Иманғали Тасмағамбетов Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті
2017 ж. 21 желтоқсан
3830
3
Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов мырза Ресейдің 30-дан аса аймағында орналасқан қазақ диаспорасы қоғамдарының басшы өкілдерін қабылдады.
Үш-төрт айда жөнделіп-жаңаланған, Елшілік ғимараты патша сарайындай болыпты.Қай істі қолға алсада, көпшілік ойынан шығатын Иманғали мырзаның нәтижелі жұмысына риза болдық.Салтанатты сарайға тән, Елшілік қызметкерлерінің мінез-құлқыда өзгерген, екі метрлік биік есіктерді алдымыздан айқыра ашып иіліп жастық , жайылып төсек болып жүгіріп жүр.
Елші мырзаның өткен туған күніне, Еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне арнаған сыйлықтарымызды протокол бойынша Елшінің көмекшілеріне тапсырып, жиынға арналған өзі кең , әрі әдемі жабдықталған бөлмеге кірдік. Бөлменің бір қабырғасында Елтаңба мен ту тұрса , қарама-қарсы қабырғада шведтердің әскерін қырып салып,орыстардың аяқтарына басын игізген Қасымханның орыс дворяндары мен княздарының ортасында құрметке бөленіп тұрған тарихи сурет салыныпты.Тарихты жақсы білетін Елші мырза, бұл суреттің де қысқаша тарихын айтып берді.
Елші мырза, жиынды қонақтармен жеке танысудан бастады.Биылғы жылғы бас қосудың ерекшелігі жиын қазақ тілінде өтті.Протокол бойынша, бірінші сөз, Ресейдегі қазақ диаспорасының жұмысы жайлы, Ресей Федерациясындағы Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Дусенбаев Токтарбай Кадыргалиевичке берілді. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» дегендей, Ресейдің 30 аймағындағы орналасқан қазақтарға отыз түрлі көзбен қарайтын, Басшымыз бас ауырып отырғандай, даусы шықпай, орыс тілінде мардымсыз сөйледі. Көтеріңкі дауыспен сөйлеуін сұрасақта есеп беру жұмысы туралы маңызды ештеме айтып, түсіндіре алмады. Сөзінің соңында, Ресей жеріндегі қазақ тілінің дамымауы Ресейде қазақ мектептерінің жоқтығынан деп, тоқтады.Осы тұста Елші мырза, Қазақстанда мектеп болсада қазақ тілінде сөйлемейтін қазақтар бар екенін, ана тілін білу, ол тілде сөйлеу әр қазақтың намысына , жеке адами қасиетіне байланысты екенін айтты. Елшінің тамаша мысалдар мен әдемі мақалдарды келтіре отырып сөйлеген сөзі бәрімізге ұнады.
Орыс жеріндегі тіліміздің жағдайы туралы жарыс сөз басталып та кетті.Сөз сөйлегендердің екіншісі болып менде өз ойымды айттым.Тіліміздің дамуы отбасына, әсіресе отбасының анасына байланысты екенін айта келіп: Мәскеу қазақтарының ана тілі мүшкіл халде. Бес қазақ бас қоссақ та, екі қазақ жолықсақ та, орысша шүлдірлесеміз. Балаларымыз ана тілін білмейді.
Олардың бас қосатын жері де жоқ, ресторан, кафе мүлде жоқ. Басымызды ауыртып, балтырымызды сыздатқан осы жайтты биыл жазда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында айтқымыз келген. Бірақ соны айтатын Мәскеудің ұсынған делегатын Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының экс-бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырза менсінбей, оның орнына қазақстандық азаматты жіберді. Олар Мәскеу қазақтарының мұң-мұқтажы, тағдыры туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Себебі белгілі ғой, «жаны ашымағанның қасында балтырың сыздамасын» деп бекер айтылмаған. «Тоқтарбай мырза оң құлағыңызды салып тыңдаңыз!» дедім.
