Той өткізу үшін үйін кепілге қойып несие алған отбасы жалғыз баспанасынан айырылды
2017 ж. 19 желтоқсан
3663
18
Дүркіретіп той өткізу үшін жалғыз баспанасын кепілге қойып несие алған отбасы сол пәтерден айырылған. Бұл туралы белгілі тележурналист Жәзира Бегалы Фейсбуктегі парақшасында жазды.
Журналист өз жазбасында несие алып, той жасайтын қазақтардың қылығын сынға алады.
«Өткенде бір оқиғаны естідім, ойымнан кетпей қойды. Ерлі-зайыптылар ұлын үйлендіреді. Құдаларын күту, сый-сияпат үшін банктен несие алып, үйін кепілге қойып, елді таң қалдырып, той жасайды. Қонақтар, ағайыны аузынан суы құрып тойды мақтап жүр. Отбасы ауқатты, дәулетті көрінгісі келген екен. Бірақ несиені төлеу керек. Жалғыз баспанасын сатуға мәжбүр болған. Үйдің ақшасы банктегі қарызын төлеуге жетпеген көрінеді. Екі айдан бері пəтер жалдап тұрады. Той өткеннен кейін сыпайы, инабатты келіні бетпердесін шешіп, ата-енесімен ұрсысып, күйеуін жетектеп, пәтерге көшіп кетіпті. Ерлі-зайыптыларды осы жағдайға итермелеген не? Қалтамызға қарап той жасауға неге намыстанамыз?» депті Жәзира Бегалы.
Сондай-ақ, ол өз туыстарының да осылай «намысқа тырысып» жатқанын айтқан.
«Кеше тағы бір тойға дайындықты талқыладық. Отбасының тойханада қонақ күтетін жағдайы жоқ. Бірақ намысқа тырысып, тағы бетперде киюге бел будық. Əйтпесе, құдалардан, елден ұят болады. Олармен бірге мен де бетперде киіп, тұншығып кеттім. Турасын айтып, ешкімге жақпаймын. Бетперде киген тиімді екен. Əркімнің əңгімесін тыңдап, өзіме біраз пайдалы кеңес алдым» деп жазады журналист.