АЛАШТЫҢ 100 жылдығындағы ЖЫМПИТЫ САПАРЫ

  Батыс Қазақстан облысына бірге сапарлап баруға шақырған белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов сыйлыңының иегері Сәбит Досанов ағамның ұсынысын бірден қабыл алдым. Өйткені, биылғы Алаштың 100 жылдық  мерекесінде  Алашорданың Батыс бөлімшесі орналасқан Жымпитыға барып қайту бұрыннан ойда болатын. Желтоқсанның 10-ы күні Орал қаласында Сәбит Досановтың Желтоқсан көтерілісіне арналған «Тозақ шеңбері» атты драмасының тұсаукесері болады  екен. Сонымен Ақ Жайыққа ат басын бұрған  атақты жазушымен бірге жұбайы Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Құралай Аққошқарова, інісі, белгілі кәсіпкер Ғабит Досанов, ақын, танымал публицист, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбаев және мен болдым. Үш сағатқа жуық ұшақта отырғанда  Ғабит Досанов екеуміз Батыс Қазақстан облысы, Оралдың тарихы туралы біраз әңгіменің басын шалдық.  Ғабекең бір кезде Оралда тұрған қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың: Оралым менің, Оралым! Үстіңнен өтіп барамын. Майданға алып кетейін, Айтпақшы, қайда, бораның?- деген жырын оқып, бәрімізді бір желпіндіріп қойды. Қызық болғанда, бізді қарсы алғандардың бірі - Сәбит ағаның курстасы Роллан аға – «Ақ жолдың»  Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, белгілі кәсіпкер Серік Мерғалиевтың әкесі екен. Сәбит ағаға: "Мен келе жатқанымды айтпадым, әйтпесе, Роллан ағаның баласы Серік Ролланұлы да  шығар еді "-деп айтып, күліп жатырмыз. Роллан аға да жылы жымиып, ұлы Серіктің қазір Мәскеуде  іссапарда екенін жеткізді. Сәбит аға Оралға келгеннен-ақ «Шыңғырлаудағы шырайлым» өлеңін қайта-қайта сұрап, қалжыңдап қояды. Иә, 18 жасымда жазылған, менің ақындығымды алғаш танытқан  бұл өлеңге кейін өмірден ерте кеткен қазақтың белгілі әнші-композиторы, атыраулық  Табыл Досымов ән де жазған еді. Ана бір жылы Оралға келгенде ол әнді тележурналистердің ұялы телефонынан естіген болатынмын. Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театры қойған Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» табысты өтті. Қойылымның режиссері Самал Әбуовтың драмалық туындыны сахналауда жаңашылдық  таныта білгені көрініп тұрды. Әртістердің шеберлігі ел ықыласын оятты. «Жас келсе-іске» дегендей, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов өңірдің қарқынды дамуына қайрат көрсетіп  жатқан қарымды басшы екен. Алғашқы күннен-ақ бізді қабылдаған Алтай Сейдірұлын «Ақ жол» партиясы атынан «Алашқа 100 жыл» естелік медалімен марапаттаған маған ол алғыс айта отырып: "Алаш" партиясының жолымен жүруге ұмтылып келе жатқан «Ақ жол» партиясының басшыларының бірі Батыс Қазақстанға келгенде  Алашорданың батыс бөлімшесі болған Жымпитыға соқпай қайтпайтынын  біліп отырмын. Ертең барып келіңіздіер, мен тиісті қызметкерлерді дайындап қояйын» деді. Сол мезетте-ақ  Сырым ауданы әкіміне тапсырма беріп үлгерді. Осы сапарға шығарда "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та "Реті келіп, уақытыңыз болып  жатса, Жымпитыға барып қайтқаныңыз дұрыс қой" деп еді, енді міне, сабақты ине сәтімен  келе қалды. Ертеңіне Батыс Қазақстан облыстық  тарихи-өлкетану музейінің директоры Мірболат Ерсаев екеуміз жолдан курстасым,  Жаханша Досмұхамбетов атындағы колледж директорының орынбасары Мұхаммед Мұқашевты алып алып, Жымпитыға тартып кеттік.    Жолда бізді Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиев, аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов, С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаева қарсы алды. Алдымен Алашорданың Батыс бөлімшесінің  төрағасы Жаханша Досмұхаммедов жұмыс істеген үйді -  қазір Алаш қайраткерлеріне арналған музейді (суретте) тамашалап, тарихи жәдігерлермен таныстық. Сонымен қатар Алаш арыстарының ескерткіштері орналасқан Алаш саябағын араладық.  Әйгілі қазақ батыры, көсем де, шешен Сырым Датұлына арналған тарихи – өлкетану мұражайын (төменгі суретте) көрдік. Қазақ әдебиетінің қадірі – Қадыр мырза әлінің ескерткішіне тағзым еттік. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  бұл қызметке  биыл көктемде ғана келіпті.  Өзі Жаханша Досмұхамбетовтерге туыс болып келеді екен. «Алаштың 100 жылдығында Алаш әруағы қолдаған ғой» деп қоштап қойдым. Төлеген  Серікқалиұлы аудан тарихымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Рухани жаңғыру жолындағы іс-шараларын айтты.  Өзі мен туралы интернеттен зерттеп алған ба деймін, бар өмірім мен шығармашылығымды беске  біліп отыр...  Бір ғасыр бұрынғы Алаштың Батыс ордасы орналасқан Жымпитының әр көшесі, әр үйі терең тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер етті. Бабаларымыз не деген батыр, рухты болған еді деп ойлайсың. Алаш арыстарының Қазақ елінің Тәуелсіздігі жолындағы күреске ғұмырларын арнап, ел еркіндігі үшін құрбандыққа саналы түрде барғанын ойласаң, бабаларың үшін мақтаныш сезімі ойнайды. Ойыңа жігер мен нәр құйылып, бойыңа қайрат пен қанат бітіреді. Жалпы айтқанда,  Алаштың 100 жылдығында Алаштың Батыс ордасы орналасқан Жымпитыда болу -  азаматтық та, ақындық та және партиялық та сәті түскен жемісті сапар болды. Қазыбек ИСА «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары «Қазақ үні» газеті Qazaquni.kz