Ол басқа әңгіме. «Ана тіліміздің халі мүшкіл екен» деп қарап отырған жоқпыз. Әріге барсақ, 2004 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан – атажұртым, ана тілім - қасиетім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиада Қазақстанның әр қаласында өтіп келеді. Осы олимпиадаға Мәскеудегі қазақ балаларын оқытып, алғашқы күннен өз қаражатымызбен қатысып келеміз. Соңғы екі жылда аталған олимпиадаға мәскеулік балалар қатыспай қалды, Қазақстандағы «Дарын» орталығы дер кезінде шақыру жібермейді.Бұл Мәскеудегі нағыз тіл жанашырларына көрсетілген қорлық, ана тілімізге жасалған қастандық! Осындай кезде Мәскеу қазақ диаспорасы атынан «Тіл жанашыры» атағын алып отырған екі азаматты көрмейміз? Бүкіл Мәскеуге ортақ жалғыз қазақ тілі кабинеті бар еді, оны да жауып тынды.
Мәскеуде «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау «Астана» қоры , 2016 жылы Ұлттар үйінде «Әдебиетте шекара жоқ» атты әдеби кеш өткізді. Ал биыл қарашаның 23-інші жұлдызында Алаштың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтің 80 жылдық мерейтойына орай «Бір тойым бар» атты іс-шара ұйымдастырып, ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. «Астана» қоры мәскеулік қариялар мен қазақ балаларын бірнеше рет Қазақстанның тарихи жерлерін аралатып, ұлттық рухта тәлім тәрбие беруге күш салуда. Былтырдан бастап, екінші мәрте 2017 жылы 18 қарашада Қазақстан Республикасының Мәскеудегі Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі пәні бойынша олимпиадаға да, қатысып отыр. Бұл жерде де «Тіл жанашырының» көмегі керек. Мәскеудегі «Мұрагер» қоғамы биыл 5-ші рет «Алтын күз» фестивалін өткізіп, домбыра үйірмелерін, ана тілінен тіл үйрететін оқулар өткізуде.
Мәскеуде тұратын 15 мыңға (бәлкім одан да көп) жуық қазақтардың тағдыры тәлкекке түсіп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа»-ның кебін киіп отыр. Өз ана тілімізді тұқыртуды, қорлауды қашан қоямыз? Ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Мәдениетті адам – өз ана тілін білетін адам» деген. Ал, өз тілін білмейтін, жиын-тойдың қамымен жүрген адам қалай «Тіл жанашыры» болады? Осы атаққа үміткерлерді іріктегенде көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан құрылған арнайы комиссия осыны неге көзге ілмеген? Шетелдерде қазақ мәдениетін, ана тілімізді насихаттап жүрген жандарға нағыз тіл жанашырларына қамқорлық жасайық! Мұндай құрметті атақтар берілетін кезде сырттағы жергілікті ұйым басшыларымен бірігіп, кеңесіп шешім шығарған абзал, деп сөзімді аяқтадым.
Жарыс сөз аяқталғанда, Елші мырза өзі сөз алды. «Қолың көтермейтін шоқпарды, беліңе қстырма» деген мақал бар, қазақта.Егер қазақ қоғамын басқарсаңыздар, қазақша білгендеріңіз дұрыс.Өзара бірлікте болғандарыңыз дұрыс деді.Қазіргі уақытта 300 жұмысшы ВДНХ –дағы Қазақстан павилионын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Жыламаған балаға тамақ бермес» деген.Осы павилионның жөндеу жұмысы аяқталған кезде сіздерге бір бөлме береміз деп уәде етті.Әрі осы павилионда ресторан, кафе болатынын айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның 16 әкімдігімен келіссөз жүргізе отырып, Ресейдің Қазақстан шекарасына жақын орналасқан региондарындағы шоғырланып орналасқан қазақ диаспораларына тілді оқыту жұмыстарына көмектесетінін айтты.
Жарқын Өтешова, Қазақ үні