«ЖЫЛ АДАМЫ -2017» АНЫҚТАЛДЫ
2017 ж. 26 желтоқсан
17369
69
«ЖЫЛ АДАМЫ -2017» АНЫҚТАЛДЫ
«Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының
«Жыл адамы – 2017»
таңдаулылары анықталды!
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2017 жылғы «Жыл адамдары» сараланды . Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасына дауыс берді.
Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында «Жыл адамы» жобасы жасалған еді.Дауыс беру 24 қарашадан – 25 желтоқсанға дейін, бір ай бойы жалғасты.
Телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2017 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығына және Қазақ тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Жыл адамы – 2017» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жыл датасы – Алашорданың 100 жылдығы
Жылдың басты оқиғасы – Латын әліпбиіне көшу
Жыл жетістігі – «Экспо-2017» халықаралық көрмесі
Жыл драматургы – Дулат Исабеков.
Көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков Англияда драмалық шығармаларының апталығы табысты өтіп, Лондонның лордар палатасында сөз сөйлеген тұңғыш қазақ. Ағылшын тілінде таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Жыл ақыны – Ұлықбек Есдәулет, Моңғолияда өткен Дүниежүзілік 37-ші ақындар конгресі - Әлемдік поэзия фестивалінде маңдайы жарқырай көрініп, қазақ поэзиясы туралы сөз сөйледі. Бірнеше қазақ ақынымен бірге ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі атанды. Аталмыш академияның Алтын медалімен марапатталды. Парижде ЮНЕСКО мінберінде Қазақ әдебиеті туралы баяндама жасады.
Жыл жазушысы – Тынымбай Нұрмағамбетов, шығармашылық жетістіктері үшін. Белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың бірінші республикалық "Рух" әдеби байқауында Бас жүлде алған "Рухтар жерден кетеді" атты романы тәуелсіздік алған кездегі қиындықтарды көркем сипаттаған. Жер сатып алған кәсіпкердің ауыл адамдарымен алысуы, соңғы жылдары елімізде өзекті болған үлкен мәселе - жер сатуға қарсылықты роман жанрында жазып шықты.
Жыл саясаткері – Азат Перуашев. Бейжіңде өткен Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының алғшқы форумында «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алашорданың 100 жылдығымен құттықтап, Алаш партиясы туралы баяндама жасады. Қытайдың Коммунистік партиясы ОК Халықаралық істер департаменті басшысының орынбасары Дэн Шэйлиге (Сыртқы істер министрінің орынбасары дәрежесіндегі) Қытайдағы қандастарымыздың жағдайы жайлы жазылған, қамауда отырған 112 қазақтың тізімі бар хат тапсырды.
Азат Перуашевтың парламентте оффшорсыздану мәселесін ұдайы көтеруі арқасында таяуда Елбасы оффшордағы ақшаларда елге қайтару жөнінде нұсқау берді.Жыл депутаты – Бақытбек Смағұл, ұлттық теңгемізге қатысты өткір ойлары үшін. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Мәжілістің пленарлы отырысында төл теңгемізге қатысты депутаттық сауал жолдап, онда жаңадан шыққан 500 теңгелік банкнотты сынға алды. Атап айтқанда, жаңа теңгеде бейнеленген Астанадағы "Москва" бизнес орталығы Тәуелсіз Қазақстан үшін еш символдық мәні жоқ екенін мәлімдеді.
Жыл сенаторы – Нұрлан Қылышбаев. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев. Сенатор биыл қазан айында Үкіметтен Қытайдағы қазақ диаспорасына қысым көрсетілуі жайлы ақпаратты тексеруді сұраған болатын. Депутаттық сауалға басқа мемлекеттердің азаматтығын алған қазақ ұлты өкілдері құқықтарының шектелуі туралы мәселе түрткі болды. Өйткені Қытайда қазақ диаспорасы ең көп шоғырланғаны белгілі.
Жыл министрі – Дәурен Абаев, медиа саласының дамуы мен елімізді интернеттендіруге қосқан елеулі үлесі үшін. Өзі кәсіби журналист болғандықтан да Дәурен Абаев еліміздің ақпарат саласына жақсы өзгерістер енгізуде. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын табысты жүргізіп келе жатқан Дәурен Абаевтың бастамшылығымен таяуда БАҚ, соның ішінде интернеттік ақпарат құралдары үшін елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізген заң қабылданды.
