істер басқармасы маңынан азаптап өлтірілген әйелдің денесі табылды
2018 ж. 21 наурыз
3239
2
Оралда тура қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының маңынан азаптап өлтірілген әйелдің денесі табылды. Тұмсық астынан табылған марқұмның кім екенін полицейлер тез арада-ақ анықтады. Ол 50 жастағы жергілікті кәсіпкер болып шықты, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Денесі қанға боялып, қар үстінде іш киіммен ғана жатқан әйел туралы әлеуметтік желі арқылы белгілі болған еді. Оны қинап өлтірген адам өлі денесін еш шімірікпестен дәл қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының маңына тастап кетіпті. Мұндай жағдайға әбден көздері үйренгенін айтқан тұрғындар бұл полицияны мазақ қылу деп отыр.
Валентина Шаренко, Орал қаласының тұрғыны:
-Бұл деген барып тұрған бассыздық қой! Шынымен де қылмыскер осы әрекетімен тәртіп сақшыларының бетіне түкіріп тұр емес пе?Дәл полиция ғимаратының алдында болып жатқаны мынау, басқа жерде не болып жатқанын құдай білсін!
Марқұм әйел бірнеше жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ет сатқан. Кейін пәтерлерді жалға берумен айналысыпты. Табыскер әйел жалғыз қызын да өзі тәрбиелеп, Астанадағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсірген екен. Көршілері оның жаман атқа қалғанын ешқашан естіген жоқпыз дейді.
Валентина Корнилова, марқұмның көршісі:
-Аң-таң болып тұрған жайымыз бар! Қазір келем деп, кешкі 9-да үйден шығып кеткен. Содан оралмаған. Үнемі отбасым, жұмысым деп жанталасып жүретін, жаман мінезін де байқаған емеспіз.
Қылмыс болатын күні марқұмның қаладағы атышулы түнгі клубтардың біріне барғаны оның қолындағы білезіктен білген. Бірақ ондағылар сол күні өздерінде ешқандай төбелес болмағанын айтып отыр. Ал марқұм әйел мен оның қасында болғандар бейнебқылау камерасына түсіп қалыпты.
Елена Букашева, түнгі клубтың әкімшісі:
-Біздегі күзет жүйесінің арқасында полицейлер ол келіншектің кіммен кеткенін анықтады. Клубта төбелес деген болған емес, ол күні де тыныш болды.
Ал бүгін полицейлер осы қанды қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Ол 28 жастағы жергілікті азамат болып шықты. Тергеу абақтысына жабылған оған жауыздықпен адам өлтірді, зорлады деген бап бойынша айып тағылуы мүмкін.