Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ұзындығы 7 шақырым болатын көлік кептелісі орын алды
2018 ж. 24 ақпан
4297
4
Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жағдай ушығып барады. Сарыағаш ауданының Өзбекстанмен шекаралас кеден бекетіндегі көлік кептелісінің ұзындығы 7 шақырымға жетті. Екі тәуліктен астам уақыт көліктеріне түнеп, шекарадан өте алмай қиналған жүргізушілердің ішерге асы да, төзімдері де әбден таусылған.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Сарыағаштың Өзбекстанмен шекаралас «Қонысбаев» кеден бекетінде екінші тәулік түнеп отырған жүргізушілер қатарында өзбекстандық азамат Бабарахым Шамсутдинов те бар. Өзімен ала жүретін газ пешіне палау дайындау үстінде екен. Екі жарым тәулікте үш мыңнан астам шақырым жол жүргенін айтқан шопыр, шекарада тұрғанымызға да осынша уақыт болды дейді.
«Екі жарым тәулікте Новосибирскіден жетіп келдік. Енді үйге өтейік десек, екі жарым тәулікте өте алмаймыз. Енді міне жағдайды көріп отырсыздар. Душ жоқ, дәретхана жоқ, ахуалды қараңыз», – дейді көлік жүргізуші Бабарахым Шамсутдинов.
Күндіз жақын маңдағы үйлердің біріне әжетханаға шығамыз деген жүргізушілер, түнде қараңғы әрі қорқынышты болғандықтан, көліктен алысқа ұзай алмаймыз деп отыр. Табылғанын ішіп-жеген жүргізушілер, босаған ыдыстарын оңды-солды тастайтын көрінеді. Содан төңірек түгелдей қоқысқа айналған.
Жалпы саны 200-ден астам жүк көліктерінің ұзындығы жеті шақырымға созылып және екі тәуліктен астам Өзбекстан шекарасына өте алмауын жүргізушілер ұзындығы 60 метр келетін 305 тонналық жүк көлігінің қақпадан өте алмай тіреліп қалғандығымен түсіндіреді. Алайда шекара қызметі мұны жоққа шығарады. Ол көліктің ішке кіре алмауын құжаттарының дұрыс болмағанымен түсіндіреді.
Түсірілім тобын көріп шошыған шекара қызметі, сұхбат беруден ат тонын ала қашты. Оған қоса, мұнда көлік кептелісі жоқ дейді. Ал тәулігіне шекарадан 120-130 көлік өте алады деген кеден қызметі, алпыс метрлік көліктің қақпадан өте алмай,басқаларға кедергі жасағанын растады.
«Сегіз сағаттай кеден бекетінің аумағына кіре алмай, тұрып қалған. Сол себептен кеден бекетіне кіретін де, шығатын да көліктер тұрып қалған. Сондықтан ол да себеп», – дейді ОҚО Сарыағаш ауданы «Б.Қонысбаев» кеден бекетінің аға маманы Ерлан Адамбеков.
Салмағы 300 тонналық ұзын көлік жолды босатқан соң, артынша-ақ жүк көліктері қозғала бастаған. Көліктер саны 200-ден 130-ға түсіп, жеті шақырым 2-3 шақырымға кеміген. Сондай-ақ, кеденшілер кептелістің соңғы уақытта жиілегенін Ресей мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының өскендігімен байланыстырып отыр.