Жыл әкімі – Бауыржан Байбек пен Алтай Көлгінов.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек оңтүстік астананың дамуына елеулі үлес қосты. Алматының ажарын арттыруда бірқатар жұмыстар атқарылды. Идеологиялық салада да Рухани жаңғыруда Алматы қаласы алдыңғы қатардан табылды. Әсіресе, Наурыз мейрамында Б.Байбектің пәтер кілтін алып тұрып, Ресей тілінде сөйлеген қазақ қызына «Қазақша сөйлеу керек» деп, ақыл айтқаны «Қазақ үні» сайтында бірден 20 мыңға жуық адамның оқып, қолдауына ие болды.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әкономикалық-әлеуметтік тынысын арттыруда көп үлес қосуда. Орал қаласының тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи дамуына басымдық беруде. Жас әкімнің назарынан өңірдің ешқандай жері шет қалмауда, Түкпірдегі аудандарға да барып, биыл Рухани жаңғыру жылы 20 жыл бойы мәдениет ошағы салынбаған ауылға да Мәдениет үйін салдырды.
Жылдың тіл қайраткері – Руза Бейсенбайтегі мен Оғыз Доған.
Мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған батыл да, табанды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан күресі үшін биыл Руза Бейсенбайтегі «Тіл жанашыры» Құрмет белгісіне ие болып, Ақордада марапатталды.
Оғыз Доған «Эйр Астана» қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуін талап етіп, аталмыш алпауыт компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты. Сот шешеімімен «Эйр Астана» қазақ халқынан кешірім сұрап, мемлекеттік тілді білуге міндеттелді.
Жыл заңгері - Айгүл Тұрсынқызы Тұрсағұлова. Оғыз Доғанның «Эйр Астана» компаниясын мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін сотқа берген ісін қараудан екі судья бір ғана отырыстан өткізіп, бас тартты. Ал Алматы қаласы Түрксіб ауданының судьясы Айгүл Тұрсағұлова сот төрешісі болып, істі қолға алғаннан іс объективті жүргізіле бастады. Алғашқы сот отырысында-ақ, сот «Эйр Астана» қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруін тексеру үшін оқиға блған күнгі бортсеріктерді келесі отырысқа шақыртты. Олардың қазақ тілін білмейтіні анықталып, ақыры іс Оғыз Доғанның пайдасына, яғни, мемлекеттік тілдің мүддесіне шешілді. Сот төрешісі Айгүл Тұрсынқызы «Эйр Астана» қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуін міндеттеп, қазақ халқынан кешірім сұрау туралы шешім шығарды.
Жыл адвокаты – Абзал Құспан. Оғыз Доғанның «Эйр Астана» бортсеріктерімен болған дауын біле сала, «Мен Оғыз Доғанға қорғаушы болып, сотта жеңуіне кепілдік беремін» деп мәлімдеген әйгілі тіл қорғаушы адвокат Абзал Құспан өз айтқанын іс жүзінде дәлелдеді. Шеберлікпен шегелей берген Абзалдың бұлтартпас дәлелдеріне қарсы тарап ешнәрсе дей алмады. Сондай-ақ, Қытайдан Қазақстанға көшіп келмек болғанда шекаралық тексеру кезінде 50 мың долларға жуық бар жиған-терген ақшасынан айырылып қалған Гүлжан Мәуітханқызына қатысты сот отырысын соңына дейін жеткізіп, оралман қандасымыздың мүддесін қорғап қалды.
Жылдың мемлекеттік қызметкері – Нұргүл Қарағойшина. Бас прокурордың кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина Коммуникациялық қызмет орталығында өткен Бас прокуратураның Рухани жаңғыруға байланысты брифингінде тек мемлекеттік тілде сөйледі. Орыс тілінде сұрақ қойған журналиске Ресей тілінде жауап беруден бас тартып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерді. Бас прокурордың кеңесшісі бұл ісімен мемлекеттік мүддені қорғауды және заңды сақтауды іс жүзінде көрсете білген нағыз мемлекеттік қызметкердің үлгісін көрсетті. Нұргүлдің айтуынша, "Прокурордың бірінші міндеті - қазақ тілін білу" болып табылады.
