Британия азаматы: Қазақстанның архивінен өзімнің шыққан тегімді анықтадым
2018 ж. 27 ақпан
2536
1
Ұлыбритания азаматы Майкл Сагатис Ақтөбеге жолы түскен кезінде әжесі туралы деректерді білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тұманды Альбионнан келген мейман облыстық архивтен 1941-1943 жылдары айдалып келген польшалықтардың тізімі арқылы өзінің әжесі туралы көптеген мәліметтерді тауып алды.
Мәліметте көрсетілгеніндей, Юзефа Буйдо 1940 жылы Шығыс Польшадан Қазақстанға жер аударылған. Шөбересі Майкл туысының үйінен Юзефа Буйдоның Қазақстанға жазған хаттары арқылы поляктардың депортациясы туралы кездейсоқ білген көрінеді. Өз хаттарында егде әйел өмірінде қиыншылыққа тап болғанын баяндапты.
М. Сагатис Ақтөбеге 2017 жылы желтоқсанда келген.
«Ақтөбеге келе салысымен маған «Святло» поляк ұлттық этномәдени бірлестігі көп көмек көрсетті. Жуықта аталмыш бірлестіктің бір мүшесі мен Қ.Жұбанов атындағы университеттің оқытушысы Надежда Степаненко облыстық архивтен поляк делегатурасының құжаттарын табуға көмектесті. Ол құжатта 1941-1943 жылдары жер аударылған поляктарға гуманитарлық көмек көрсету туралы жазылады», — дейді ол.
М.Сагатис сол архив құжаттарынан өзінің әжесінің есімін де тауыпты.
«Әжеміз хат жазуды тоқтатқаннан кейін біздің туыстар оны 1941 жылы көз жұмды деп ойласа керек. Алайда құжат арқылы Юзефа Буйдоның ол жылы қайтыс болмағанына көз жеткіздім. Ол 1943 жылға дейін өмір сүріп, Қызыл Кресттен поляк делегатурасы арқылы гуманитарлық көмек алып тұрған. Яғни, сол шаққа дейін азық-түлік алғанын растайтын кестеге қол қойып отырған. Рождество кезінде оған жарты сабын, 16 грамм кофе, екі пар шұлық, мойынорағыш, жемпір мен төсек орын тиіпті. Аталған тізімде көмек алған тағы 50-ге жуық жер аударылған поляктың есімі бар», — дейді М.Сагатис.
Ең қызығы, британдық өзінің әжесінің өмірі туралы құжаттарды да тауып алыпты. Юзефа Буйдоның күйеуі Константин деген орыс болған екен.
«Құжаттардың бірінде Юзефаның күйеуінің орыс болғаны жазылады. Құжаттарды көргеннен кейін Ұлыбританиядан Қазақстанға дейінгі 5 мың шақырым жолды текке басып келмегеніме көз жеткіздім. Осында келіп менің бойымда орыстың да қаны барын білдім», — дейді осыған дейін арғы ата-әжелерінің ирландиялық, поляк және литвалық болған деп ойлап жүрген Майкл.
Архив құжаттары арқылы Майкл әжесінің 1941 жылы Алға ауданының Шибаевка ауылында болған Киров атындағы артельге орналастырылғанын біледі. Дәл сол жерде егде әйел 1943 жылға дейін гуманитарлық көмек алып жүрген.
Майкл Алға ауданына қарасты ескі ауылға дейін барып, зираттарды аралап көрген. Алайда қар қалың түскендіктен, әжесінің дәл қай жерде жерленгенін анықтай алмапты. Юзефаның қай жерде жерленгенін түпкілікті анықтау үшін Майкл көктемде Қазақстанға қайта келмек.
Архивте сонымен бірге, Польшадан Ақтөбеге келген пошталық хат карточкалары табылған. Ол хаттар Юзефаның туыстарынан келіп тұрған. Көбі поляк тілінде жазылған көрінеді.
Майклдың ойынша, жер аударылғандар тізіміндегі поляктардың кейінгі тағдырын зерттеу жұмысының маңызы зор. Бәлкім, олардың ұрпақтары Польшада немесе Еуропада тұруы мүмкін. Ұлыбританиялықтың ойынша, отбасы тағдыры зерттелмей ұмытылып қалса, онда ол қарғысқа айналып, ұрпақтан ұрпаққа жазылмас жара болып қалуы ықтимал.
«Әділетсіздіктен қиянат шегіп, ұмытылған отбасылар туралы естеліктерді жаңғырта отырып, біздің буын көңілдегі шерді тарқатып, бір жеңілдеп қалар еді», — дейді Майкл.
М.Сагатистің зерттеулері арғы әжесінің өмірі туралы тереңірек білуіне жол ашқан. Юзефа соңғы хаттарының бірінде отбасымен қауышуды қалайтынын жазған көрінеді. Осы жылы М.Сагатис Юзефа Буйдоның хаттарының көрмесін Мәскеуде өткізуді жоспарлап отыр. Ер адам әжесінің қилы тағдыры жайлы деректі фильмге арқау боларлық сценарий жазып, оны театрлық қойылымға айналдырмақшы.
«Мен қазіргі таңда бұл бір ғана адамның тағдыры туралы оқиғаны кең аудиторияға қызық боларлық сценарий ретінде жазуды ойластырып отырмын. Осылайша, басқа да адамдар өздерінің ата-бабаларын іздер деген сенімдемін. Адамдар өздерінің өткені бүгініне әсерін тигізіп, келешегінің қандай болатынын айқындайтынын білуі керек», — дейді Майкл.
Сонымен бірге, Майкл Юзефа Буйдоның тағдыры туралы кітап жазуды көздеуде. Ол кітапта Ақтөбе қаласына ерекше маңыз берілмек. Ұлыбританиялық тағдыр тезіне тап болған басқа да тағдырлар туралы білгісі келеді. Сондай-ақ, Майкл алдағы зерттеу жұмыстарының жариялануына, қилы тағдырдың театрлық қойылымға айналуына көмегін тигізерлік адамның қолдауын қабыл алатынын айтады.