«Ақ жол» туристік саладағы кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды талап етті
2018 ж. 02 наурыз
2423
0
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын диверсификациялау мәселесі көп көтерілуде. Осының бір бағыты туристік саланы дамыту екендігі өзіңізге мәлім. Елбасының ұлт жоспарында көзделген туристік индустрияны дамыту мақсаттарын жүзеге асыру үшін 2017 жылы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы да қабылданған болатын. Осы шаралар, еліміздің емге дауа, жанға сая табиғатына халықтың қол жетімділігін арттыруды көздеген, туристік, елді сауықтыру саласында жұмыс атқарып отырған кәсіпкерлерімізге зор мүмкіндік ашуда. Бірақ, қабылданған көптеген құжаттардың ішінде осы игі шараларға өз кедергісін жасап отырған олқылықтар да орын алуда. Мысалы, 2016 жылғы 30-қарашада Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 342-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жерасты суларын өндіруге салынатын салықтың мөлшері, 1 текше метрге айлық есептік көрсеткішпен саналатын болған. Яғни, санаторий курорттық статусы бар сауықтыру орындары 1 текше метр суға шамамен 6 теңге төлесе, дәл сондай қызмет атқарып отырған санаторий статусы жоқ жай демалыс орындары су салығын 350 есе артық немесе әр текше метр суға 2121 теңге төлеуге міндетті болған. Осы мәселе бойынша 2017 жылдың басында, «Ақ жол» партиясына еліміздің туристік демалыс саласында жұмыс атқаратын бірқатар мекемелердің, 30-дан астам шағын кәсіпкерлердің атынан шағым хаттары келіп түскен болатын. Бұл хаттарда жергілікті мемлекеттік кіріс органдары осы демалыс зоналары санаторий-курорттық мекеме болып табылмайды деген сылтаумен әр кәсіпкердің мойнына 20 млн. теңгеден астам салықтық қарызды артып, бүгінгі күнге айыппұлмен бірге ол 28 млн. теңгеден асып кеткені айтылған. Бұндай баскөтертпес сомалар мен салық органдарының іс-қимылдары, шағын демалыс зоналарының жабылуына әкеліп соғатындығы және де жүздеген жұмыс орындарының жойылып, Елбасының аса көп назар аударып отырған ішкі туризмді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту саясатына мүлдем қарама-қайшы екендігін ескерткіміз келеді. Аталған мәселе бойынша «Ақ жол» партиясының 2017 жылдың 24-ақпанында Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдаған хатына, шешім салалық министрліктердің тұжырымдамаларынан кейін қабылданады деген жауап алған болатынбыз. 2017 жылғы 25-желтоқсанында қабылданған жаңа Салықтық кодекстің нормаларына сәйкес, біз қозғаған мәселелер орнын тауып, демалыс зоналары өндіретін жерасты суларына әділ ставкалар қойылғанын көріп отырмыз. Осы кәсіпкерлердің жағдайын түсінген мемлекеттік органдарға да ризашылығымызды білдіреміз. Алайда, қабылданған жаңа ставка жоғарыда аталған кәсіпкерлерге жеңілдік әкеліп отырған жоқ. Есептелген салық сомалары айыппұлдарымен бірге кәсіпкерлердің мойындарында ауыр жүк болып әлі артылып тұр. Оның үстіне пенялары да күн санап өсуде. 2016 жылдың соңында санаторий статусы жоқ демалыс-сауықтыру мекемелеріне жоғары тарифтерді енгізу шешімі, небәрі бір жылдан соң күші жойылып, ол шешімнің қате екендігіне бүгін көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, осы қателіктен зардап шегіп отырған кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау қажеттілігі туындап отыр. Әсіресе, 2016 жылдың соңында қабылданған өзгерістерге заңның кері күшінің қолданылу тәжірибесін ескере отырып, Салық кодексінің жаңа редакциясының нормаларына да кері күш қолдану, яғни, жаңа тарифтерді ескеріп, 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қойылған шоттарды қайта есептеу қажет деп санаймыз. Бұндай шешім қабылданған жағдайда, туристік индустрияда жұмыс атқаратын, халықтың қол жетімді демалыс-сауықтыру мекемелеріне жеңілдік әкелумен қатар, олардың дамуына жаңа серпіліс береді деген сенімдеміз.Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
qazaquni.kz