Жыл қайраткері – Геройхан Қыстаубай пен Айдын Егеубаев.
Қоғам қайраткері Геройхан Қыстаубай ұлт мүддесіне байланысты бірнеше сот істеріне белсене араласты. Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ұлтаралқы араздықты қоздырды деген негізсіз айыппен сотқа тартылған төрт қазақтың ісіне қоғамдық қорғаушы ретінде араласпы, оң шешілуіне ықпал етті.
Айдын Егеубаев жер қорғауда табанды күрес жүргізуде. Жер мәселесіне қатысты жарияланымдары үшін сотқа тартылуда.
Жыл ректоры – Ғалым Қайыр Мұтанов. Академик Ғалым Қайыр Мұтанұлы басқарып отырған қазақ білімінің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті QS World University Ranking рейтингі бойынша әлемдегі ең озық жоғары оқу орындарының қатарынан табылды. Оқу ордасында Рухани жаңғыру орталығы ашылып, өнімді жұмыс істеуде.
Жыл ұстазы – Әбдімәжит Өтеш пен Аятжан Ахметжан.
Өнегелі өмірін балалардың білімін жетілдіруге арнаған Әбдімәжит Өтеш биыл 17 қарашада Алматыдағы №178 мектеп-лицей директоры болып жүріп, алпысқа толуға бір жыл қалғанда қайтыс болды…
Әбдімәжит Өтешті жақсы білетіндер ол қай мектепке ауысса да, балаларын сол мектепке ауыстырып, артынан еріп жүретін еді. Оның жемісі – жетістігімен оқып жатқан және мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнын аяқтап, үлгілі еңбек етіп жатқан ұл-қыздар! Өйткені, Өтеш Әбдімәжит қай мектепке ауысса, кез келген артта қалған мектеп болсын, әйгілі физика-математика мектептері болсын, дүр сілкініп, биік белеске көтеріліп шыға келетін еді… Еліміз бойынша ең үздік мектепке айналатын еді… Өтеш Әбдімәжиттің балалардың білімін арттыруға сіңірген орасан еңбегі ұмытылмай, серіктері мен шәкірттері арқылы жалғасын таба береді деп сенеміз!
Аятжан Ахметжан білім саласындағы күрделі мәселелер бойынша жарияланымдары мен жемісті істері үшін ел ықыласын иеленді. Ол биыл бірнеше рет өзінің Астанадағы білім орталығында жоғару оқу орнына дайындау мақсатында мектеп оқушылары үшін тегін дәрістер өткізді, Әсіресе, Аятжанның балаларын орыс мектептеріне беретін ата-аналарға аяушылық ақылы қоғамның зор ықыласын аударды. Бұл мақала «Қазақ үні порталында үш тілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланды.
Жыл актері – Дуылға Ақмолда биыл "Сахнагер - 2017" ұлттық театр сыйлығының лауреаты атанды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының ұжымы «Ұлы Дала Елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламамен «Ақтастағы Аxико» спектаклін Токиода жапондықтардың назарына ұсынған-ды. Жапонияда аншлагпен өтіп, жергілікті халықтың жанарына жас алдырған спектакльде басты кейіпкер Ахиконың бейнесін Дулыға күшті сомдады. Атап өтерлігі, Дулыға "Оралман" фильмінде де басты рөлді сомдап шығып, аталмыш рөлі үшін Қазан қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде "Үздік актер" атанған болатын.
Жыл режиссері - Сәбит Құрманбеков. Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені - "Азияның үздік фильмі" жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдің «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бақ сынады.
Жыл әншісі – Димаш Құдайберген, халықаралық ән байқуындағы жетістіктері үшін. Қытайда өткен "Мен әншімін" халықаралық ән байқауында екінші орын алып, ерекше дауысымын миллиардтарды баураған Димаш, бүгінде халықаралық аренада үлкен сұранысқа ие жас талант. Сондай-ақ, ол ағымдағы жылы музыка әлеміндегі ең беделді сыйлықтың бірі - MTV Music Awards марапатына ие болды.
