Енесінің тойханасын бюджет қаржысына жылытқан шенеунік келін жазаланды
2018 ж. 08 ақпан
2624
0
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында екі жыл бойы енесінің тойханасының коммуналдық төлемдерін бюджет есебінен төлеп келген Қызыларай ауылдық округінің әкімі Шекер Төлепбергеноваға қатысты іске шешім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бюджет қаражатын жеке мүддеге пайдаланған әкім қызметін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жазаға тартылды. Бұдан тыс, шенеунік келіннің енесі екі жылдық мемлекеттік жылудың ақысын төлеуге міндетті.
«Әкімнің енесі жылудың қарызын толық мөлшерде төлейтіні туралы келісім бар. Есептеулер жүріп жатыр, сомасын шығарамыз. Сотқа арыз беруге қажеттілік жоқ», - дейді Ақтоғай ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бекет Тілеубергенов.
Шенеунік аудан әкімінің тәртіптік жазаға тарту туралы бұйрығымен танысты.
«Біз мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Этика кеңесінің Шекер Төлепбергенованың қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ұсынысын орындадық», - дейді Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының басшысы Берікбол Өмірқасым.
Аталған оқиғаға Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері тексеріс жүргізген. Оның қорытындыларын Этика кеңесінің отырысында департаменттің өкілі Бақтияр Мәкеев жариялады. Оның айтуынша, әкімнің енесіне тиесілі тойхана ауыл әкімдігімен бір ғимаратта орналасқан, ауданы 353 шаршы метрді алып жатыр.
Департамент басшысы Жандос Сәрсеновтің төрағалығымен өткен Этика кеңесінің мүшелері әкімнің осы жемқорлық әрекеті үшін жазалау қажеттігі туралы ұсыныс берді.