Жыл сазгері – Дүйсенхан Сыздықов композиторлық шығармашылық жетістіктері үшін. Дүйсенханның соңғы жазған әдемі әндерін әйгілі әншілер орындаған Алматыда өткен «Гүл сыйлайық анаға» атты ән кеші биыл табысты өтті.
Жыл суретшісі – Тоққожа Қожағұлов пен Бақытбек Мұхамеджанов
Суретші Тоққожа Қожағұловтың Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Орталық көрмеде өткен «Үнсіз музыка» атты жеке шығармашылық көрмесі өте табысты өтті. Тоққожаның әсіресе, портреттік жұмыстары ел ықыласын аударып келеді.
Мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов биыл Алаштың 100 жылдығында Алаштың ордасы болған Семейде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш жасады. Ал Атырауда әйгілі "Дос-Мұқасан" ансамблі мүшелеріне ескерткіш кешенін тұрғызды.Жыл дәрігері – Салтанат Байғошқарова. Қазақстанда экстракорпоральды, яғни, денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) зертханасын алғашқы болып ұйымдастырып, ашқан репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымының докторы Салтанат Байқошқарова медицина саласында үлкен жетістіктерге жетті. Ол бүгінде "Экомед" адам ұрпағын өрбіту емханасының жетекшісі. ДТҰ саласындағы ерен еңбектері үшін ағымдағы жылы Салтанат Байқошқарова Қазақстанның "100 жаңа есімі" тізіміне кірді. «Алаштың 100 ізбасары» атағына да ие болды.
Жыл ғалымы – Рәтбай Мырзақұлов. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, физика математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов Қазақстан ғылымының қарқынды дамуына қосқан өлшеусіз үлес үшін жақында ғана Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолынан Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Жыл журналисі – Ермұрат Бәпи, «ДАТ» жобасында жарияланған қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өткір сындары үшін. Ермұрат елдік мақсатта, мемлекеттік және ұлттық мүдде тұрғысында Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыруға бірге тізе қосып, латын әліпбиін енгізуге өз үлесін қосты.
Жыл порталы – Қамшы сайты. Ұлттық мүдделерді қорғауда және рухани шараларды іске асыруда «Қамшы кз» сайты атына сай қамшы салдырмай алда келеді. Белгілі журналист Біләл Қуаныш басқаратын, биыл шыққанына 5 жыл толған «Қамшы» порталы қаңтар айында «Алашорда – 100 жыл» жалпыхалықтық 5 шараны іске асыратынын жариялаған болатын. Сайт осы 5 іс-шараны да табысты өткізді.
Жыл меценаты – Рухани дүниелерге қамқор болып жүрген Әбдімәжит Сыздықбеков Алаштың 100 жылдығында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында Алаш арыстарына арнап халықаралық конференция өткізді. Алаш аллеясын ашты.
Жыл кәсіпкері - Хадиша Бижан мен Нұралы Әбішев. Алматыдағы "Бижан" ет өнімдері комбинаты президенті Хадиша Бижанова биыл өнімді еңбегі үшін Елбасы қолынан "Алтын сапа" сыйлығын алды. Хадиша Нұртайқызы ОҚО Арыс ауданы Байтоғай ауылындағы мектепке спорт кешенін салып берді.
Нұралы Әбішев өңірдің экономикалық-әлеуметтік саласын дамытуға үлес қосқаны үшін. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаты Нұралы Әбішев басқаратын «Комбиқұрылыс» компаниясы облыста ет дайындау зауыты мен сүт өнімдерін шығаратын заманауи жаңа зауытты іске қосты.
Жыл спортшысы – Айбек Нұғымаров. Айбек биыл Ашхабадта өткен Азия біріншілігінде қазақ күресінен Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, ол елордада өткен "Әлем барысында" жеңімпаз атанып, қазақ күресінің нағыз үздігі екенін дәлелдеді.
Жыл диаспора үздігі – Өмірхан Алтын. Германиядағы қандасымыз Өмірхан Алтын биылғы Дүниежүзілік Қазақ қауымдастығының құрылтайында Елбасы алдында Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтерді.
http://www.qazaquni.kz/2017/11/13/77388.html